18.02.2021, 9:45
Қараулар: 15
Ақжайықтың бір байлығы — орманы

Ақжайықтың бір байлығы — орманы

«Орман — елінің дәулеті, жерінің сәулеті»  — деп халқымыз  бекер айтпаған. Осы баға жетпес табиғи байлықты күзету, қорғау, мемлекеттік орман қоры аумағындағы орман өсіруді, оларды қорғау шараларын, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысатын мекемелерге жүктелген. Ауданымызда мұндай екі мекеме болса, біреуі — Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Мұнда мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 30306 гектар, ал оның тал-терекпен көмкерілгені 8193 гектар алқапты құрайды.

Өткен жылы 35 га жерді жаңа екпелермен көгертсек, бұл танапқа 104 мың, толықтыру жұмыстарына 16 мың көшет егілді. Екпе көшеттерінің барлығы өз тұқымбағымыздан таратылғаны – жас талды баптайтын мамандардың маңдай тер еңбегі. Жасыл даму бағдарламасын іске асыру мақсатымен елді мекендерді көгалдандыруға ауыл мекемелеріне 600  дана көшет берілді.

Айта кету керек, көлемі 3 га тұқымбақ  жылма-жыл қажетті тұқым ағаштарымен өз мекемемізді қамтамасыз етеді. Айталық, былтыр мұнда 755 келі тұқым егілді. Біздің аймақтың климатына бейім қара ағаш, жиде, үйеңкі, шаған тұқымдары уақытында жиналып, тазартылады. Сосын Қостанай аумақтық тұқымды зерттеу станциясына жіберілді, мұнда жасалған зерттеу қорытындысы бойынша шаған -2 класс, жиде — 1 класс, үйеңкі-1 класс, қара ағаш- 1 класс, сексеуіл-2 класс болып анықталды. Алдағы уақытта осындай көшет түрлерін көбейту мақсатында жұмыстанудамыз.

Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі бойынша мемлекеттік орман қор жерінде күтіп-баптау және санитарлық кесу барлығы 86,3 га жерде1904,0 м3 көлемінде ағаш кесу жұмыстары жүргізілді.

Орман жауының бірі- өрт. Мемлекеттік орман қоры аумағында өрттің алдын алу мақсатында Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне өрт сөндіру бекетін құруға бюджеттен қаражат бөлініп, 10 сарбаз өрт сөндіру жабдықтарымен және құралдарымен қамтамасыз етіліп, 15 сәуірден бастап 15 қазанға дейін жұмыс жасады. Сонымен қатар орман өртінің алдын алу мақсатында 2 шақырым алқап минералдандырылып, 721 шаршы км жерде күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Орманның санитарлық жағдайы да үнемі бақылауда. Былтыр 800 га аумақта орман зиянкестерін анықтау мақсатында патологиялық тексерістер жүргізіліп, 105 шұңқыр қазылды. 15 шақырым жерде  орман орам соқпағын кесу жұмыстары жүргізілді.

Орман қорын қорғау бағытында жыл басынан барлығы 149 рейд жүргізіліп, 30 табиғатты қорғау заңнамасын бұзу деректері анықталды. Заңсыз ағаш кескендерге 1 хаттама толтырылса, өзге де табиғат қорғау заңнамаларын бұзғаны үшін 29 тұлға әкімшілік жауапкершілікке  тартылды. Оларға 285356 теңге айыппұл салынды, келтірілген зиянды 21200,1 теңге тұрғындар өз еріктерімен төлеп, өндірілді.

Біздің мекеме тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен тығыз байланыс ұстаудың нәтижесінде қайырылымдық шараларына белсенді қатысып келеді. Өз мекемеміздің ардагерлерінің жайы да – әрине, басты назарымызда.

Қазақстан Республикасының  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында «Экология және биологиялық әркелкілікті қорғау жөнінде қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұр» делінген. Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді-мекендерге 15 миллион ағаш отырғызуға тапсырма берілді. Бұл елімізді көгалдандыру ауқымын кеңейтуге ықпал етері сөзсіз. Осындай ауқымды жұмыстарға мемлекеттік орман қоры жеріне екпе  ағаш отырғызу үшін жерлерді ұлғайтып, тұқым бақтағы екпе көшеттері көбейту жұмыстары қолға алынып жатыр.

Табиғат ана алдындағы борышымыз, парызымыз бізді зор жауапкершілікке үндейді. Жасыл желекке жанашыр тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен бірлескен істің берекесі де мол болмақ.

 

Құрманғазы ҚУАНШАЛИЕВ,

Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры