18.02.2021, 9:46
Қараулар: 19
Берекелі бетбұрыс бар ауылданбыз

Берекелі бетбұрыс бар ауылданбыз

Биыл – ел Егемендігіне 30 жыл. Тарих үшін қас-қағым уақыттың ішінде мемлекетімізде жарқын жетістіктермен айшықталған, халықтың игілігін еселеген ауқымды жұмыстар жүргізілді. Соның ішінде ауыл тұрғындарының тіршілік-тұрмысын түлетуге бағытталған жоба-бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылғаны, әлі де жалғасуы – алтын тұғыр-атамекеніміздің бүгіні бекем, болашағы кемел болатындығының кепілі.

Мен де қарапайым қазақ ауылында дүниеге келіп, есейіп-ержеткен азаматтардың бірімін. Тамырымыз туған жерден ажырамаған біз секілді азаматтар 30 жылда ауылда орын алған жақсылықтарға тәу етіп, берекені еселеуге бар күшін салатыны анық.

«Өткендерін ескерген — өскендіктің белгісі» — деген халық мақалы бар емес пе. 1991 жылдардың сергелдеңі көпшіліктің әлі есінде. Тарап кеткен ұжымшардағы ағайын жұмыссыз қалса, әупірімдеп қызметін сақтап қалған санаулылардың өзі айлап, жылдап жалақы алмады. Қарияларымыз зейнетақыларына жете алмай зарықты. Киер киім, ішер тамақтан тарыққаны да – сол күндердің шындығы. Қашан да талай тауқыметті көтеріп, тар жол тайғақ кешкен халық қанша қиналса да,  шыдады. Тұрмысы тұраласа да, егемен ел еңсесін тіктеп кетсе екен деген тілек көпті біріктіріп, серпілтті. Анталаған ашкөздер мемлекеттігін енді алған Қазақстанның құлдырауын тілегенімен, елдің бірлігінің, халықтың еселі еңбегінің арқасында қарыстап емес, қарыштап ілгеріледі. Ол күндер де тарихқа айналып, уақыт өте келе білім саласы, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік басқару жүйесі, медицина т.б. Тұңғыш Президент  — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгер, көреген саясатының арқасында біртіндеп орнықты даму жолына түсті. Ұлт Көшбасшысының «Мемлекеттің діңгегі-қазақ халқы. Ел де, жер де қазақтікі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойынында» деп айтқаны да қаймана елге жігер беріп, алға жетелеген еді.

Осыған байланысты ауылда мал шаруашылығымен айналысып, шаруамды дөңгелетемін, жеке кәсіп ашамын дегендерге барлық жағдай жасалып, мемлекет бағдарламалары арқылы несие алып, мал басын асылдандырып, техникасын жаңалап, қырдағы тірлігін ширатты, әлі де даму үстінде.

Бүгінде орда бұзар жасын тойлаған тәуелсіз ел өз дара бағытын сараптап, өз жоспарын бағамдай алады. Оған мысал ретінде өз ауылымызда болып жатырған берекелі істерді қуана айта аламын.

Осыдан 9 жыл бұрын Көнеккеткен ауылында еңселі  мектеп бой көтерсе, бір жыл өтпей жатып округ тұрғындары отынның азабынан құтылып, көгілдір отынның игілігін көрді. Оның артынан көп кешіктірмей ана, апа, келіншектер қолдарын жылы суға малып, құбырмен әр үйге жеткен суға да қуанды. Ауыл азаматтары да игі істерден шет қалмай, туған мекенінің келбетін келістіруге қолда барын аямай, жұмыла бірігуде. Айталық, 2017 жылы Елбасының «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында мектебімізде «Туған жер», «100 кітап», «Тарихи тұлғалар» жобалары қолға алынып, оқушылардың бойында отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына қызмет етсе, жомарт жерлестер, шаруа қожалық жетекшілерінің қаржылай қолдауының арқасында «Туған өлке – тұнған шежіре» атты тарихи-өлкетану музейі жасақталды. Ал кіндік қаны Көнеккеткенде тамып, кейін ұлттың ертеңі үшін еңбек етіп, жазықсыз жазаға тартылған, аты алты алашқа аян Ораз Исаевтың 120 жылдығын туған елі лайықты атап өтті. Ұрпаққа ұлағат берер мазмұнды шаралар ұйымдастырылып, мектепте сол күндердің жәдігерлерімен көрерменін өткенге үңілтетін көрнекті музей-бөлме жасақталды. Мемлекеттік бағдарламаға сай бұқаралық спортты дамыту мақсатында  спорт алаңы салынса, жақсы істің жанынан табылар түлектердің көмегімен күрес кілемі алынды, мұз айдыны жасақталуда.

Замана көшіне ілескен ауыл тұрғындарының қалауы орындалып,  көптеген ауылдар талшықты оптикалық интернет жүйесіне қосылып, ғаламтор кеңістігін меңгерді. Әлі де талпынатын тұстарымыз көп. Айталық,  көпшілік елдерде интернеттің жылдамдығы 3G деңгейінде немесе мүлдем жоқ. Індет елеңдетіп, студенттер мен оқушыларды қашықтан білім алуға мәжбүрлеген шақта ғаламтор толықтай қолжетімді болуы үшін 4G форматына қосылудың маңызы зор. Елімізде қолға алынған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл мәселенің шешімі таяу арада табылады деп есептеймін.

Ертеңін ойлаған қай мемлекет те ұрпақ тәрбиесі, жастардың мүмкіндіктерін арттыруға зор көңіл бөлері сөзсіз.  2009 жылдан бері жолға қойылған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы ел болашағы жастардың өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып, баспана алып, өмірден орындарын табуларына, сондай-ақ ауылға қажет мамандарды тұрақтандыруда тамаша мүмкіндік болғаны рас.

Қашан да халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, береке-бірлік бастауы екені даусыз, ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы. Басты мақсат – ел тәуелсіздігін баянды ету, озық елдердің деңгейінде даму болса, осы бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жасалып жатқанын бір ауылдың көрінісінен ғана дәлелдеп беруге болады. Бір ғана мысалмен айта кетер болсам, халықтың көптен бергі тілегі биліктің құлағына шалынып,  өзіміздің ауылымызға соңғы үлгіде Мәдениет үйі мен аурухана ғимараттарын салу жоспарланды.

Осы жетістіктеріміздің барлығы – Тәуелсіздіктің жемісі. Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік мұраттарға қол жеткізді.

Ал егеменді елдің бағын бекем ету жолында әр азамат белін буып, еңбек етуі қажет екені шүбасыз. Мен де аудандық маслихат депутаты ретінде «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының алға қойған міндеттерін іске асыруда аянбай қызмет етіп, білік пен білімімді, өмір мен еңбек жолымдағы тәжірибемді ұштастырып, ауданымыздың дамуы жолында өз үлесімді қосамын деп айта аламын.

Нұрлан ЕСБОЛАТОВ,

аудандық маслихат депутаты