18.02.2021, 9:47
Қараулар: 25
Жаңбырлатып суару – мол өнімнің кепілі

Жаңбырлатып суару – мол өнімнің кепілі

Жылдан жылға су қоры азайып, шабындықтан құнарлы көк жинаудың өзі малшыларға біраз қиындық туғызуда. Апта сәрсенбісінде осы мәселелер төңірегінде аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың төрағалығымен семинар-кеңес өтті. Кеңеске тиісті мекеме басшылары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының  Ақжайық ауданындағы филиалының, «Ақжайық Агро» серіктестігінің өкілдері және облыстан арнайы шақырылған  бірқатар  сала басшылары қатысты.

Алдымен сөз алған аудан әкімі  өңірдегі қалыптасқан ахуалмен таныстырды. «Өздеріңіз білесіздер, бірнеше жыл қатарынан орын алған  қуаңшылық,  шөптің бітік шықпауы төрт түлік мал өсіріп отырған ағайын әбігерге салды. Ауданымыз бойынша мал шаруашылығы қарқынды даму үстінде, Жылқы, қой, ірі қараның саны жылдан жылға артып келеді. Әрине,  бұл осы іспен айналысып отырған қожалық иелері мен оның жұмысшыларының маңдай терінің нәтижесі. Бүгін облыс орталығынан келген арнайы мамандар сіздерге жерді игеріп, үнемді суару жолдарымен таныстырмақ.  Ауданымызда болмаса да, облыс көлемінде бұл тәсілді егіншілікте пайдаланған шаруалар бар.  Сондықтан бүгінгі жиынға жер телімдері су  арналарына жақын орналасқан, арнадағы суды құрылғы арқылы  тартып, екпешөп егуге мүмкіндігі бар қожалық иелерін шақырдық», — деді ол.

Жиында сөз алған «EURASIA GROUP» ЖШС менеджері Аслан Есенғалиев суармалы алқаптарға арналған жаңбырлатып суару құрылғысымен таныстырды.  Бұл құрылғы аз уақыттың ішінде 80-90 литр суды жинап алып, 75 га алқапты 24 сағат бойы жаңбырлатып, суарып тұрады. Суды үнемдеу мөлшері үш есеге дейін азаяды. Құрылғыға су тарту үшін  100-200 метр қашықтықта су көзінің болуы шарт. Ал бұған қол жеткізу үшін шаруалар үшін мемлекет тарапынан жақсы мүмкіндіктер қарастырылған.   Айталық, техниканың  50 пайызы субсидия ретінде қайтарылады,  7-10 жылға дейін несиеге рәсімдеуге де болады. Құрылғыны орнатпастан бұрын арнайы мамандар барып, жердің қаншалықты құнарлы екеніе талдау жасап шығады.

Облыстық ауылшаруашылы басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы  Қуанышқали Есімов жаңбырлатып суару микроклиматты өзгертіп, өсімдіктердің жақсы өсуіне жағдай жасайтынын, ауаның ылғалдануына байланысты өнімнің мол болатынын айтса, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚО филиалының  несие менеджері Тілек Мұқатаев  жеңілдіктермен алу жолдарын түсіндірді.

Айта кетелік, аудандағы «Сәбит» және «Нығмет» шаруа қожалықтары иеліктегі танапқа екпешөптер егіп, осы тәсілмен суаруға ниет білдіргендердің қатарында.

Асыл ҚАЙРАТ