18.02.2021, 9:48
Қараулар: 14
Жылыжайы жайқалған мектеп

Жылыжайы жайқалған мектеп

Бір кездері ауданымызда мектеп жандарынан жаппай жылыжайлар ашылып, балаларды еңбекке баулуда соны қадам жасалып еді. Әттең, мектептің өзін дәруменді көкөніспен қамтып, бөлмелерді гүлмен жайқалтататын осы орындардың жұмысы алғашқыда жақсы қарқын алғанымен, көп уақыт өтпей бәсеңдеп қалды. Ауылдағы білім ұяларының онында осындай жылыжай болса, қазір олардың тек алтауы ғана жұмыс істеп тұр. Басқаларын қайдам, бірақ солардың ішінде жұмысы облыс көлеміндегі жарыстарда  мадақтамалармен айшықталып, оқушыларға сан алуан гүлдермен, жеміс жидектерді өсірудің қыр сырын тәжірибе жүзінде көрсетіп келе жатқан С.Ошанов атындағы орта мектептің жанындағы жылыжай кешені өзгелерге үлгі болғандай. Сіз сенерсіз, мейлі сенбессіз, бірақ дәл қазір, ақпанның сары аязында осы жылыжайда қияр пісіп жатыр. Бұл деген керемет емес пе?! Осы орайда мектептің биология пәнінің мұғалімі Әлия Байбарақовамен хабарласып, бүгінгі тыныс-тіршілігіне хабардар болдық. Химия, биология пәндерінен сабақ беретін ол осы мектепте  2003 жылдан бері еңбек етіп келеді.

Бұл нысан 2012 жылы салынып, сол уақыттан бері  ол өз пәнінен тыс жұмыспен қосымша айналысып келеді. Жылыжайдың өзіне келер болсақ, оның көлемі 75 шаршы метр  іргетасы цементтеліп, қабырғалары мен төбесі әйнектелген шағын ғимарат. Жылу, жарық көздері мен су құбырлары тартылған. Жылыжайдың тазалығы, өсімдіктер мен көкөністерді уақытында суару осындағы қызметкерлер мен оқушыларға жүктелген. Мұндағы жұмыстардың мақсаты – шәкірттерге білім берумен бірге табиғатты сүюге баулу, сонымен қатар кәсіптік бағдар беру. Мектепті көгалдандыруға арналған жұмыс жоспары да бар. бұл жоспарды жүзеге асыру үшін «Тірі табиғат бұрышында» әртүрлі өсімдіктер өсіріледі. «Алуа , «Астра,» «Бақыт гүлі», «Канна», «Қазтамақ»  деп аталатын гүлдерден бастап, сан алуан бөлме гүлдері де бар мұнда. Ал көкөністерден аскөк, ақжелкен, қияр, шалқан секілді түрлері өсіріліп, бапталады.

Биология пәнінің мұғалімі қолға алған жұмыстың нәтижелері айтарлықтай, жақсы  жетістіктерге толы. Биология, технология, жаратылыстану пәндері бойынша берілген теориялық білімдерін оқушылап тәжірибие ретінде осы жерде қолдануда. Жылыжай материалдық-техникалық құрал жабдықтармен толық жабдықталған.  Зертханалық, сараптамалық жұмыстар жүргізледі. Оқушылар өсімдіктердің тұқымдастарын анықтап, жапырақтары арқылы жүйелеп  үйренуде. Тақырыптық сабақтар жылыжайда өткізіліп, оқушыларға экологиялық  жағынан тәрбие беріліп келеді.

Бұл орынға гүлдердің тұқымдары қалай келеді қалай егіледі деген сұраққа келетін болсақ , мектеп ауласына егілген гүлдердің тамырлары күзде қазан айында қазылып алынады да, сақтауға беріледі.  Бөлме өсімдіктерін өсіретін арнайы астаушалар да бар, жылыжайға келген оқушылар оларды күтіп баптап, зиянкестерден арылтады, ал көкөніс өнімдерін биология сабақтарында тірі  табиғи зат ретінде тәжірибеге пайдаланады. Көкөністер саудаға салынбаса да,  осылайша мектеп шәкірттерінің білімін толықтыру мақсатында жаратылуда.

2014 жылы Теректі ауданындағы Подстепный орта мектебінде өткен «Білім берудің инновациялық стратегиясы — мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның тұрақты даму факторы» тақырыбында  Ә.Байбарақова «Тұрғылықты орыны бойынша сыныптан тыс жұмыстар жайы және даму болашағы» бағытындағы баяндамасын оқып, тәжірибесімен бөлісті. Баяндамада жылыжайларды   биология сабақтарын тәжірибелік жұмыстар  тұрғысындағы орталық ретінде пайдалану тақырыбы кеңінен қамтылған. Сонымен қатар «Жасыл даму» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған облыстық «Мектеп жанындағы үздік оқу-тәжірибе үлескері, мектеп жылыжайдары» атты байқауға қатысып, 2-орынды жеңіп алды. Ал 2018 жылы облыстық «Үздік жылыжай» аталымында жеңімпаз атанды. 2019 жылы осы мектепте аудандық  биология пәні мұғалімдеріне және экология үйірме жетекшілеріне арналған «Экологиялық тәрбие беру арқылы оқушыларды өз өлкесі табиғатына машықтау» атты семинар өткізіліп, озық үлгі ретінде жылыжай жұмыстары танастырылған. Осындай мысалдар жылыжай тәжірибесінде жетіп артылады. Бұл, әрине, мектеп ұжымының, оқушылардың еңбегінің жемісі.

Бүгінгі таңда жылыжайда  санитарлық талаптармен сабақтар өтіп тұрады. «Мұның бәрі экологиялық білімді санаға сіңіру арқылы  оқушыларды қоршаған ортаны ластамауға, гүл мен жеміс жидектерді баптап үйренуі үшін жасалуда.  Маңдай термен атқарған еңбек зая кетпейді. Оқушылар осында көргендерін қайталап, өз үйлерінің ауласын жайқалтып, машықтануда. Бастысы, бала табиғатпен сырласып, оның тылсым сырын үйренуге талпынады»-дейді тәжірибелі ұстаз.

Әсет САҒЫНДЫҚ,

АҚСУАТ