18.02.2021, 9:49
Қараулар: 41
Қайырымдылық жасасаң…

Қайырымдылық жасасаң…

Қазіргі таңда қолда бар мүмкіндікті шын ниетіңмен пайдалана отырып, сауап алуды ниет еткендер көп. Олар осылайша қоғамға өз пайдасын тигізуді мақсат етеді. Осы тұрғыда биылғы жылды қайырымды іспен бастап, өзгелерге өнеге болатын игі іс-шараның бастауы Жамбыл ауылында орын алды. Осы ауылдың 1983 жылғы туған түлектер бастамасымен және осы мектептен білім алған қайырымды азаматтар мен азаматшалардың қолдауымен «Жамбылдың қайырымды жастары» WнatsApp мессенджерінде топ ашылып, қор ұйымдастырылды. Ауылдың мектебі –өздері білім алған ошақтарының ілгерілеуіне, білімалушылардың қажеттіліктеріне қолдан келгенше жәрдемдесуді мақсат еткен бұл топтың жұмысының нәтижесін небары бір айдың ішінде көріп қалдық.

Топтағы әрбір түлек өздерінің бар мүмкіндіктерінше қаражат аударып, әр айдың соңында игерілгендігі жөнінде ақпарат беріліп отырады деп келісілген. Қаңтар айында түлектерден түскен қаражат арнайы құрылған комиссия мүшелерімен жұмсалды. Мектебіміздегі 18 білім алушының отбасына қажеттіліктеріне орай азық-түліктер және мектепте карантинге байланысты ыстық тамақ ұйымдастырылмағаннан кейін тәтті печеньелер мен жемістер алынды. 5 оқушыға спорттық киімдер, 2 оқушының еміне дәрі-дәрмек және оқу-құралдары қажет оқушыларға қаржылай көмек ұйымдастырылды .

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің»,-деген халық даналығын ескеріп, ауылдың жастарының туған өлкеге, елге, мектебінің тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамауы көпшілікке ұран тастағандай. Өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелеп жатқан жерлестерімізге мектеп ұжымының атынан алғыс айтамыз. Болашағымыз балалардың игілігі үшін жасалған сауапты істеріңіз еселеніп қайтсын.

Венера ҒАРИФҚЫЗЫ.

М.Абдулов атындағы негізгі орта мектебінің директоры