18.02.2021, 9:58
Қараулар: 25
Жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіретін кез келді

Жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіретін кез келді

 Қуаныш  ҚҰСАЙЫНОВ,

 ауыл шаруашылығы саласының  ардагері,
ауыл шаруашылық  ғылымдарының  кандидаты,арнайы беттің қоғамдық  редакторы

 

Кооператив жұмысын ширату керек

Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы республи-калық басылымдарда көп жазылып жүр. Өте дұрыс пікірлер, орынды  ұсыныстар  айтылуда.

Енді, міне, облыстық газеттің айқарма бетін осы тақырыпқа арнап отырмыз. Өз басым бұл жұмыста ауыз толтырып айтатын жетістіктер жоқ екенін жақсы білемін. Керісінше, бар ақпараттардың өзі ала-құла. Кооперативтердің сапалары қандай? Толық мәліметтер не-ге жоқ? Ал бар-жоғы 205 кооперативтің 80-ге жуығының жұ-мыс істемеуін қалай түсінуге болады? Әсіресе, мал ұстап, егін егетін, олардың өнімін арттыру жолында жұмыс істейтін кооперативтер көбірек болуы керек деп есептеймін. Бұған негіз болатын жағдай да бар емес пе?

Әрине, олардың арасында бірен-саран жеке кәсіпкер немесе жеке шаруашылық құ-
рып кететіндер бар шығар.  Бірақ көбінесе ауылда мал ұстау қиындап бара жатыр.
Су және мал азығының тап-шылығы жиі айтылады. Неге мал азығымен шұғылданатын (егетін, өсіретін, шабатын, дайындайтын, сататын) бөлек шаруашылық (кооператив) құр-
масқа? Басқа да мақсатта кооперативтер құрып, халықты біріктіруге болады ғой. Әрине, бұл күрделі жұмыс. Халықпен жұмыс істеу, тіпті заң талаптарын ұйымдастыру жолдарын түсіндірудің өзі оңай емес.

Кооператив облыс орталығында емес, ауылда құрылады, сонда жұмыс істейді. Сондық-тан ауыл әкімдеріне байланысты жұмыс көп. Кооперативті ұйымдастыруға ұйытқы болу керек. Заңда солай жазылған. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өз кезегінде бұл жұмыспен жүйелі жұмыстануы шарт. Тек ақпарат жинамай, оның өзінде тиянақты жүйеге келтіріп, сұрыптап, қорытынды шығарып, шара алатындай болғаны жөн.

Сөз басын «Ұйымдасқан ұтады» деген нақылдан бастасақ. Себебі бүгінде ауылдағы ағайынның берекесін арттырып, ынтымағын нығайтуда жеке қосалқы шаруашылықтарды (ЖҚШ) бірік-тірудің маңызы зор болып отыр.

Ауылда  тұратын ағайын қосалқы шаруашылығын жүргізіп, мал ұстайды.  Қазіргі нарық заманында малын ішер ас, киер киімге жаратып отырғандықтан,  от-
басының табысын арттырғысы келеді. Алайда мал бағу оңай емес, өзіндік қиындығы бар. Алты ай қыста күтімін жасап, жем-шөбін дайындау, өнімінен пайда табуда күрмеулі мәселелер жиі кездеседі. Осы себепті мал бағудың машақатынан бас тартатындар да бар. Ал олар ауылда тұрып мал өсірмесе, бара-бара қалаға қарай көше бастайды. Сондықтан ауыл шаруашылығын сақтап, халықты ауылда тұрақтандыру үшін сол жердегі өнді-
рісті жандандыру қажет. Ал өндірісті қалай жандандыру керек? Мәселен, ет және сүт өңдеу цехтарын ұйымдастыру үшін көп мал керек. Әрине, бұл бағытта жұмыс істейтін шаруа қожалық-тары, серіктестіктер  немесе жеке кәсіпкерліктер құрылуда. Бі-
рақ мал санының 30-40%-ы жеке қосалқы  шаруашылықтардың қолында екенін ескерсек, олардың әлеуетін пайдаланып, тиімділігін арттырған жөн. Ол үшін жеке қосалқы шаруашылықтардың күшін біріктірмесе, олардың жағдайын жасау қиын. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында атап өткен еді. «Горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында», – деді Президент. Айта кету керек, бүгінде облыста 76 098 аула болса, оларда ірі қара малының  32%-ы және қойдың 46%-ы (ұсақ мал) бар.

Қазіргі уақытта ауылдардағы жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіруде  кооперацияның алар орны ерекше. Біріншіден, зәкірлік кооперация ұсақ және
орта шаруа (фермерлік) қожалықтарының және/немесе ауыл шаруашылығы кооперативтерінің және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері бар басқа да үміткерлердің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін өсіру және өнімдерді кепілдік-
пен өткізу мақсатында орта және ірі АӨК субъектілерімен әріптестігі болғандықтан, жеке қосалқы шаруашылықтар кооперативтерге бірігіп қатыса алады. Кооперативтер қауымдастықтарды немесе одан да үлкен кооперативтерді құруына болады.

Бүгінде облыстағы Казталов және Тасқала аудандарында «Мясное индустрия» мен «Тасқала Ет BKO» ЖШС-лары,  Ақжайық және Жаңақала аудандарында мал бордақылау кешендері асыл тұқымды бұқаларды жалға беріп, зәкірлік кооператив негізінде облысымыздың шаруашылықтары және кооперативтерімен жұмыс жасауда. Зәкір-
лік кооперацияның сүт және ет өңдеу кәсіпорындарының және мал бордақылау кешендерінің қуаттылығын артыруда маңызы зор.

Екіншіден, жеке қосалқы шаруашылықтар өздері бас қосып, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін (АӨК) құра алады. Онда олар мал бағу, пішен шабу секілді маусымдық жұмыстарды ұйымдастыра алады. Облыста көбінесе тік (вертикальді) кооперация құрылған. Яғни ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері (АӨК) жеңілдетілген несие арқылы мал сатып алып, алған өнімді одан әрі тиісті кешендерге өткізу арқылы пайда тауып келеді. Қазір өңірде 205 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тіркелген. Соның ішінде 125-і жұмыс істейді. БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Жандос Шайжановтың сөзінше, жұмыс істемей қалған АШК-лердің арасында жаңадан құрылып, ұйымдастыру қабілеттерінің болмауына байланысты тоқырап тұрғандары да бар. 2017 жылы «Береке» бағдар-
ламасы шеңберінде мал бордақылау үшін несие берілгені белгілі. 2017 жылы кооперативтермен бордақыланған бұқашықтарды 1000 бастан жоғары бор-дақылау алаңдарына, ет өңдеу кәсіпорындарына немесе өзінің мал сою пунктінде сойылған кезде әр бұқашық басына 20 мың теңгеден субсидия төленген еді. Қазір мұндай қолдау жоқ. Сол кезде мал бордақылаумен айналысу үшін құрылған 27 кооператив  қазір тоқтап тұр екен. Қазір тұқымдық түрлендірумен, өсімдік шаруашылығымен айналысатын кооперативтердің  жұмысы жүруде.

Бүгінде АӨК үшін үлкен мәселе – ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерге қол жеткізудегі қиындық. Олар мұндай жер алу үшін жалпы конкурсқа қатысуы керек. Осы мәселе шешілетін болса, бұл кооперативтердің де қанат жаяры сөзсіз. Себебі оларға конкурста ірі кәсіпорындармен қатар бәсекелесу оңай емес. Өндірістік кооперативтерге жер ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін конкурс негізінде
10 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен берілуі мүмкін.

Үшіншіден, жеке қосалқы шаруашылықтары тұтыну кооперативiне біріге алады. Бұл кооперативке жер  тұрғындардың мал жаюы мен шөп шабуы үшін конкурс өткізбей 5 жылға дейінгі мерзімге уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен берілуі
мүмкін
. Бірақ олар субсидия ала алмайды. Себебі Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен субсидиялау қағидаларына сәйкес, мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы кооперативтеріне беріледі. Ал бұл тұтыну кооперативтері субсидиялауға қатыса алмайды деген сөз. Бұл да әлі шешімін таппай тұрған мәселе болып отыр. Сондықтан ел бесігі – ауылды түлетуге бірден бір үлес қосатын ауылдағы ағайын, көпшілік қосалқы шаруашылық өнімдері кооператив құрудағы қиындықтарды құзырлы мекемелерге жүйелі түрде жеткізіп отырса, ол шешімін табуы к

ерек.

Кооперативтің мүмкіндігі қандай?

– Облысымыздың географиялық орналасу жағдайына байланысты кооперативтердің басым бөлігі мал шаруашылығы бағытында құрылғанын байқауға болады. Сонымен қатар кооперативке біріккендер мемлекет тарапынан берілетін түрлі қол-
дауға ие бола алады. Біріншіден, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» арқылы  кооператив мүшелері жеңілдетілген 6 пайыздық мөлшермен берілетін несие алса, мархабат. Бұл қаражат кәсіпкерлікті және мал шаруашылығын дамыту үшін беріле-
ді,  – деп атап өтті Жандос Шайжанов.

Екіншіден, мал бордақылау кешендерінен асыл тұқымды бұқаларды арендалық негізде қолдана отырып, тауарлы ірі қара малының аналығына селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі қаралған. Яғни он сегіз айдан асқан тауарлы аналық малды селекциялық асылдандыру жұмысына қатысқаны үшін әр мал басына 10 мың тең-
ге, асыл тұқымды бұқаларды сатып алатын болса, бір реттік 150 мың теңге субсиядия беріледі. Сонымен бірге сыйымды-лығы бір уақытта кемінде 1000 бастан болатын бордақылау алаңдарына бордақылау үшін немесе сою қуаты тәулігіне 50 бас болатын ет өңдеуші кәсіпорындарына өткізілген әр бұқашықтың тірілей салмағына 200 теңгеден демеуқаржы алуға болады. Қой шаруашылығы бағыты бойынша қой малының аналығына селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүргізгені үшін 2,5 мың теңге, отандық асыл тұқымды қойлар сатып алу үшін 15,0 мың теңге, сою қуаттылығы тәулігіне 300 бас болатын ет өңдеуші кәсіпорындарына өткі-зілген қошқарлардың әр басына 3000 теңгеден субсидия төлеу қарастырылған.

Өңірдегі  кооперативтердің ауылдық елді мекендерде құрған сүт дайындау пункттері де тиімділігін көрсетуде. Мәселен, кооператив мүшелерінен немесе жеке қосалқы шаруашылықтан сүтті қабылдап, оларды сүт өңдеуші кәсіпорындарға өткізген жағдайда әр литріне 20 теңгеден субсидия төлеу қарастырылған. Бұрын  бұл баға 10 теңге болған екен, өткен жылдың төртінші тоқсанынан бастап, 20 теңгеге көтеріліпті.

– Мысалы,  Теректі ауданының Покатилов ауылындағы «Достық» АӨК-і 2017 жылы «Ынтымақ» бағдарламасы аясында несие алып, сүт қабылдау пунктін іске қосты. Кооперативтің сатып алған құрал-жабдығының 50%-ы «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу» бағдарламасы аясында қайтары-лып берілген. Қазір бұл кооператив шаруасын дөңгелетіп, жұмысын ширата түсті, – дейді бөлім басшысы.

Ауыл шаруашылығы саласында техникасыз күн қараң. Сондықтан кооперативтердің  мал азығын дайындауға қажет техникаларды лизингке алуына мүмкіндіктері бар. «ҚазАгроҚар-жы» АҚ арқылы трактор және далалық жұмысқа қажетті құрал-жабдықтарды (орақ) лизингке ала алады. Ол үшін кооперативтің ауыл шаруашылығы мақса-тындағы жері мен малы болу керек. Алған техниканың негізгі сомасының 25 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланып, қалған қаражатты жеті жылға бөліп төлейді. Ал алынған жаңа техника кепілге қойылып, мақсатты түрде пайдаланылуы шарт. Инвестициялық салымдар кезінде малшыға немесе шопанға маусымдық кезеңде пайдаланатын көшпелі үйшік (вагонщик 2 млн теңгеге дейін) сатып алса, оның 25 пайызын мемлекеттен төлеу қаралған. Мұндай үйдің жыл сайын мал бағатын кооперативке ауадай қажет болары сөзсіз.  Одан бөлек шаруа құдық қазатын болса да 50 пайыз субсидия алады.

 

Кооператив қалай құрылады?

– Жалпы, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі осы саладағы өнімді өндіру, қайта өңдеу, өткізу, сақтау, өндіріс құралдарымен және материалдық-техникалық құралдармен жаб-дықтау секілді өзге де сервистік қызметтерді жүзеге асырады. Кооператив өзінің мүшелері мен кооперативтің қауымдасқан мүшелерінің әлеуметтік-экономика-лық қажеттіліктерін өтейді. Яғни оның әрбір мүшесі, жеке және заңды тұлғалар ерікті түрде бірігіп, заңды тұлға ретінде қызмет етеді. «Ауыл шаруашылығы
кооперативтері туралы» ҚР 2015 жылғы 29 қазандағы заңына сәйкес, мүлік (пай) және кіру жарналарын енгізген, не болмаса пай сатып алған жеке және заңды тұлғалар өндірістік кооперативке мүше бола алады.  Ауыл шаруашылығы кооперативі – коммерциялық ұйым. Кооператив кемінде үш құрылтайшының шешімімен құрылады. Ал құрылтай жиналысында олар ауыл шаруашылығы кооперативін құру туралы шешім қабылдап, оның жарғысы мен кооператив құрылтайшыларының тізімін бекітеді. Сонымен бірге кооперативтің құжаттарын жүргізуге уәкілеттік берілген адамдарды және басқару органдарын сайлайды.  Бір айта кететін жайт, кооперативтің құрылтай шарты және жарғысы болуы шарт.  Кооператив  заңды тұлға ретінде құқықтық қабілеттілігі мемлекетттік тіркеуден өткен сәттен басталады, – дейді Жандос Қыдырбайұлы.

Жоғарыда айтып өткендей, құрылтай шартында ауыл шаруашылығы кооперативін құру туралы шешім, оның қызметінің негізгі бағыттары мен түрлері көрсетілуі тиіс. Сонымен бірге кооперативтің толық және қысқаша атауы, орналасқан жері, басқару органы қамтылу қажет. Әсіресе, кооперативтің фирмалық атауында  «ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі»  деген сөз немесе «АӨК» деген аббервиатура көрсетілуі керек.
Құрылтай шартында кооперативтің әрбір құрылтайшысының мүлік (пай) жарнасының құрамы, мөлшері мен енгізу мерзімдері туралы мәліметтер жазылады. Кіру жарналарының мөлшері мен енгізу мерзімдері және шығу тәртібі де қамтылуы тиіс. Жал-
пы, құрылтай шарты коммер-циялық құпия болып табылады. Ал кооперативтің заңды тұлға ретіндегі құқықтық жағдайын айқындайтын жарғы құрылтай
жиналысында айқын басым көпшілік дауысымен бекітіледі. Бұл құжатта кооперативке мүшелерінің кіруі мен шығу тәртіптері, кооператив төлемдері мен кірісін бөлу секілді өндіріс кооперативінің барлық тыныс-тіршілігі қамтылады.

Айта кету керек, ауыл шаруашылығы кооперативі бір жыл ішіндегі таза табысын оның мүшелеріне бөліп беру немесе оның бір бөлігін бөлуден алып тастау туралы шешім қабылдай алады. Бұл мәселе кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша жүргізіледі. Таза табысты бөлу жөніндегі шешім шыққан күннен бастап төлем бір ай ішінде ақшалай жүргізілуі тиіс. Ол кооперативтің әр мүшесінің енгізген мүлік пай жарнасына қарай пропорционалды түрде төленеді.

Тұтыну кооперативі де жоғарыда атап өткен кооператив сияқты заңды тұлға. Алайда оның ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінен айырмашылығы  –  ол коммерциялық ұйым емес. Жалпы, аталмыш кооператив мүшелерiнiң саны екi азаматтан кем болмауы тиiс. Тұтыну кооперативтері тек өздерінің материалдық мұқтаждарын қана-
ғаттандыру үшін құрылады. «Тұтыну кооперативі туралы» Қазақстан Республикасының 2001жылғы 8 мамырдағы N197-заңының 4-бабына сәйкес, олар кә-сiпкерлiк қызметпен өздерiнiң жарғылық мақсаттарына сай келетiндей дәрежеде ғана айналыса алады.

Жалпы, мәліметтерге көз салсақ,  әлемде кооперативтер жеңілдіктер мен  мемлекеттің тікелей қолдауына ие. Бұл орайда жеке қосалқы шаруашылықтар-дың жұмысы да заңнамамен реттеуді қажет ететіндей. Бұл олардың әлеуетін арттырып қана қоймай,  ауыл шаруашылығын дамытуға да жаңа мүмкіндіктер береді. Жергілікті атқарушы құ-
рылымдар, яғни әр деңгейдегі әкімдер заңнамаларда белгіленген тәртіптер болмаса, кооперативтерді ұйымдастыру жұмысына тікелей араласа алмайды. Алайда кооперативтердің жұмысын жандандыру бағытындағы іс-шаралардың жүзеге асуын назардан тыс қалдырмауы шарт.  Яғни өндірістік кооперативтерді өрістетудегі мемлекеттік саясаттың мәнін ашып, мазмұнын арттыру күн тәртібінде тұр.  «Қа-
зақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР заңына сәйкес, жергілікті  әкімдіктер аграрлық сектордың ұтымды және тиiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi. Бұл ретте ауыл шаруашылығы коопе-ративтерінің де бәсі биік болуы қажет секілді.

 

Ясипа  РАБАЕВА