18.02.2021, 10:00
Қараулар: 27
Көлігіңді онлайн тіркет, жүргізуші

Көлігіңді онлайн тіркет, жүргізуші

Соңғы кезде электронды қызмет көрсету аясы біраз кеңейді. Бұрын электронды кілтті алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына бару, зейнеткерлік құжаттарды рәсімдеу үшін тағы бір мекемеге барып жолығу қажет болса, қазір осы және өзге де қызметтерді үйден отырып, интернет арқылы алуға барлық мүмкіндік бар. Жуырда осы қызметтердің қатарына көлікті сатып алу, сатуды рәсімдеу де қосылыпты. Бұл жөнінде аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Жания Қарашина баяндайды.

– Бұрын кез келген адам автокөлікті  сатып алар кезде мамандандырылған қызмет көрсету орталығы немесе Егов порталында  электрондық цифрлық қолтаңба арқылы  рәсімдейтінбіз.  Енді автокөлікті сату-сатып алуды ұялы телефон арқылы Каспий қосымшасымен онлаин режимде  рәсімдеуге болады. Бұл, әрине, тұтынушылар үшін өте ыңғайлы. Ол үшін қосымшадағы «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне кіріп, «Автокөлікті қайта рәсімдеу» бөлімін таңдау керек. Әрі қарай көрсетілген нұсқаулық бойынша көрсетілген нұсқаулық бойынша қадамдарды орындайсыз. Автокөлік бойынша төленбеген салықтар мен айыппұлдар автоматты түрде тексеріліп,  егер  берешектер анықталып жатса, сол мезетте төлеуге болады. Сатып алушы сатушының есеп шотына ақшасын аударып, көлікті есепке қояды. Сонымен қатар мемлекеттік нөмірді де таңдай алады.  Барлық онлайн сату-сатып алу шарты жүзеге асқаннан кейін сатып алушы  мемлекеттік нөмірді мамандандырылған ХҚКО-нан ала алады  немесе үйге жеткізу қызметін пайдалануға да құқығы бар.

Әсия ШЫРАЙ