18.02.2021, 10:01
Қараулар: 89
Құстан қатер төнбесін

Құстан қатер төнбесін

Соңғы кезде көршілес Ресей Федерациясы және Еуропа елдерінде құс тұмауы тіркеліп, көпшілік дабыл қағуда. Соңғы кезде ресейлік құс өсірушілерден тауық сатып алып, ауданға әкелетін шаруалардың қатары көбейіп келе жатқанын ескерсек, қауіп бізге де төніп тұрғаны айдан анық. Өздері ауырмағанмен, вирусты тасымалдайтын жыл құстарының жылы жақтан өңірімізге қайта ұшып келер уақыты таяу. Сондықтан адам мен құстарға ортақ осы кесапаттың алдын алу үшін сақтық шараларын қолға алу қажет. Мысалы, осы вирустың таралуын болдырмау үшін өткен былтыр 12525 бас үй құстары егілсе, биыл да бұл жұмыс жалғасады. Дегенмен, сақтықты да қаперлеген жөн.

Құс тұмауына шалдыққан науқаста байқалатын белгілер кәдімгі тұмаудың белгілеріне ұқсас. Үйреншікті зертханалық тексерулермен вирус Н5N1 штаммы анықталмайды, сондықтан дұрыс нақтама кеш қойылуы мүмкін. Сондықтан ауру асқынып, геморрагиялық пневмония, өкпе-жүрек жеткіліксіздігі, өкпенің қабынуы, энцефалопатияға әкеледі.

Үй құстарындағы құс тұмауының белгілері:

Құстардың тәбеті жоғалып, жемнен бас тартады, бұлшық еттерінің жансыздануына, яғни параличке ұшырауына байланысты, қанаттары салбырап, жүргенде теңселіп, сүріне береді. Мойыны салбырап, бастары 180 градусқа бұрылып кетуі де мүмкін, тамағы мен айдары ісініп, мұрындарынан су ағып, түшкіре береді.

Адамдардағы белгілері:

Кәдімгі маусымдық тұмауға ұқсас болып келеді, бірақ әлдеқайда ауыр түрде өтеді. Дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріліп, жөтел пайда болып, тамағы ауырады, бұлшық еттері қақсайды, мұрыннан су ағып, тыныс алу қиындайды. Адам өміріне қауіпті асқынуларға мыналар жатады: жүрек, бүйрек , өкпенің қабынуы, өкпеге су толып, адамның өліп кетуі.

Жұғу жолдары:

Адамдар ауру құстармен қатынас кезінде, яғни, оларды күту, қораны жинау, ауа тамшы арқылы, көздің шырышты қабығына, тыныс алу жолдарына шаң-тозаңның түсуі, құс етін бөлшектеу, мамығы мен жүнін түту, етін өңдеу кезінде жұғуы мүмкін. Жұқпаның адамнан-адамға берілу жағдайлары нақты тіркелген жоқ.

«Сақтансаң, сақтайды» демекші, әрбір адам қарапайым сақтану шараларын білуі қажет: құстардың арасында ауру белгілері байқалған жағдайда, жедел түрде жергілікті ветеринар қызметкерлеріне, медицина, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына хабарлап, ауырған құсты дереу оқшаулау керек. Ауырған құстарды, өлекселерді жедел түрде өртеп немесе терең көміп, тұрған орындарын тазалап, залалсыздандыру шараларын жүргізу шарт, сонымен қатар тірі құстарды, олардың өнімдерін тасымалдауда, сақтауда, сатуда ветеринариялық-санитариялық ережелерді қатаң сақтауды ұмытпаңыз. Құс еті мен құс өнімдерін, шыққан жері белгісіз көше саудагерлері мен ветеринариялық құжаты жоқ жерлерден алуға мүлде болмайды. Құс етінен, жұмыртқадан тағам даярлағанда толық пісіріп жеген (еттің ішкі температурасы +70 градустан кем болмауы керек) дұрыс.

Құс тұмауының белгілері біліне бастаса, дереу дәрігерге хабарласыңыз.

Азамат АЛХАМБЕТОВ,

ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің  Ақжайық аудандық аумақтық инспекция басшысы