18.02.2021, 10:01
Қараулар: 98
Фитосанитариялық бақылау жөнінде

Фитосанитариялық бақылау жөнінде

Мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалаудың басты мақсаты – ел аумағына карантинді объектілердің кіргізілуі мен таралуын болғызбау. Осыған байланысты карантинге жатқызылған өнімді тасымалдау, сату, өткізу кезінде олардың тиісті құжаттары болуы тиіс. Бұлар: фитосанитариялық немесе карантиндік сертификат, карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау актісі. Яғни, қызметі өсімдіктен алынатын өнімді өндірумен, дайындаумен, өткізумен, тасымалдаумен айналысатын  жеке адамдар, ұйымдар мұндай өнімді екінші қайтара карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалаудан өткізуге міндетті.

Карантинге жатқызылған өнімнің иесі уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесін  өнімнің келгені туралы кез келген әдіспен хабардар етеді, келген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей  карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалауды жүзеге асыру үшін өнімді көрсетеді. Бақылаудың нәтижесінде карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау актісі ресімделеді. Тиісті заңнаманы бұзу  орын алмаса, карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау актісі бір жұмыс күні ішінде ресімделеді.

Дерек келтіре кетсек, аудан аумағына Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі Ресей Федерациясынан  2020 жылдың қыркүйек- желтоқсан айлары аралығында 14 автокөлікпен кесілген ағаш өнімдері (пиломатериал) импортталды («Нұр ғасыр» ЖШС-13, «Рыскалиева Г.Г.» ЖК — 1 автокөлік). Оларға бақылау және қадағалау жүргізіліп, аталмыш актілер рәсімделді.

Карантинге жатқызылған өнімді тиісті құжатсыз өткізу және екінші қайтара карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалауға ұсынбау жауапкершілікке әкелетінін ескеру қажет. Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодесінің 400-бабына сәйкес жиырмадан бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы қарастырылған. Сондай-ақ, бұл жағдай бірнеше рет қайталанса, фитосанитариялық сертификатты беруден бас тартуға негіз болып табылады.

Жексенғали АСҚАРОВ,

аудандық аумақтық инспекцияның бас маманы, өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор