18.02.2021, 10:04
Қараулар: 73
Қара жолдағы қасірет

Қара жолдағы қасірет

Несін жасырайық, қазір тас жолдар бойында ірі жол-көлік апаттары күннен-күнге жиілеп барады. Кіші де, үлкен де темір көлік құрсауында опат болып жатыр. Мына бейбіт заманда күн сайын, тіпті сағат сайын емес, минут сайын жол-көлік апатынан адам опат болады дегенге сенгіңіз де келмейді. Бірақ сенбеске де амал жоқ. Үлкендердің өзін айтпағанда, болашағымыз – бала десек, орташа есеппен еліміз бойынша сол жолдарда әр күн сайын бір бала қаза табады екен. Олардың, бұған қоса, тағы жүздегені түрлі жарақат алады. Жарақаттарынан айығып кетсе жақсы, ал мүгедек болып қалса ше. Жаныңыз түршігеді. Бұл қасірет кез келген адамның басына түсуі бек мүмкін.

Қаңтар қытымыр аязымен бет шымшымаса да, дәл бүгін ақпанның ақ бораны түтеп тұр. Табиғаттың қитұрқысы демей, немене, біресе аяз, біресе жылымығын тосып, таңырқатқан қаңтардың қырсық мінезі ақпанға да жұққандай. Бұл, әрине, ауданның жолдарындағы онсыз да қиын жағдайды одан сайын күрделендіргені анық. Алысқа шаппай-ақ, екінші айының ортасына жеткізген 2021 жылда аудан аумағында 6 жол-көлік оқиғалары тіркеліп, оларың үшеуінде 4 адам қаза тапты.

Ауа райының мың түрге түсіп құбылуы: қардан кейін сіркіреген жаңбыр, соның салдарынан болған көктайғақ, әрине, жол апаттарына себеп болатын жайттардың бірі. Әкімшілік полицияның басшысы Аман Әлмұқановтың айтуынша, жолдардың жай-күйіне көз жұмып қарауға болмайды. Өткен айда жол полициясы «Қазавтожол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 15 ұйғарым жіберген, жолды күтіп, тазаламаған осы мекемеге қатысты 2 хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Ал бұл мекеме өкілі жолда көктайғақ болған кезде қауіпті барынша азайту үшін жеткілікті мөлшерде материал, жанар-жағармай қоры бар болғанымен, техника мен маманның жетіспеушілігі қолбайлау боп тұрғанын айтып, ақталады.

Дегенмен, аудандық ішкі істер бөлімінен алған деректерге сүйенсек, осы себептермен қатар қара жолдағы қасіретке көбінесе көлік жүргізушісінің жылдамдықты шамадан  асырғандығы, қарсы бағытпен жүргізуі әкелуде. Яғни жол апаттарының көбінде жүргізуші кінәлі.

Жантүршігерлік оқиғалардан мысал келтіре кетсек: 11 қаңтарда шамамен 12.10 сағатта Самал ауылының тұсында «Атырау-Орал» автотрассасында келе жатқан Лексус жеңіл көлігі Жаңақаладан бет алған Ларгус көлігіне соқтығысты. Ескерте кетейік, Лексусты Бәйтерек ауданының 33 жасар тұрғыны тізгіндеген. Соның салдарынан Ларгустағы жолаушылар: 1948 жылғы әйел апат болған жерде мен миына зақым алып, ауруханаға жеткізілген 1984 жылғы ер азамат екі күннен соң қайтыс болды. Жүргізушілер мен қалған жолаушылар түрлі дәрежедегі жарақаттармен дереу Чапаев аудандық аруханасына жеткізіледі.

Тергеу барысында анықталғандай, Лексустың иесі алдында келе жатқан жүк көлігінің артынан ілбіп жүруден шаршағаны соншалық, қалың тұманнан қарға адым жердің өзін көру мұң болса да, қарсы қозғалыс жолымен айналып өте шықпақшы болыпты. Бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Тағы бір оқиға – 18 қаңтарда таңғы сағат 07.30-да сол жолдың 103 шақырымында Ивека автокөлігі жолдың жанына аударылып түседі. Рөлде – 1974 жылы туған Бәйтерек ауданының Д. деген азаматы. Бұл жерде де жүргізушінің қасында отырған жолаушы оқиға орнында жан тапсырды. Ең сорақысы – сот-медициналық сараптамасының қорытындысы анықтағандай, жүргізуші көлікті есірткіге мас болып айдаған көрінеді. Тергеуде жауап берген ол өзінің досымен бірге кондитерлік өнімдерді көлікке тиеп алып, Орал қаласынан Атырауға жолға шығыпты. Бір мезетте рөлге ие бола алмай қалған ол есін жайрап жатқан көліктің ішінде жиыпты. Қасында досы ауыр соққының салдарынан панельге бетімен соғылып, жедел жәрдем жеткенше жүріп кетіпті.

Мына оқыс оқиға да сол «Орал-Атырау» тасжолының 74 шақырымында 30 қаңтарда сағат 10.46-да орын алған. Бұл күні Чапаев ауылының 22 жасар тұрғыны көктайғаққа қарамастан жолға шығады. Ала таңмен ауладағы көлігін тұтандырған ол араға 1-2 сағат салмай, жантүршігерлік апатқа себепкер болатынын білді дермісің?! Дегенмен, жазмышқа жауап жоқ. Жалтыраған көк мұзда ойнақтаған көліктің рөлі ырық бермей, қарсы келе жатқан төрт көлікке: «Ваз – 2114», «Тойота Камри», «Фольцвагет Пассат», «Лада Грантаға» соқтығысады. Жол-көлік оқиғасында «Грантаның» жолаушысы, 1962 жылы туған Бәйтерек ауданының Көшім ауылының тұрғыны есін жимастан көз жұмды. Екі көліктің жүргізушісі түрлі дәрежеде жарақат алған. Бір адам  аудандық ауруханаға жеткізілді.

Араға үш күн салып, 2 ақпанда болған апатта 9 адам зардап шексе, олардың ішінде  кішкентай сәби де бар.

Бас-аяғы бір айға жетпейтін уақыттың ішінде жол апатынан қанша адам зардап шегіп, қаншасы ажал құшты. Иа, қара жолдың бойындағы қайғылы оқиғалар үрейлендіреді. Көктайғақ та, тұман да, жапалақтап жауған қар да бағыт алған жолаушыға кедергі болмасы анық. Қаперсіздік, асығыстық, жауапсыздық. Көп жағдайда көлік жүргізушілерінің осындай қылықтары орны толмас қасіретке әкеледі, сан соқтырады. Әр адам өмірінің әрбір күнін өзі жасайды, ал жүргізуші көлігіндегі жолаушылардың өмірі үшін тіптен жауапты. «Сақтансаң, сақтармын» деп жайдан-ай айтылмағанын есімізден әсте шығармаған абзал. Ал ендеше, жолаушы, сапарға шыққанда алдымен өзіміз сақ болайық. Әрдайым алдымызда ақ жол болсын!

Әсем ЕСБЕК

Талғат ТӨРЕБАЕВ, «Ақжайық-Такси» ЖШС жетекшісі: Иа, расында да, жол апаттарының басым бөлігінде ауа райы емес, рөлде отырғандар кінәлі. Менің көлікке отырғаныма да 30 жылдан асты, соның 10 жылында жолаушы тасымалымен айналысып келемін. Біздің кезімізде көлік жүргізуге құқық беретін куәлікті алу өте қиын еді. Емтиханда жол ережелеріндегі бір сұрақтан мүдірсең, біршама уақыттан кейін қайта тапсырасың. Оның артынан көлік жүргізу машығың сыналады. Ал қазір жағдай мүлдем басқа, автокөлік жүргізушілері жол жүру ережелерін түпкілікті білмей, куәлік алып жатады. Тіпті бәрін «бес саусақтай» білетін жан да жол бойларында кейде абдырап қалады. Ал «шикі оқыған» жаннан не сұрайсың? Сол куәлікті беретін мекемелерден сұрау бар ма?! Кейде біліктілігіне емес, көркіне қарап беретін секілді көлік айдауға «праваны». Болашақ жүргізушілер қатаң емтиханнан, електен өтуі тиіс.

Сондай-ақ, көлік иелері қырағылықты ұмытпауы тиіс. Ұзын жолдың бойында болсын, қала-ауылда болсын, қаперсіздіктің ақыры неге соғатынын бәріміз де білеміз.

Көліктің шапшаңдығын шектен тыс арттыру оқыс оқиғаның басты себебі екенін айтып жатудың өзі артық. Жолдың қарсы бетіне шығып кетуден қанша адам опат болып, жарақат алып жатады.

Бекбол Мақсотұлы, жүк көлігінің жүргізушісі: Менің көлік жүргізгеніме 20 жылдай  уақыт болыпты. Бір кездері мемлекеттік мекемеде жүргізуші болып бастап, артынан жолаушы тасымалымен айналыстым. Қазір тапсырыспен жүк көлігінің тізгінін ұстадым. Әрине, осыдан 20 жыл бұрын жүйткіген машиналар аз болатын. Қазіргідей теп-тегіс жол да жоқ. Мекеменің қайбір жап-жаңа көлігі бола қойсын. Қай іссапарға шықсақ та, бір ақаулық шығып, далада тұрып қалатынбыз. Айта кетерлігі, ол кезде адамдар қайырымды еді.  Машина сынса, кездескен жан жолға қалдырмай, жөндесе кететін. Сол әдет әлі қалмады, жолда сынған көлік көрсем, тоқтай қалып, қолымнан келгенше көмегімді көрсетіп, болмаса, жолаушыларын жеткізіп тастауға тырысамын.

Жүк таситын көлікті айдауға да зор жауапкершілік керек. Көбінесе жолда жүргенде байқайтын көрінісім – артта келе жатқан жеңіл көліктер қарсы бағытта қозғалыстың бар екендігіне пысқырмай, жүк көлігін айналып өтуге тырысып, газды басып, жылдамдықты мейлінше асырады. Қарап отырып, жүрегім ауырады, ашуланғаннан санымды бір соғып аламын. Бірақ қолыңнан келер қайран жоқ, ажалына асыққан бейшара үшін өзімнің басымды бәйгеге тіге алмаймын. Осындай жүргізушілерге айтарым жоқ емес. Асығып, абдырап машина айдамау керек. Байыппен, асықпай, көрсетілген жылдамдықтан асырмау – жол қауіпсіздігінің бір кепілі. Жын құсап жылдамдықты шектен тыс арттыру өзіңе де, өзгеге де жақсылық әкелмейді. Мұны қашан да есе сақтау қажет. Пәле аяқ астынан екенін ұмытпалық.

Жазира Бақытбек (өзгертілді): осыдан 10 жыл бұрын жол-көлік оқиғасынан зардап шектім, қолымнан айырылдым. Көлік аударылғанда, есімнен танып қалыппын, өз-өзіме тек ауруханада ғана келдім. Оң қолымды қозғайын десем, бұл әрекетімнен түк шықпады. Сонда барып білдім қарымнан төмен қолымның жоқ екенін. Айнала толған дәрігерлер, солардың біреуі «Қарындас, авариядан аман қалдыңыз» деп сабырға шақырып жатыр.

Рөлде туысымыз еді. Қарсы шыққан көліктен жалтарамын дегенде, ол рөлге ие бола алмай қалып, жолдың жанына аударылыппыз. Шындығын айтқанда, осындай есерсоқтардың кесірінен болған жайттарды естісем, жан-дүнием түршігеді. «Бастан құлақ садаға» деген, сол апатта мерт болмай, аман қалғаныма Құдайға мың шүкіршілік айтамын. Кейін анықталды ғой бізге қарсы шыққан көлік иесі күні кеше қолына жүргізушілік куәлік алыпты. Бұл не деген масқара? Тәжірибені алдымен толассыз көлік ағылған күре жолда емес, шағын ауылдың ішінде айдап, жинақтамай ма? Үлкен жолдың аты – үлкен жол. Көлік айдауға құқық беретін куәлік адамның өміріне қауіп төндіруге құқық бермейді. Бірақ, әттең, осыған құлақ асар жан қайда?!