18.02.2021, 10:07
Қараулар: 24
Қадырқұлда Орақ пен Шағырайдың ізі жатыр

Қадырқұлда Орақ пен Шағырайдың ізі жатыр

Тарихымыз тұнған шежіре. Елі үшін егескен, жерін найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған батырлар мен есімі аңызға айналған әулиелердің қорымдары сыры тереңнен тамыр тартатын біздің өңірде баршылық. Олардың мәңгі қоныстарын зерттеп, елге насихаттау жұмысы соңғы кезде жақсы қарқын алып келеді. Жер картасын қолға алып, сары далада көне орындарды іздеп, жолға шыққандардың еңбектері нәтиже берді Сағымға оранған құлпытастағы өткен күннен талай сыр бүккен жазбалар мен қорым атаулары қайта жаңғырып, жұртқа жария бола бастады. Біз бүгін оқырманды заманында айбынынан жау ығысқан Шағырай батыр мен даналығымен дүйім жұртты аузына қаратқан Орақ әулие мәңгілік мекенін тапқан көне қорымның сырымен таныстырмақпыз.

Жайықтың бұқар бетіндегі Базартөбе ауылдық округіне қарасты Қадырқұл атты елдімекен бар. Осы ауылдан шыға бере 2 шақырым жол жүрсеңіз,  жергілікті халық «Орақ әулие» атап кеткен қорымға келіп тірелесіз. Жусаны жайқалған кең даланың төсінде орын алған зираттың тарихын, онда жерленген ата-бабаларымыздың ғұмырнамасын білу мақсатында осы өңірдің шежіресін жіті зерттеген біраз азаматтарға хабарластық.

Осы қорым жөнінде тоғыз жылдан бері тынымсыз ізденіспен «Шеркешнама» кітабын жазуға дайындалып, жақында жарыққа шығарған  жазушы, Жамбыл облысының тумасы Пернебай Дүйсенбин былай дейді: «Шағырай мен Орақтың қатар жатуы тектен-тек емес деп білемін. Себебі біздегі дерек бойынша, менің 2007 жылы жазған  Оңтүстік және Орталық Қазақстанды мекен еткен Шеркештер жайлы «Үркердей болып көшкен жұрт» атты кітабымда Қосымның  Шорасының Құрманынан тарайтын,  Досы әулетінің Қайып деген ұлынан Орақ пен Балықбай туатыны жазылды.  Орақ батыр жайында тың деректер жоқ болғанымен, аштықта 90 үйлі тобырды жалғыз өзі асырағаны ел жадында сақталған. Халық аузындағы аңызға сүйенсек, Орақ әулие қайратты, әруақты кісі болыпты. Үнемі жаугершілікте жүріп,  өмірден соқа басы, үйленбей өткен екен. Ал мен бұл деректерді зердеші  Әубәкір молда Шалұлының қолжазбасынан алдым».

Пернебай Дүйсенбиннің айтуынша, Орақ Қайыпұлы шамамен 1720-1780 жылдары өмір сүрген деп болжанады. Ал Шағырай батыр  Жәдікұлы есімі Адайдың ұранына айналған  Бекетпен замандас болған. Шамамен 1750-1813 жылдары өмір сүрген. Шағырай дүниеден озар шағында өзін аталас ағасы Орақ  батырдың қасына жерлеуді аманаттағаны шындық болуы әбден мүмкін. Өйткені рулас ағайыны Орақты батыр, әрі әулие ретінде  Шағырай  қатты құрметтейді екен. Шағырай туралы Пернебай Дүйсенбиннің берген деректеріне назар аударсақ.

– Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының Базартөбе мен Базаршолан ауылдары аралығында батыр бабамыздың зираты бар деп бұрыннан еститінбіз. Соны жадына түйген Орал қаласында тұратын бауырымыз, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты  Саламат Темірғалиев іздеп тапты. Ал күнге үгіліп, желге мүжіліп, жартылай сынған қүлпытастағы  өрнекті жазбаларды оқыған жаңаөзендік азамат Абай Қалиев. Абай  жиырма жылдан бері көне құлпытастардағы арабша жазуларды оқумен айналысып келеді. Жазуды  оқығанда  Шағырай мен оның баласы Жоламанның атын талдап берді. Мен өзім де ол жерге арнайы бардым, сол жерде Шағырайдан бұрын жерленген Орақтың басына қойылған күмбезінің орны айқын бедерленіп байқалады».

Жазушының осы дерегінде  құлпытастағы жазуды оқыған маңғыстаулық Абай Қалиевті біз іздеп тауып, хабарластық. Ол былай дейді. «Саламат хабарласып, Шағырайдың зиратын тапқанын айтып, құлпытастағы жазбаларды оқып беруімді өтінді. Жолым тек 2014 жылдың қыркүйегінде түсті. Бала күнімнен-ақ арапша сауатты ашуға ниетім зор болды. Ниетіме орай аз уақыттың ішінде әріп танып, соның арқасында Маңғыстаудың даласында самсап, сыры ашылмай тұрған құлпытастардың құпиясын ақтардым. Жергілікті халықтың арасында әулиенің есімімен аталған қорымда Орақтың жерленгені рас, Шағырай батыр Жәдікұлы да осы  қорымға жерленгенінің нақты дәлелдер жоқ. Дегенмен ұзындығы 9 метр, ені 5 метр  болатын қорымның батыс  бетінде  бейіт орынындағы құлпытас сынықтарын құрастырып көргенімде, ескіше арап әріптерімен «Шағырай баласы Жоламан» деген жазуды таныдым, басқалай жазу табылмады.  Негізінде Шағырайдың Жайлыхан, Еділбай, Пұсырман, Әділ, Жоламан, Еламан деген ұлдары болған. Мен бұл деректі Бөкей Ордасы ауданы Бисен ауылының тұрғыны, аты аталған батырдың  Еділбай деген баласының ұрпағы Хамит Айтасұлынан жазып алдым  және ол  өз әкесінен естіген Шағырай бабасы  жайлы мына деректермен бөлісіпті.

1810-1815 жылдардың шамасында Шағырай батыр елін, балаларын, мал-жандығынЖайық өзенінен Самар бетке (Еуропа жаққа), Бөкей хандығына өткізіпті. Сол кездегі патша үкіметінің жарлығы бойынша өзеннен өткен әрбір қазақ қаруын тапсыруы керек екен. Қылыш, пышақ, тіпті  қамшысының өзін  казактарға беріп, жанұя мен мал басына ақша төлеуге міндетті болған. Сол Жайықтан өткен адамдар арасынан әрбір рудан бір-бір адам ұсталып, Орал казак әскерінің  жерінде тұтқын ретінде жүрген. Бұған шыдамаған қазақтар Шағырай батырдан көмек сұрапты. Батыр сол бойда Каменка станциясының (қазір Тасқала аудан аумағы) атаманына барады. Бірақ атаманның шабармандары оны кіргізбей қойыпты. Шағырай бабамыз станция шетіндегі шіркеудің үстіне шығып, кресін қылышпен шауып, жерге түсіріпті. Қанша жерден мылтық ,садақпен атса да, дұшпандары оқ дарыта алмайды. Ақыры, амал жоқ, станцияға кіргізген көрінеді. Атаманның өзі батырдың айбары мен сұсынан сескеніп, қазаққа қарсы озбырлықтарын тоқтатуға келісімін берген екен.

1734 жылы Ресей патшайымы  Анна Иоанновнаның қазақтарға қарсы Жайық өзенінен өтуге тиым салу жарлығын жария еткенде, Кіші жүздің ханы Әбілхайырмен бірге бұл қазақтарды қос өкпесінен қысқан бұл қорлыққа көнбей,  қарсы шыққан да осы Шағырай батыр.

Осылайша кезінде қаһарынан халық сескенген орыстардың өзін жығып, тізерлеткен батыр осыдан көп ұзамай, қайтыс болып, жоғарыда айтып кеткеніміздей, өз аманатымен Қадырқұл ауылы маңына Орақ әулиенің қасына жерленіпті. Кезінде ел, басына күмбез там салған екен, ол құлап, жермен-жексен болыпты», — дейді батырдың ұрпағы.

Ал Атамекен ауылындағы «Жерұйық» мұражайының жетекшісі, құлпытастардың  сырын ашуға барынша атсалысып жүрген жерлестеріміздің Жәнібек Әбілпейсов Шағырай  батыр жайындағы сұрағымызға  былай жауап қатады: «Біздің экспедиция былтыр барып, зиярат етіп кеткен Шағырай батырға  ұрпақтары, яғни Шеркеш руының азаматтары кесене тұрғызбақшы. Олар Он екі Ата Байұлының ағасы болып келетін есімі Шеркеш руының ұранына айналған Шағырай батыр бабаларының зиратын іздеп тауып, басына мінәжат етуге, Маңғыстаудың өрінен төмен түсіп, Қадырқұлдың  тегістігіне қадам басты. Кезінде орыстардың бодандығына қарсы тұрып, сағы сынбаған, елі үшін еңіреп өткен батырлар еді олар. Ендеше ердің есімі ұмытылмай, ұрпақ жадында жаңғырғаны құптарлық игілікті-іс. Шағырай батыр соғысып келіп,киімін шешкенде денесіне дарымай қалған садақ оқтары саулап,жерге түседі екен деп басталатын аңызға бергісіз әңгіме  ел жадында мықтап сақталған. Осындай аңыздардан тәрбие алып, жетілген Ыбырай ақын Құлыбайұлы батыр туралы былай жырлап, толғаған екен:

Ысық пенен Шеркеш-ті,

Ұл-қыздары ерте өсті.

Қатарынан ерте өсті,

Шеркештегі Шағырай

Барса, жаудың аты өшті.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ

(жалғасы бар)