18.02.2021, 10:09
Қараулар: 33
Жадымыздан өшпейтін асыл бейне

Жадымыздан өшпейтін асыл бейне

Уақытқа көз ілеспейді. Күні кеше арамызда жүрген ел сыйлар ақсақалдарымыздың бірі Панағали Берікбосыновтың бақилық болғанына да бірнеше ай өте шығыпты.  Ағаның  еңбек жолының өнегесі мен  азаматтық тұлғасының ірілігі соншалық, қанша уақыт өтсе де, жадымызда  жаңғырып тұра бермек.

1947 жылдың 1 қарашасында  сол кездегі Калмыков (қазіргі Тайпақ) ауылында дүниеге келіп, бар ғұмырын туған ауылына арнаған аға ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте болып, экономика, халықтың әл-ауқатын жақсартуда тындырымды еңбек атқарды.

Панағали Қанатбайұлын өзгелерден ерекшелеп тұратын қасиеті – ол айналасындағы адамдарды сыйлай білетін, өзін де ортасына сыйлата білетін, адами болмысы мен кісілік келбеті келіскен, кеудесі қазына, көргені мен түйгені мол азамат еді.

Өткенге көз жүгіртіп өтсек, алғашқы еңбек жолын 1966 жылы 18-ден сәл асқан кезінде Тайпақ ауданының мемлекеттік статистика бөлімінде  экономист қызметінен бастаған  бозбала сол кездің өзінде болашағынан көп үміт күттіретін жігерлі жастардың бірі еді. Ол үшін жұмыстың үлкен-кішісі, жауапкершіліктің ауыр-жеңілі болмайтын: аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып қызмет атқарғанда да ауыл тұрғындарына жол тартқан өнер туындыларының сапалы, тартымды болуын назардан түсірмейтін. Жаңа ысылып, азды-көпті өмір тәжірибесін жинақтаған шағында 1967 жылы әскерге алынып,  Отан алдындағы борышын атқарып келеді.

Әскерден оралған соң Тайпақ ауданы қаржы бөлімінің  мемлекеттік кірістер бойынша инспекторы болып жұмысқа орналасады, осы бөлімнің ревизоры болып жұмыс атқарады.  Жас маманның талпынысын, еңбекке деген құлшынысы, тапсырылған жжұмысты жауапкершілікпен атқаруы оның Тайпақ ауданының  мемлекеттік сақтандыру инспекциясының бастығы, Тайпақ ауданы бойынша қаржы-бақылау комитетінің бас бақылаушы-ревизоры, қаржы-бақылау комитетінің бастығы болып жоғарылауына негіз болды. 1997 жылы Тайпақ ауылы әкімі аппаратының маманы болып жұмысқа орналасып, 2010 жылы зейнеткерлікке шыққанға  дейін Тайпақ ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы лауазымында жемісті еңбек етті. Еңбегі елеусіз қалмады, облыс әкімі, аудан әкімі, ауылдық округ әкімінің бірнеше алғыс хаттарымен марапатталды.

Панағали аға өзі туып-өскен Тайпақтың өлке тарихы мен атақты адамдарын жақсы білетін еді, елі мен жерінің тарихын, ру шежірелерін еш қиналмастан тарқатып беретін, керек болса, қолына домбырасын алып, қоңыр үнімен халық әндерін де шырқап жіберетін отырған жерінде.

Панағали ағаның жары  Гүлшат апа да ерінің қоғамға риясыз қызмет етуіне жағдай жасап, жұбайлық өмірде қолдауын аяған жоқ. Екеуі 1 ұл, екі қыз тәрбиелеп, қатарға қосты. Ұлы Мұрат қазір үлкен шаруашылық құрып, мал өсіріп, ауданның ауыл шаруашылығының дамуына зор үлес қосып отырған азаматтардың бірі.

Зәуре ҒАПУОВА,

ТАЙПАҚ.