18.02.2021, 10:10
Қараулар: 147
Жүректен төгілген жыр

Жүректен төгілген жыр

Көңілімнің сыбырлап көк құрағы,

Аққу ұшқан ақ айдын көп тұнады.

Солтүстіктен жылы ағын жетті ме екен?!

Бір жылы ағыс сен жақтан бетке ұрады,

Бетім тосқым мен оған кеп тұрады, — деп Мұқағалидың өзі айтқандай, көл-көсір жырдың кемесі сияқты ақынның өр тұлғасы бүгінгі күнге керек-ақ. «Тау алыстаған сайын биіктей береді» деген, көзі тірі болса, күні кеше 90-ға толар ақынның өзі де, өлеңі де бүкіл елдің еншісіндей еленіп, құнын жоймас жәдігердей жарқырай түседі.

Күллі қазақ еліне кеңінен танымал жанның соңында қалған мұраларына талай шын сөз де, жатыпатарлардың «пері» пенделігінен туған жалған жазғандары да көзі қырақты жанның көкірегінде жүр-ау. Бұл туралы айтылып та келді, айтыла да бермек. Тұнық ойдың төбесінен түсер көріпкелдігі басым Мұқағалидың осы қасиетіне қоса, сезіміңді селт еткізер турашылдығы өңменіңді тесіп, көзіңді қарықтырады. Тастай суықта табаныңнан төбеңе жетер сызына шыдас берер қайсарлық, көркем ойдың желісінен жемісін табар ізденімпаздық ізін суытпайды. «Осылай жазайыншы» деген ақын ақылынан тыс бір күш еріксіз еркін алып, жүрегіне жыр әмірін жүргізеді. Қолы жазбайды, көзі оқымайды. Демек, осы күшке әлі келмес жанның келбетін көз алдыңа әкеліп көр. Сөйтіп, даралығын да, даналығын да баяғыдан-ақ мойындатқан ақын — осы Мұқағали.

Мұқағали бойынан табиғат иірімдері жыр болып тарайды. Сөйтіп, ақын жүрегі туған жердің төрінде тұрып, төңірегіне  тылсым ой салады. Оның қытымыр қысын, көгілдір түске оранған көктемін, жаныңды жадыратар жазын, күрең күзін жалаулатып жазғаны жыр сүйер жандарға жаңалық емес. Сондай-ақ, ол жалғыз да емес. Талайлар туған табиғатқа арнап тобылғы сынды топтамалар жазды. Күнді күмістеп, айды аялаған, түн-түнекті түбіттей жұмсақ етіп суреттеген жырға қанығып, жаттап өстік. Талай жан тауын да, тасын да, суы мен нуын да, адамын да, аңын да алақанға салып әлдилеген Абайды қайда қоямыз.

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау танымас тірі жанды.

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сырқырлап келіп қалды,- деген бір шумақтың астары және әдемі-ақ. Турасына көшсек, қыс мінезін мінсіз суреттеп, мұңсыз лирикамен беттестірген. Ал, Мұқағали болса: Тозаңы ұшып ақ қардың қылаулаған,

Тұнжырайды анау-қыр, мынау-далам.

Күрк-күрк кәрі қыс жөтеліп тұр.

Әлдеқайда әлсіреп, тұмаураған.

Қаңтар келді,

Қар жаумай қырсығып тұр,

Қара суық қариды құлшынып бір.

Шолақ көйлек бойына қамсау болмай ,

Түсі қашып қарайды қымсынып қыр,- дегені Абайды көшіру, Абайды қайталау деп қарасақ, адасқанымыз. «Ақынның ақ қардың тозаңы», «күрк-күрк жөтелген қыс», «шолақ көйлек киген қыздың қымсынуы» сияқты терең теңеулеріне не айтарың бар. Бұл – жаңғырту, соны соқпақтарға түсу, табиғат пен адам мінезінің үндестігі, т.б. көркем көріністер жыр тілімен әсем тізілген. Күрмеуі шешілмейтін, қазығы  мықты, үкілі бояулары қаныққан, түр мен түстің бір-біріне кірігуінің жемісі.

Ұқсамайды көктем де көктеміне,

Жылылық та, нұр да жоқ көкте мүлде.

Сыйсыз қонақ секілді жылысты ол да,

Келгені де белгісіз, кеткені де.

 

Келмей, кетпей дүние тұра алар ма,

Жаз да кетті-ау сағынтып тірі адамға.

Жасыл шекпен жамылған төрем менің,

Ауыл-аймақ, ел-жұртың дін аман ба,-

дегенінен тағы да табиғатпен тілдескен ақын жолын танимыз. Жазымыз  жаз, қысымыз қыс болмаса, кімге өкпелейміз? Бәрі де өзіміздің пейіліміздін болар.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.