18.02.2021, 10:11
Қараулар: 31
Жемқорлықтан арылу – баянды болашақтың кепілі

Жемқорлықтан арылу – баянды болашақтың кепілі

Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – ең өзекті мәселенің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында  «Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажет. Бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуы тиіс» деп барша қазақстандықтарды жең ұшынан жалғасқан осы кесірмен күресте бірігуге шақырды.

Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы — адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне сызат түсері хақ.

Жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отырғандығы шындық. Елдің ертеңі үшін, болашақ келер ұрпақ алдында еңсеміздің бек көтеріліп жүру үшін, жемқорлық індетімен белсене күресіп, түп-тамырымен жою қажет. Бұл — індет адамзат баласына жат қасиет. Кеңестік дәуірден бастау алған, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдеті әлі болса қылаң беріп келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Тек біздің бөлімнің мысалымен алсақ, бізде сыбайлас-жемқорлыққа қарсы саясаттың механизмін жүзеге асыру, мемлекеттік қызмет жүйесінде сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқық бұзушылықтардың алдын-алу және оған қарсы іс-қимыл, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау мәселелері жөнінде дөңгелек үстелдер, құқықтық оқытулар, әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер жоспарлы өткізіліп келеді.

Сыбайлас жемқорлық әрекеттердің алдын алу, жою мақсатында жыл сайын бөлім арқылы халыққа қажетті құжаттарды алу жолдары жеңілдетіліп, түрлі қызметтер онлайн көрсетіліп келеді. Күресте тиімді тәсілдің бірі де осы — жариялылық. Сондықтан салада жемқорлық жайларын болдырмау, алдын алу шаралары жасалуда. Оңай олжаға құнығу, сөйтіп, өзінің міндетті қызметін пайда көзіне айналдыруға тырысу – бұл ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер төндіретін құбылыс екені күмәнсіз. Сондықтан үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын бұл құбылысқа қарсы шығу кешеуілдеуді кешірмейді. Осыған бәріміз мүдделі болсақ, күрес жемісті болары сөзсіз.

Мәншүк БАЙБАРАҚОВА,

аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі