22.02.2021, 9:22
Қараулар: 125
Батагөй ақсақалға құрмет

Батагөй ақсақалға құрмет

Аудан мәденеиетіне өлшеусіз үлес қосқан, әрдайым мәдени шаралардың бел ортасынан табылатын ардагер ұстаз Сейілхан Зейнетовты мерейлі 70 жасымен аудандық мәдени-демалыс орталығы  және өз ұжымы атынан Тайпақ Мәдениет үйінің жетекшісі Дәурен  Ғилманов құттықтады.

Саналы ғұмырын білім саласына арнаған ардагер Сейілхан Қарақойшыұлы еңбек жолын 1976 жылы  осы ауылдағы балалар саз мектебінде домбыра аспабынан сабақ беруден бастайды. Еңбек ете жүріп,  Орал педагогикалық институтының география факультетін сырттай  тәмамдапты. Десе де, өзі ғашық өнер саласынан қол үзбей, саз мектебіндегі жұмысын жалғастырған оның оқушылары көптеген республикалық байқауларда жүлдегер атанып, ұстаз мерейін асырды.

2014 жылы зейнеткерлікке шыққан ақсақал бүгінде Тайпақ ауылының ақылгөй ардагерлерінің қатарында, ауылдың тұрмыс-тіршілігіне араласып, ұрпақ тәрбиесінен де алыстаған жоқ. Көпшілік жиындарда тағылымды әңгімелерін айтып, тарихтан сыр шертетін ол ауыл тұрғындары арасында әманда құрметке ие. Ақ тілектің тиегін ағытып, көпшілікке бата беруден де алдына жан салмайды. Осы өнерімен ерекшеленетін Сейілхан ағамыз «Батагөй» ақсақалдар байқауының бас жүлдегері де атанды.

Ақсақалдың еңбегіне алғысын білдірген Д.Ғилманов оған естелік сыйлық табыстады.

Ә.ОРЫНҒАЛИ