22.02.2021, 9:24
Қараулар: 10
Сарбаздар тілегі ескеріледі

Сарбаздар тілегі ескеріледі

Ауған елінен кеңес әскерлерінің шығарылу күніне байланысты аудан әкімі  Қалияр Айтмұхамбетов интернационалист сарбаздармен кездесті. Алдымен ардагерлер Ауған соғысында опат болған құрбандардың рухына тағзым етіп, «Мәңгілік алауды» гүл шоқтарымен көмкерді.  Осыдан соң Жұбан орталығының жұмысымен танасты.

Аудандық әкімшілікте жалғасқан басқосуда аудан әкімі Қ.Шадиярұлы биыл ауданымызда атқарылған жұмыстар жайын баяндай келіп, жиналған ардагерлерді мерекелерімен құттықтады. «Бүгінде бейбіт елден таулы Ауғанға аттанып, аман оралған жауынгерлердің алды 60 жасқа жетті, ал соңғы жылдары аттанғандар елу жасты еңсеріп те үлгерді. Сіздердің бір-біріңізге деген достық және бауырмалдық көмектеріңіз, от пен оқтың ортасындағы жанкешті тағдырларыңыз, адамзатқа жанашырлық бүгінгі жастарымызға үлгі болуы тиіс», — деді ол.

Ол Ауған соғысына қатысқан жерлестердің қазіргі денсаулық, тұрмыс-тіршіліктері жайында әңгімеге тартты. Ардагерлер шын жүректі қабылдауға рахмет айтып, өздерін ойландырып жүрген сұрақтар төңірегінде мәселе қозғады. Айталық, аудан орталығында коммуналдық пәтерлерде тұратын ардагерлер баспаналарының айналасын қоршау керектігін айтса, ауған соғысына қатысушыларға бүгінде медициналық тұрғыда қандай жеңілдіктер қарастырылғаны жөнінде сұрау жолданды.

«Ардагерлерге берілген үйлер маңы қоршалады. Өткен жылы сол маңайдағы бірқатар тұрғын үйлердің айналасы қоршалса, баспаналардың салынған жылына байланысты кезеңімен бұл жұмыс жүзеге асырылмақ», — деген аудан басшысы өзге де сауалдарға қатысты түсінік берді. «Ауданда 24 ауған соғысының ардагерінің 14-і дәрігерлердің есебінде тұр. Емханаға келген жағдайда кезектен тыс қаралып шығуына бар мүмкіндік жасалуда», деп жауап берді ардагерлердің сұрағына аудандық аурухананың статист-дәрігері Алина Серік. Күні кеше ғана аудандық  ауруханада ауған соғысы ардагерлеріне арналған Ашық есік күні өтіп, учаскелік дәрігерлердің жолдамасы бойынша кардиолог, хирург, офтальмолог, невропатолог  мамандарына қаралып, бірқатарына күндізгі стационар бөлімінде ем тағайындалған. Астана мен Алматы қалаларындағы шипажайларда ем алу үшін арнайы әкімшіліктің ұсынысымен, облыстық денсаулық сақтау мамандарының  тексерісінен соң жолдама берілсе, Жаңақала ауданындағы емдеу мекемесіне аудандық емхана жолдамасы арқылы ем қабылдап келуге болады.

Асыл ҚАЙРАТ