22.02.2021, 9:30
Қараулар: 50
Кеңейтілген отырыста

Кеңейтілген отырыста

Өткен жылдың қорытындысы талқыланып, ауылдық округтерде жыл бедерінде атқарылған жұмыстар сарапталған әкімдіктің кеңейтілген отырысында ағымдағы жылға міндеттер де пысықталды.  Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов өткізген әкімдік отырысына аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, мекеме-бөлім басшылары қатысты.

Алдымен ауыл шаруашылық саласындағы түйткілді мәселелерді мінбеден сөз алған аудан әкімінің орынбасары Асқар Абуғалиев ортаға салды. Салада қол жеткізілген жетістіктерге тоқталған ол алдымызда бұдан да ауқымды міндеттердің тұрғанына басым назар аударды. Мысалы, биыл ет  өндіру  көлемін 5,7, сүт  өндіруді  0,4, жұмыртқа  өндіруді  6,1 пайызға  арттыру керек. Былтыр ет  өндіру 5,2, сүт пен  жұмыртқа  өндіру 0,2 пайызға  әрең жеткен. Сондықтан бұл  көрсеткіштердің  орындалуын  әрбір  әкім  ай  сайын  қадағалап  отыруы керек. Өнім  өндіру  көлемін арттырудың кепілі — мал  басының  тұрақты  өсімі. 1 қаңтардағы  есеп  бойынша  ауданда 95  мың  бас  ірі  қара, 216 мыңдай қой мен  ешкі, 40500 бас  жылқы, 186 бас  түйе малдары бар.

Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтердің жұмысына тоқталған А.Батырханұлы бұл құрылымдардың қатарын көбейтуге мейлінше пәрмен қосу керектігін айтты.

– Қазір ауданда 17 кооператив жұмыс істейді, қызметін тоқтатқан 3 құрылым жуырда қайта қатарға қосылуы керек. Десе де, түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау алуға мүмкіндік беретін кооперативке жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру қарқыны төмен. Көбіне айтылатын сылтау – жердің жоқтығы. Ауданда жерсіз де  кооператив  құрып, субсидиясын алып отырған құрылымдар бар. Оған қоса. жерді  бірінші кезекте кооперативтерге беру  бағытын ұстанып отырмыз, – деді ол.

Әлемді жаулаған пандемияға байланысты санитариялық талаптар мен шектеу шараларын қадағалау үшін былтыр ауданда 119 адамнан тұратын 19 мониторингтік топ құрылды. Алайда, аталған мониторингтік топтардың жұмыстарының нәтижесі көңіл көншітпейді. Олардың қызметі турасында аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев баяндады. Айталық, ауылдық округтерде карантин талаптарын бұзу деректерін тек аудандық бақылау тобы ғана анықтады. Бұл ретте округтерде құрылған топтардың жұмысының пәрменсіздігін айта кету керек. Көз қысты, бармақ бастыға бармай, талаптарды бұзған жандарды заң жүзінде жауапқа тарту керек. Сондықтан ауданда 19 мониторингтік топ қайта құрылды. Бүгінде олар әлеуметтік нысандарда, мектептер мен балабақшаларда шектеу талаптарының орындалуын қадағалауда. Жыл басынан бері шектеу талаптарын бұзу 19 дерегі  анықталды. Олардың 8-іне хаттама толтырылып, 350 040 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынса, 6-ы дәлелдемелердің нақты болмауы себебінен тоқтатылды. Қалған 5 акт бойынша шешімдер қабылдануда. Бұл деректер де тек аудандық мониторингтік топпен ғана анықталған. Ауылдық округтердегі жұмыс топтарының нәтижелілігінің төмендігінің дәлелі – аудандық мониторинг топ Алғабас, Бударин, Қабыршақты ауылдарында мектептерде, Қабыршақты ауылдық дәрігерлік амбулатория, Тайпақ ауылындағы саз мектебі, почта, халыққа қызмет көрсету орталығы, әділет басқармасында маска тағу керектігін ұмытқан қызметкерлер кездесіпті.

Тілек Александрұлы сонымен қатар ауданда құрылған іске әйелдер кеңесінің әр ауылдағы өкілін тағайындауда ауыл-елдегі әйелдердің әлеуетін арттыруға бар ынтасымен кірісетін беделді жандарға басымдық беру керектігін тілге тиек етіп, білім саласындағы бірқатар ауқымды мәселелерді ортаға салды.

аудан әкімінің орынбасары Ердос Үмітов бюджет көлемі және түскен салық мөлшері, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, абаттандыру саласы бойынша баяндама жасады. Шағын кәсіпкерлікті дамыту және жұмыссыздықтың алдын алу бойынша белгіленген 10 көрсеткіштің өткен жылы тек 8-і ғана орындалған. Ауылдық округтерді мысалға алатын болсақ, Көнеккеткенде – 9, Алмалы, Жаңабұлақта – 8, Тайпақ, Чапаевта – 7 көрсеткіштің межесінен шықса,  Базартөбе, Базаршоланда бұл жұмыс ақсап тұр. Ал биылға 1908 адамды жұмыспен қамтудың түрлі шараларымен қамту жоспарланды. Осы бағыттағы жұмыс әлі де ширатуды талап етеді.

– Былтыр 120 адам грант алса, олардың арасында қаражатты мақсатсыз жұмсағандар да бар. қазір оларға сот тәртібімен қаражатты кері қайтару жөнінде ескертпе хат жолданды. Осы орайда округ әкімдеріне қайтарымсыз грант алуға ниет білдіргендердің арасында қолынан іс келетін, округте сұранысқа ие болар қызметін түрін ұсынып отырғандарға басымдық беруді сұраймыз. Биыл бұл қолдаудың бұл түріне біраз өзгеріс енгізілді. енді жеміс-көкөніс, бау-бақша дақылдарымен айналысамын деген жандардың да грант алуға мүмкіндіктері бар. Әзірге осы талап бойынша 8 округтен 21 үміткер анықталып отыр», — деді Ердос Рашидұлы.

Отырыста мемлекетті қызмет көрсету сапасы, сала қызметкерлерінің қызметін бағалаудың жаңа форматы, жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштердің орындалуы туралы аудан әкімі аппаратының басшысы Рауан Рахметуллин баяндады.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша міндеттерді тұжырымдады. Ол таяу арада жүзеге асырылуға тиісті іс-шараларды атап көрсетті, әрдайым орындаушылық тәртіп, еңбек тәртібі үстем болуын назарға салды.

Ә.СЕРІКҚЫЗЫ

Суретті түсірген Азамат ҚАНАПИЯ