22.02.2021, 9:32
Қараулар: 194
Саулық сақтықта

Саулық сақтықта

Індет іргеден тықсырғанда әр ел, әр аймақ оны болдырмау, тұрғындар арасында таралмаудың қолдан келгенше амалын жасауда. Осы ретте күре жолдан қашықта орналасса да, кесірлі вирусты ауылға келдірмеуді қамдаған Қурайлысай ауылдық округінде бірқатар жұмыстар қолға алынған. Пандемия белең алған жаз айларында құрылған мониторинг тобының мүшелері халықтың сақтық шараларын бір сәтке де ұмытпауын көзден таса қылмайды. Округке қарасты барлық ауыл-елдімекендерде коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуға қатысты шараларды қолға алып, түсінік жұмыстарын жүргізуде.

Қазіргі таңда облысымыздың «сары аймақта» болуы мониторинг топтарының жұмысының жалғасуына себепші. Айталық, топ мүшелері апта сайын азық-түлік дүкендерін, білім беру мекемелерін аралап, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын жіті назарда ұстап, бақылап отыр. Тек Жұбан ауылының өзінде 4 дүкен халыққа қызмет көрсетсе, 1 мектеп штаттық режимде жұмыс істеуде. Дүкен иелерінің арасында карантин талаптарын бұзу деректері  тіркелген жоқ. Білім беру мекемесінде де санитарлық талаптарды сақтап, оқушылар білім алуда.

Айта кетелік, пандемия басталғалы бері 5 жерлесіміз вирус жұқтырып, емделіп шықты. Сақтық шараларының арқасы –  бүгінде ауылда аталмыш аурумен ауырып жатқан ешкім жоқ. Бәрі де вирусты жеңу, індетке тұсау салу үшін бес саусақтай біріккен елдің ауызбіршілігінің арқасында. «Сақтықта қорлық жоқ» деген, өз денсаулығымызға, жақындарымызға, айналамызға қамқор болып, ел болып күрескен кезде жеңіске жететінімізге сеніміміз мол!

                                       Шынар ГУБАШЕВА,

жастар ісі жөніндегі кеңесші-маман

ҚУРАЙЛЫСАЙ