22.02.2021, 9:45
Қараулар: 239
Еңбек нарығында астыртын келісім көп: салғырттық па, қамсыздық па?

Еңбек нарығында астыртын келісім көп: салғырттық па, қамсыздық па?

Өткен аптадағы аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың тұрғындар алдындағы есебіне онлайн қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев бірқатар мәселелерді ашып көрсетіп, салмақты тапсырмалар жүктеді. Солардың ішінде біраздан күрмеуі шешілмей жүрген түйткіл – еңбек нарығындағы қатынастарды заңды түрде тіркетуге баса назар аударды. Айталық, ауданда шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің үлесі әр кәсіпкерлік нысанына 1,2 адамнан ғана келеді екен. Бұл дегеніңіз – ақылға сыймайтын сан екендігі айдан анық, яғни бір қожалық, не жеке кәсіпкерлікте тек жетекшісі ғана қызмет атқарады деген сөз. Көршілес орналасқан Теректідегі мысалды келтіре кеткен облыс басшысы мұнда  орташа есеппен алғанда әр нысанда  жұмыс істейтін 4 адамнан тіркелгенін де айта кетті. Ол  осы бағыттағы жұмыстарды тағы бір саралап, мемлекеттің мол қолдауын сезініп отырған бизнес өкілдерімен түсінік жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Нақты ахуал қандай? Жеке кәсіп иелерінің келісімшарт жасаудан жалтаруының себебі неде? Біз де өз тарапымыздан осы мәселеге шолу жасап, біраз түйінді тарқатып көрдік.

Жұмыссыздың бәрі жұмыссыз ба?

Қазір еңбек нарығында жұмыс жасындағы адамдарға қатысты «жалдамалы жұмысшылар», «өзін-өзі қамтитындар», «жұмыссыздар» деген түсінік бар. Бұл үшеуінің атауы ешқандай анықтаманы талап етпейтін сыңайлы, өздері-ақ меңзеп тұр. Аудандық жұмыспен қамту орталығының  басшысы Бақтыгүл Ержановадан алған мәліметімізге сүйенсек, аудандағы 39884 тұрғынның 23805-і экономикалық белсенділер, яғни жұмыс істеуге қабілеттілердің санатына жатады. Олардың 12090-ы жалдамалы жұмыстарда (мемлекеттік, азаматтық, өзге де сала қызметкерлері) жүрсе, 1096-сы аталмыш орталықта жұмыссыз ретінде ресми тіркелген. Ал қалған 10619 адам өзін-өзі жұмыспен қамтитындар қатарында.

– Жұмыссыздардың, өзін өзі қамтитын азаматтардың санын көбейтіп отырған бір гәп  түрлі бизнес нысандарында жұмыс істейтін азаматтармен еңбек келісімшартының жасалмауында. Яғни олар іс жүзінде жұмыспен қамтылса да, еңбек қатынастары заң жүзінде реттелмегендіктен жұмыссыздар немесе өзін өзі жұмыспен қамтушылар санатына кіріп кетеді. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрмін дегендердің саны бұдан да көп болатын, қайта төтенше жағдай кезінде бірқатар тұрғындарымыз бірыңғай жиынтық төлем төлеп, ешкімге жалданбай, тек өзіне қызмет ететіндердің қатарынан екенін растады. Шынын айтсақ, маған жұмыс тауып беріңдер деп орталығымыздың табалдырығын тоздырған кейбіреулерді уақытша жұмысқа шақырайын десең, итпен іздеп таба алмайсың. Не телефонын алмайды, не болмаса, ауылда мүлдем жоқ болып шығады. Бұдан шығар ой – олар өздеріне лайықты жұмыс тауып, аз болсын, көп болсын, үйге тиын-тебен әкеліп жүр. Әйтпесе құр босқа қол жайып, айналасына тып-тыныш қарап отырудан ауызға кім ас салады? – дейді Бақтыгүл Ғилманқызы.

Расында да, жұмыссызбын деп аштан бұратылған адам жоқ осы күні. Бәрі бір тірлігін жасап, күнін көруде. Тек мұның бәрі астыртын жүруде, жалақы да конвертпен беріледі.

Деректі қайдан аламыз?

Жоғарыда байқағанымыздай, соңғы кезде еңбек келісімшарты хақында әңгіме жиілей бастады. Жиілеуі де дұрыс. Бір жерде еңбек еткен жандар көп жағдайда келісімшарт болмағандықтан, еңбекақысын ала алмай сорлап қалады. Мұндайда оған заң да көмектесуге дәрменсіз. Демек, ортада келісімшарттың болмағаны кімге тиімді екенін білу үшін көріпкел болып та керегі жоқ.

Мәселенің түп тамырына жету үшін қай мекемеге хабарлассақ та, бәрінің айтатыны тек екі ғана сан: ауданда 1094 кәсіпкерлік субъекті бар, оларда 1359 адам жұмыс істейді. Құранның сүрелеріндей жаттап алыпты. Ал ауылдық округтердегі ахуал қандай, әрбір елдімекен бойынша осындай деректер келтіре аласыздар ма деген сұрағымызға мардымды жауап ала алмадық. Алдымен хабарласқан аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы базаларында қанша адамның кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндігі туралы деректердің жоқ екенін айтып, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі білу керек деп соларға жолдады. Бізге телефон шалу қиын ба?! Бір қоңыраудан соң бұл ақпаратты аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінен ала алатынымызды білдік. Онда да бұл санды статистиканың сайтынан алғанын айтып ақталды. Тауы шағылатын тілші жоқ, аудандық статистика бөлімінен ақпарат сұрастырдық. Сондағы білгеніміз – статистикалық деректер аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына кәсіпкерлердің тапсыратын құжаттамаларының негізінде жасалады екен. Яғни нақты дерек мұнда да жоқ. Бәрі айналып келіп, кірістер басқармасына тірелді.

Осылай сарылып отырғанымызда  аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Әлібек Бакиров хабарласты. – Бізде статистикалық деректерден бөлек өзіміздің жүргізген есебіміз бар. Ауылдық округтерден алған мәлімет ресми мәліметтерге мүлдем жанаспайды, алшақтық көп. Айталық, аудан көлемінде тіркелген 1064 шаруа қожалығының 992-сі жұмыс істеп тұр десек, округ әкімдері өз аймақтарында 866 иеліктің бар екендігі жөнінде мәлімет жолдады. Ал осы қожалықтарда жұмыс істейтін адамдардың саны 1359-дан бірден 779-ға кеміп кетіпті. Бұл да шектік көрсеткіш емес, округ әкімдерінің ақпараттарына сүйенсек, қызметкерлердің 615-і ғана салық органдарында тіркелген көрінеді», — дейді ол.

Сандардағы бұл алшақтық қайдан пайда болды? Әлде кәсіпкерлер Гогольдың әйгілі «Өлі жандар» поэмасындағы Чичиковтай ауадағы қызметкер үшін алым-салықтарын төлеп отыр ма, әлде ауылдық округ әкімдері шаруа қожалықтарындағы нақты жағдайдан мүлдем бейхабар ма? 2021 жылдың 1 қаңтарына шаруа қожалықтарының жұмысшылары көрсетілген  кестеден азғантай ғана дерек келтіре кетейік: Ақжол ауылдық округінде 83 шаруа қожалығында 16, Алғабастағы 77 қожалықта 26, Базартөбедегі 26 қожалықта 11, Жамбылда 45 иелікте 19 адам ғана салық органдарында тіркелген. Қай қожалықта да жетекшімен қатар бақташы, оның көмекшісі болатынын ескерсек, бұл сандардың сурет ретінде салына салғандығы қай-қай жанға да ап-анық байқалады

Кісі ақысы

Халқымызда  «кісі ақысы» деген ұғым бар. Бүгінгілерді білмеймін, бірақ бала кезімізде үлкендер әрдайым «кісі ақысын жемеңдер» деп құлаққа құйып отыратын. Ал бұл күнде осы сөздердің қасиетін ұқпайтындар көбейді. Олай демей қайтейік, кәсіпкерлер қарамағындағы жұмысшысымен келісімшарт жасасудан ат-тонын ала қашып жатса. Әлібек Бакировтың айтуынша, бұған үш себеп бар. Біріншісі – иен даладағы қыстақта тұрақты жұмыс істеуге адамдар ниет білдіре бермейді. Бәрі де уақытша күнкөріс қамын қамдап, оңтайлы реті шықса, басқа жұмысқа жалт беруге даяр тұр. Сондықтан тек бір-екі ай ғана жұмыс істеген қызметкерін ресми тіркетуге кәсіпкер де құлықсыз. Тағы бір себептің түйіні қожалық иелерінің сауатсыздығында. Олар өздері жұмысқа алған адам үшін қандай салық құжаттарын тапсыратынын, ол үшін қандай төлемдер төлейтінін білмейді, білгісі де келмейді. Сондықтан алда-жалда қателесіп жатса, айыппұл төлеп, заң алдында жауапқа тартылғысы жоқ. Ал енді бір бизнесмендеріміз әр қызметкері үшін төленетін салық қаражатын көпсініп жатады.

Шынтуайтына келгенде, әрбір жалдамалы жұмыста жүрген адамға заң жүзінде қарастырылған алым-салық төлемдері бар, олардың бірі оның жалақысынан ұсталса, енді бірі кәсіпкердің өз есебінен төленуі керек. Мысалы, қожалыққа адам жалдаса, ол  үшін ай сайын міндетті зейнетақы жарнасы, міндетті әлеуметтік мемлекеттік сақтандыру жарнасы, әлеуметтік салық, жеке табыс салығы және әлеуметтік сақтандыру төлемдерін төлеуі тиіс. Осындағы зейнетақы төлемдері – қазір жұмысқа қабілетті жанның еш алаңсыз қарттығының кепілі, ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жарнасы төленбесе, оған көрсетілетін медициналық көмек те шектеулі болмақ. Ал егер қызметкер бала күтіміне байланысты демалысқа кететін болса ше, осы уақытқа төленетін қаражат та тиісті төлемдердің есебінен алынады. Ал осының бірін де төлемеген адамды кісі ақысын жеп отыр демегенде, қайтейік?!

Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әйтсе де, алақандай ауылдағы қожалықтар, онда жұмыс істейтін адамдар жөнінде анық біле тұрса да, кәсіпкерлерге еңбек келісімшартының  маңызын айтып түсіндіре алмаған ауылдық округ әкімдерінің жұмысы сын көтермей тұрған сыңайлы. Шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланған қазіргі уақытта тек осы түсінік жұмыстарымен ғана шектеледі, әрине. Осындайда қожалық иелері 69 қызметкерін тіркеткен Тайпақ, 75 жұмысшымен Жаңабұлақ ауылдық округте жұмысты ілгерілеткен әкімдерді үлгі еткіміз келеді.

Мораторий демекші, бұл таңда өздеріне берілген осы үлкен жеңілдік – тексеруден құтылғанына мәз боп жүрген бизнес өкілдері көп. Бірақ бұл жеңілдік бір күні тоқтатылады, сол уақытта жауапқа тартылып, өкініштен өзегі өртенері анық. Салғырттық пен мимырттықтан арылатын кез келді. Жалданып жұмыс істеген әр жанның бейқам тірлігінен бастап саулығына дейін жауапты екенін кәсіпкерлер бір сәт те санасынан шығармауы тиіс. Жұмыс беруші қызметкерімен еңбек қатынастарын заңды рәсімдегенде ғана, әр азамат мемлекеттің кепілдендірген барлық қолдауын ала алатынын да ұмытпайық.

Әлия ШАРАПИЕВА