22.02.2021, 9:47
Қараулар: 253
Қадырқұлда Орақ пен Шағырайдың ізі жатыр

Қадырқұлда Орақ пен Шағырайдың ізі жатыр

(Жалғасы. Басы газеттің өткен санында)

Осы  Қадырқұл ауылынан екі шақырым жерде, яғни осы зиратқа жақын маңда кезінде малшылардың қыстағы болған Жыра деп аталатын мекен бар. Сол жерде Саясат Сәлімұлы деген ақсақал мал бағып, қоныстаныпты. Ағамыз дүниеден өткенше,  өзінің балаларына  осы қорымның қасиетін, мұнда әулие адам жерленгенін әңгімелеп отырады екен. Ертеде өзі бала кезінде безгек ауруына шалдығып, осы қорымға түнеген көрінеді, көп уақыт өтпей, құлан таза айыққанын да баяндап беріпті жарықтық. Саясат ағамыздың көзі тірісінде онымен Абай Қалиев жолығып, қарияның көкірегінде сайраған шежірені хатқа түсіріп алған. 2015 жылы «DANA kaz» журналына жариялаған  «Шағырай батыр» жайында  мақаласында автор бұл деректерді келтіре кетеді. Сол мақаладан үзінді: «Әлі  есімде 1943 жыл. Үйіміз Қадырқұлда. Мен ол кезде 5-6 жастағы баламын, елге безгек тиіп, көп ұзамай мен де ауырдым. Көпті көрген анам мені  ауыл маңына жақын бейіттің басына апарып түнетті. Көзім ілініп кетіпті. Бір кезде  Қадырқұл жақтан ақ боз атқа мінген, ақ шапан киген  ұзын бойлы кісі маған қарай шауып кеп қалды. «Ойбай, басты» деп орнымнан атып тұрдым айқайлап.  Ал ол болса, Атырау бағытына қарай менің тұсымнан шаңдатып өте шықты. Сол кезде анам да оянып, білгенінше құран сүрелерін сыбырлап оқып шықты. Содан соң безгектен құлан таза айықтым. Ата-анамның бір әдетін әлі күнге ұмытпаймын: осы қорым басына  топалаңға ұшыраған сиырларды түнге әкеліп тастайтын, ертесіне аурудың бір белгісі де қалмайтын» деп еске алыпты марқұм Саясат ақсақал.

Осы ақсақал баяндап кеткен  оқиға турасында біз сол кісінің баласы, бүгінде асқаралы алпысты алқымдаған Теректі аудандық мұражайының басшысы Аманжол Саясатұлымен хабарластық,  «Иа әкем бұл әңгімесін бізге де айтып отыратын, сол әулиенің басына бір белгі орнату да әкемнің аманаты еді. Аманатқа қиянат жоқ, ағайындылар болып,сол қорымның тұсына темірден «Бұл жерде қазақтың азаматы Орақ әулие жерленген, белгі қойған Сәлімұлы Саясат» деген жазуы бар белгі қойдық. Кейіннен қорымдағы құлпытастар зерттеліп, Шеркеш руынан қауым жұрт  келіп, айналасын қоршады.  Әкемнің тағы бір естелігін айта кетейін. Бір күні оның шаңырағына Орал қаласынан құдалар келеді. Бір құда көңілсіз, дастархан басында тамақ алмай отырыпты. Тісі құрғыр мазалап, діңкесін әбден құртып отыр екен. Қонағының жайын түсінген үй иесі таң атысымен оны әулиенің басына апарып, ақтық байлапты. Ертеңгі күні хабарласқан мейман қанша уақыт мазалаған тісінің бір күнге жетпей сап тиылғанын айтып, ризашылығын білдіріпті», – дейді Аманжол аға.

Кеңестік дәуірдің адамдары ғой,  жергілікті жұрт қорымда қай рудың, қай елдің адамдары жатқанын білмепті. Бейіт басынан кейде түнге таман көк от жылт-жылт ететінін байқайтын көрінеді. Соғыс кезіндегі аштық та қорымдағы құлпытастардың түгел сақталмауына өз себебін тигізген: ауыл адамдары зираттағы құлпытастарды сындырып, диірмен жасап, бидай тартқан екен. Десе де, аруақ құлпытастың қиыршықтары жатқан үй адамдарын мазалай бергесін, кейін әкеп тастауға мәжбүр болған деген әңгімелер де бар ел аузында.

Ауырған тістен шығады емес пе, қадырқұлдық тұрғындар, жасы бар кәрісі бар, әлі күнге тістері ауырса, әулиенің басына барып, топырағында өскен жусанымен тістерін үйкесе, жазылып, қайталап ауырмайды деп сенеді. Тек жусанды қайтадан орынына тастау керек. Осы орайда ел аузындағы мына бір әңгімені де баяндай кетсек. Ауылға қонақтай келген бір  қыз бала ауырған тісін жусанмен үйкеп, «кеште ауырса, пайдаланармын» деген оймен сөмкесіне екі үш түп жусанды салып алады. Бірақ тісі  сол бойда жазылып кетіп, жусан жайына қалыпты. Үйіне жеткен соң, түн ұйқысынан шошып оянатын ауруға шалдығады. Жағалай қаралған емшілерінің бірі  «Сен бір әулиенің затын алыпсың, орнына апарып тастауың керек» депті. Сонда ғана жусан есіне түсіп, орнына апарып қайта қойғанда, бәрі дұрысталыпты. Бұл айтылған мәліметтердің барлығы – Абай Қалиевтің құлпытасты оқуға келгенде ел аралап жинап, естіген әңгімелері.

Онда тағы былай жазылыпты: «Осыдан 20-30 жылдай бұрын бір қыз бала құрбысымен бірге зират іргесіндегі жолда көліктен түсіп қалып, ауылға жаяу жол тартқан екен. Жолдан шаршаған ол демалып алайын деп, білместікпен құлпытастың сынығына отырып, сәл дамылдаған көрінеді, кейін аяғын баса алмай қалыпты». Біз осы жазбадағы кейіпкердіде  тауып сөйлестік. Ол кісінің рұхсатымен аты-жөнін жариялап, оқиға бойынша өз аузынан естігенімізді баяндамақпыз. Келер жылы 70 жасқа қадам басатын  апамыз  бүгінде Базартөбе ауылдық округінде тұрады. Сол оқиғаны еске алғанда жүзін сәл мұң торлады. Өйткені сол кездегі оң аяққа жабысқан дерт  бүгінде  сол аяғына ауысып, тек үйдің ішінде жаймен жүруге халі әзер келеді екен,  арбаға да таңылып қалатын күндері болады. Көп жылдар  Базартөбе  ауылында  ұстаздық қызметте болып, зейнетке шыққан Ырысжан Құбашева апамыз былай еске алды: «Бұл оқиға осыдан 45 жыл бұрын болды.  1976 жылдың сәуір айы еді. Мен ол кезде Қадырқұл ауылындағы «Ленин жолы» деп аталатын бастауыш мектепте мұғалім  болатынмын. Біз мұғалімдер шаруамызбен аудан орталығы Калмыковқа (қазіргі Тайпақ) жиі барамыз. Ол заманда аудан мен ауылдар арасына автобустар қатынады ғой. Ал Қадырқұлдан жолға дейінгі аралық 2 шақырым. Ауданнан келе жатқан үш құрбы көліктен түсіп, ауылға қарай жаяу жүрдік. Біраз жүргесін үшеуіміз демалып,  жолдың жанына отыра қалдық. Мен әрегіректе бір төбенің басында жатқан көк тастың сынығын әкеліп, үстіне отырдым. Оның құлпытас  сынығы екенін қайдан білейін. Дамылдап, біраз отырдық күн кереметтей жайма шуақ еді. Біршама уақыттан соң сол жерге жақын  малшылар қыстағында сол кезде мал баққан   Жақсылық  Сұлтангереев атты ағамыздың  жары Зәуре деген апамыз келе қалды. Бұзау іздеп шыққан беті екен. Кенет мен отырған көк тасты байқап қалып, көзі шарасынан шыға жаздады: «Айналайын қызым, мынау әулие адамның құлпытасының сынығы ғой, орынына апаршы тез, шырағым! » деді тұтығыңқырап. Менде дереу орынымнан атып тұрып бар «бісмілләмді» айтып алған орныма қарай ала жүгірдім. Содан кейін бір ай өтер-өтпестен сап-сау аяғым сырқырай бастады. Ауырып қала беремін, қаралмаған дәрігер, емші қалмады. Келесі жылы ауру тіптен күшейді, жұмыстан қала бастадым. Бұған дейін анама болған жайды айтпаған едім, бір кезіккенде  Зәуре апамыз баяндап беріпті. Естіп алған анам ауылдағы атақты Сұлтанғали атты емші атаға апарды. Ол кісі мені құлпытастың басына әкеліп, құран оқып, төмпешік басына ақтық қалдыртты. Аллаға шүкір, тұрмысқа шығып, жанұялы болып, жар сүйіп, балалы шағалы болдым, жұмысым да жалғасты. Тек сол кезден бері оң аяғымның сырқырап ауырып, көп қиналдым. Дәрігердің кабинетінен шықпаймын десем де болады. Соңғы кезде екі аяғым қатар ауырып. баса алмай қаламын. Былтыр  ұлдарым әулие басына тағы апарып, аруағына құран бағыштадық. Ол жер бүгінде қоршалыпты белгі бар екен. Даламыздың әрбір тасы мен тауында кие бар, аруақты батырларымызбен әулиелеріміздің  белгісіз мекеніне тап болып қалып мендік күйді кешпесе екен деймін ұл-қыздарымыз».

Міне, Қадырқұлдың топырағы бұйырған Орақ әулие мен Шағырай батыр туралы, олардың қадір-қасиеті жөнінде қысқаша баяндасақ, осы. Тарихтың талай сырын бүгін қаншама қорымдар жатыр. солардың бәрі бір күндері зерттеліп, шежіресін ақтарар. Тек осыны, өткенді қадірлеуді жастардың бойына сіңіруді айт. Бүгінгі жастарымыз кешегіге салауат айтып, тарихта ізі қалған батыр, әулиелеріміздің өмір жолын біліп, кейінге насихат етсе ғана, әр қазақтың жүрегінде ұлтына деген құрмет орнары анық.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ.