22.02.2021, 9:47
Қараулар: 27
Әсері мол жүздесу

Әсері мол жүздесу

Қарауылтөбе ауылында 15 ақпан Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай ауған ардагерлерінің ерлігін кейінгі үлгі ете отырып, жас ұрпақты отансүйгіштікке, батылдыққа баулып, патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында «Ауғанның асуында от кешкендер» атты сыр сұхбат кеші оздырылды.

Дархан көңілді айтсаңызшы, атаулы күнге орай құттықтай барған оқушылар мен шара ұйымдастырушыларын ауылымыздың азаматы, ауған ардагері Біржан Сисенов жұбайымен дастархан жайып қарсылады. Жарқын жүздесуде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Қуаныш Нұрғалиев Кеңес әскері ауған жеріне елдің тыныштығын сақтау үшін көмекке ұмтылып, Қазақстаннан 22 мың сарбаз аттанса, соның төртеуі шағын ғана Қарауылтөбеден екенін айтты. «Есенжан Сисенов, Құсайын Жүсіпов, Біржан Сисенов, Бауыржан Изимовтардың бейбіт күндегі ерлігі еш ұмытылмайды. Бір өкініштісі сол соғыстан аман-есен оралса да, бүгінде арамызда Құсайын Жүсіпов ағаларың жоқ», — деді..

Оқушылармен емен жарқын әңгіме құрған Біржан  Кенжеғалиұлы да сол күндердегі естеліктерімен бөлісті: «Осы ауылында 1983 жылы мектеп бітірдім. Содан Магнитогорск қаласына оқуға түстім. Оқуымды аяқтап, ауылға келгеннен соң, армияға аттандым. Ол кезде армияға бару – ер азамат үшін парыз болатын. Алдымен бізді  Ташкентте жаттықтырып, тамыз айында  Ауған еліне аттандырды. Ол жерге барғандағы мақсатымыз – соғысу емес, дұшпандардың лаңкестігінен зардап шеккен бейбіт халықтың тыныштығын сақтау еді. Біздер барғанда, ол жақтағы халықтың тұрмысы тап бір  он үшінші ғасырдағыдай. Егіншілікпен өмір сүретін қарапайым адамдардың қолындағы құрал-жабдығы – ағаш соқа ғана. Сонымен үйінің қасындағы жерді жыртып, егін салып, күнін көреді.  Қыста салқын, жазда ыстық, таулы жер. Ауған солдаттарымен де бірге болдық. Олардың қару-жарақтары ескі. Біздің қару-жарақтарымызға қызығатын», – деп еске алды ол.

Мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Муслима Әлекешқызы ауған сарбазының жеке кітапханасындағы Амангелді Жантасовтың «Жартасты жастанған жасақ» кітабын байқап, осы туындының ол үшін қандай маңызға ие екенін, кітапта «Қара майор» деп аталған кейіпкердің кім екенін сұрады. Кешегі жауынгер осы шығарманы оқығанда өздерінің жастығында өткерген соғыс жылдарын есіне түсіріп, бейбіт күннің қадіріне жете түсінетіндігін айтты. Ал «Қара майор» деген лақап атқа ие болған кейіпкер – қазақтың батыры, аты аңызға айналған Борис Керімбаев екен. Ол бастаған «мұсылман батальоны» ұрысқа ыңғайлы жерлерді алып, соғыс біткенше ешкімге бермей сол аймақты ұстап тұрыпты. Негізінен, бұл кітаптың жастарды батылдыққа, патриоттыққа тәрбиелеуде мәні зор, әрі өз қазағымыздың ержүректілігін анық көрсетеді.

Кездесуге келген балалар Ауғанның отты жылдары жөнінде көп мәлімет алып, үлкен әсермен тарады. Мұндай кездесулердің ұрпақ үшін берері мол.

Светлана Аязбаева

кітапханашы,

ҚАРАУЫЛТӨБЕ