22.02.2021, 9:49
Қараулар: 30
Ұстаздың қызметі үздіксіз ізденісті талап етеді

Ұстаздың қызметі үздіксіз ізденісті талап етеді

Үздіксіз  өте шапшаң дамыған әлемде білім саласындағы күрделі өзгерістер мен жаңашылдықтар ұстаздар  қауымына  көп міндеттер жүктейді. Заман талабына сай  болу үшін әр педагог өзін жан-жақты дамытуы қажет. Біліктілікті арттыру курстарынан өту, инновациялық әдіс-тәсілдер арқылы  дайындалған сабақ, коучинг, конференция, вебинар, семинар сияқты түрлі шараларға қатысып қана қоймай, тәжірибе алмасып, жаңа форматтағы  шараларды ұйымдастырып, өткізе білу – бүгінгі педагогқа артылған салмақ.

Осы тарапта М.Абдолов атындағы мектепте серпіліс, ізденіске толы жұмыс  бар. Айталық,  облыстық  «Мектепті басқару. Білім сапасын жақсарту. Жаңа бағыттар» тақырыбындағы өткен  оқыту  семинарынан туындаған мақсат-міндеттерді басшылыққа ала отырып, мектептің 2021 жылдың ІІІ тоқсанының оқу-тәрбие жоспарларына тың идеялар  ұсынылып, толықтырулар енгізді.  «Білім беру 2.0…: Бүгінгі сұраныстар» тақырыбынан   туындаған идея бойынша  «Жеке педагогтердің  даму траекториясы»  тақырыбында  әдістемелік  өзін-өзі  дамытудың  жолдарын  ұсынды. Ұжым мұғалімдері бұл идеяны құптап, қазіргі күнде іске асырып, сабақтан  кейінгі  аралықта, санитарлық талаптарды сақтай отырып  ұйымдастыру  жолға қойылды.  Пән мұғалімдері, тәрбиешілер, жас мамандар тарапынан  дайындалған  жаңалықтардың   куәсі болып, тәжірибе қоржынымыз  толығуда.

Бұл бағыттағы шаралардың алғашқысында мектеп директоры  Венера  Ғарифқызы  білім саласындағы жаңа  заңдар  мен  реформаларға тоқталды. Ал оның оқу ісі  жөніндегі орынбасары  Маржан Иғалиева  пән мұғалімдерімен «PISA  жобасының даму стратегиясы»  тақырыбында бірлескен жұмысын ұйымдастырды.  Шарада бірін-бірі оқыту арқылы халықаралық зерттеулер туралы ақпараттар алды.  Сондай- ақ психолог Вибираба Орынбаева  «Эмоционалды жану синдромы» тақырыбын  түрлі тренингтер арқылы жан-жақты ашып көрсетсе, шағын орталық тәрбиешісі  Күляш Қапиятқызы «Қазақтың 100 әні» жобасы аясында  Абайдың әндерінің тарихына тоқталып, жақсы  мағлұмат  беріп қана қоймай, ұжыммен бірге осы әндерді әуелетті.

Тәжірибелі   ұстаздарының  бірі, педагог – зерттеуші Роза Құспанова   «Саралау тәсілдері – жаңартылған білім мазмұнында» тақырыбы  бойынша белсенді оқу әдістерімен бөлісті. «Мақсатқа жету мүмкін болмай жатырса , мақсатыңды емес әдісіңді өзгерт» деген  қағиданы  негізге ала отырып, тиімді ақпараттарымен бөлісіп, қысқа мерзімді сабақты жоспарлаудағы  тәжірибесін ұсынды.

Жас педагог  Талғат Төлегенұлы  ZOOM  платформасы  арқылы өткен дәрісінде  жаңа заманауи  технологиялардың  дамыған  уақытында өзгеріске тез икемделу қадамдарын үйретті. Сәндігүл Ақылбекқызы  әріптестеріне «Egov» қосымшасы  арқылы қажетті мемлекеттік  қызметтерді ешкімнің көмегінсіз санаулы минуттарда алудың жолдарымен таныстырды. Сонымен қатар, мектебіміздегі үш әдістемелік бірлестік мүшелері арасында  «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына  отыз кітап» акциясына байланысты  ақын-жазушылардың әдеби кітаптарын оқып, эстафета жолдады.

Ұжымымыздағы  осындай  керемет  бастамалар жалғасын табуда, әдістемелік  күндерден әрқайсымыз тәжірибемізді молайтудамыз.

Бибігүл. ТӘЖІДАЕВА

орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалім,

ЖАМБЫЛ