22.02.2021, 9:51
Қараулар: 24
Арманның арманы көп

Арманның арманы көп

Чапаевтағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы тәрбиеленушілерінің арасында өнерге таласы барлары көп.  Тағдыр талай сынағын тосса да, мойынұсынбай, жігері жасымаған осындай жандардың бірі – II топ мүгедегі Арман Макаров. Биыл 21 жасын ғана қарсылаған ол орталыққа 2018 жылы Орал қаласындағы балалар үйінен келді. Арманның бір ерекшелігі – қандай шара болмасын, ортасында болып, ерекше позитивтілігімен айналасындағыларды өзіне тартып тұрады.

Қазақта «Бар болсаң, нар бол» деген жақсы сөз бар. Осы сөз Арман үшін айтылғандай, себебі мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан, бос уақытын босқа сарп етпей, ән салып, еңбек терапиясы дәрістерінде іс те тігеді, дене шынықтыру сабағында түрлі спорттық эстафеталарда жарқырап көрініп, психолог,дефектолог, кітаханашы мамандарының сабақтарына аса қызығушылықпен қатысады.

Шектеулі екенмін деп шектелмей, қайта алға қойған мақсаттарына жетуге ұмтылысы жоғары. Қатысқан сайыстарынан олжасыз оралмайтыны тағы бар.  Ауданда өтетін ән сайыстарында бақ сынап, тәрбиешілерінің, тағдыр бір орталықта бастарын қосқан құрбы-құрдастарының арасында беделге ие болды. Мысалы 2019 жылы «Мейрбандық күндері» облыстық қайырымдылық айлығы аясында ұйымдастырылған «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» ХХІІ шығармашылық фестивалінің аудандық кезеңінде жеңіске жеткен ол облыста да топ жарып, «Эстрадалық вокал» аталымы бойынша «Құсни-Қорлан» әнін орындап, бас жүлдені қанжығасына байлады.

Жаз айларында өтетін «Жастар» саябағында өткен концерттерде жиі өнер көрсетіп жүр және жыл сайынғы 1-маусым балаларды қорғау күніне арналған қызықты бағдарламалардан қалыс қалып көрген жоқ. Әманда өрлігімен, алған бетінен қайтпас табандылығымен танылған  Арман әрдайымда алда болуға тырысады. Бойындағы өнері ақындықпен де ұштасып жатқандай, тырнақалды өлеңдерін жанашырлары, қамқоршылары – орталық қызметкерлеріне көрсетіп, әрі қарай талпынуда. «

Өнерін ұштап, қай ісінде де қолдау білдірген әрбір тәрбиешіге Арманның айтар алғысы зор. Болашақта әлі талай шыңдарды бағындыратына сенімді екенін көзіндегі ұшқыннан-ақ байқауға болады. Арман,  армандар орындалады, тек талпына бер.

Фарзана ҚҰСПАНОВА,

мұғалім дефектолог.