1.03.2021, 9:46
Қараулар: 192
Қайнаса бақшаның базары

Қайнаса бақшаның базары

Жыл сайын «Нәтижелі жұмыспен қамту және шағын кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасының аясы кеңіп келеді. Тұрмысы төмен, әлеуметтік көмекке мұқтаж тұрғындардың арасында бағдарламаның сұранысқа ие бағыты – бұл, әрине, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін мемлекеттік гранттар. Жуырда облыс әкімі Ғали Есқалиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында өңірде осы бағдарлама аясында «Менің аулам – менің бағым» атты жаңа жоба қолға алынатындығын жариялаған болатын. Жаңа жобаның ерекшеліктері, сонымен қатар грант беру тәртібін тағы бір мәрте нақтылап алайық деген мақсатпен аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Бақтыгүл Ержановамен сұхбаттастық.

– Бақтыгүл Ғилманқызы, жаңа жоба туралы толығырақ түсіндіріп өтсеңіз.

– Иа, облыс әкімі көтерген бастамаға сай енді бау-бақша салып, іс бастаймын деген ауылдастар үшін де қайтарымсыз грант берілмек. Жаңа жобаның «Менің аулам – менің бағым» деп аталуында да үлкен мән жатыр. Әрбір адамның өз үйінің маңында тиесілі ауласы бар, оны көркейтіп, бау-бақшамен жайнатып, несібесін сол арқылы тапса, керемет емес пе?! Бұл түсіне білгенге, үлкен мүмкіндік.  Көбінесе, біздің мекемеге грантқа құжат тапсыруға келетін жандар мал шаруашылығымен айналысуға ниет білдіріп жатады. Дегенмен, біздің аудан елдімекендерінің басым бөлігі Жайық өзені және суландыру каналдарының жағасында орналасқан, табиғаттың өзі беріп тұрған бұл мүмкіндікті тұрғындар ұтымды пайдаланғаны дұрыс.

Расын айту керек, дәруменге бай көкөніс, жеміс-жидекке келгенде, біздің тұрғындардың тарапынан салғырттық байқалады. Базарда өз ауласында өсірген өнімдерін саудалап отырғанын адамдар бірен-саран. Ұсынған тауардың көлемі аз болғандықтан, тұтынушылар өзге өңірлер, әсіресе, оңтүстіктен келген өнімдерді сатып алуға мәжбүр. Жергілікті бау-бақша өнімдерін өндірушілердің қатары көбейсе, сұранысты толық қамтуға мүмкіндік болады емес пе? Жобаның да мақсаты осы – бау-бақша өнімдерін өсіріп, табыс тапқысы келетіндерге қолдау көрсету.

Бізде жекелеген елді мекендерде ұжымдық бақша егу үрдісі қалыптасқан. Мысалы, былтыр аудан бойынша 65 жанұя картоп, көкөніс және бақша дақылдарын  15,6 га алқапқа екті. Қазір ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, жоба аясында ісін өрістеткісі келетін жандарға арнап ұжымдық бақша ұйымдастыруды қарастырудамыз.

Енді жобаның жүзеге асырылу барысына келер болсақ,  облыс басшысының ұсынысы бойынша грант есебінен жеміс-жидек бұталары, көкөніс тұқымдары және ағаштардың көшеттері беріледі. Қайтарымсыз қаражатты иеленген отбасының міндеті – өз ауласында өнім өсіру, оны күтіп-баптау. Сонымен қатар бау-бақша өнімдерін мемлекеттік тапсырыс арқылы сатып алу мәселесі де жоспарланып отыр. Яғни егер сіз осы жоба аясында грантты ұтып алсаңыз, өсірген өніміңізді нарық бағасымен сізден мемлекеттің өзі сатып алады. Қайда өткіземін, қалай сатамын деген сұрақ мүлдем туындамайды.

– Әр жобаны жүзеге асырарда барлық кедергі, қиындықтар алдын ала ойластырылады. Осы тұста қандай мәселелер туындайды?

– Әрине, жаңа жоба болғасын, өзіндік ерекшеліктері болатыны анық. Алдымен грантқа үміткердің көлемі ауқымды ауласы және «Еңбек» бағдарламасының шарты бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығанын растайтын «Бастау-бизнес» курсының сертификаты болуы тиіс. Біздің ауданда бау-бақшамен айналысуға ниет білдірген 21 адамның тізімі жасақталды. Бір әттеген-айы, олардың бірде-біреуінде жоғарыда атап кеткен сертификат болмай тұр. Аталмыш курстарды ұйымдастырып, өткізетін «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандағы өкілдерінің айтуынша, сәуір айында басталатын оқу дәрістеріне қазірдің өзінде 200-ге тарта адам жазылып қойған. Біз де өз тарапымыздан жаңа 21 адамымыздың кезектен тыс оқытылуына ықпал етеміз.

Осы тұста атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы мүшелерінен және бағдарламаның 1-бағыты бойынша біздің орталықтың жолдамасымен кәсіптік оқудан өткен адамдардан бұл  сертификаттың талап етілмейтінін ерекше атап өткім келеді. Осы санаттағы жандардың арасында бау-бақша өсіремін дегендер болса, жобаға қатысуға мол мүмкіндік бар.

– «Еңбек» бағдарламасы арқылы берілетін грант шарттарын тағы бір еске салып өтсеңіз.

–  Мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Ол қажетті мүкәммалды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, өсімдіктерді сатып алуға, коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілері, сондай-ақ сауда объектілері, оның ішінде жалға алу, пайдалану, сенімгерлік басқару құқығындағы объектілер аумағында бизнес-жобаларды іске асыру үшін ғимараттарды жалға алу ақысы ретінде пайдаланылады.

Бағдарлама аясында табысы аз, көпбалалы отбасылардың мүшелері, еңбекке қабілетті мүгедектер және жастар гранттар алуда басым құқыққа ие. Бастысы, жұмыссыз болу керек. Ауданда былтыр 120 адам өздерінің бизнес жоспарларына сай қайтарымсыз грант иеленсе, биыл қаражат көлемі 122 адамға қарастырылды. Ақша қайтарымсыз берілсе де, оның мақсатты жұмсалуы көзделген. Сондықтан әрбір грант иеленуші қаражат есепшотына түскен соң, үш айдың ішінде құрал-жабдық, мал-мүлік, өзге де шығындарын растайтын құжаттарды орталыққа тапсыруы керек. Дегенмен, осы құжаттарды тапсырмаған 4 адам бар, оларға әзірге 1 ай уақыт бердік. Егер де осы кезеңде құжаттарын тапсырып үлгермесе, сот арқылы берілген грант сомасын қайтартуға мәжбүр боламыз.

Тағы бір түсіндіріп кететін жайт, бағдарлама аясында гранта бөлінетін қаражат 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Нақты 500 АЕК емес, одан төмен мөлшердегі қаражатқа да бизнес-жоспар жасақтауға болады. Бізде осыны түсінбейтін жандар көп.

Жоғарыда атап өткенімдей, грант тек үміткердің бизнес-жоспарында көрсетілген мақсатта ғана жұмсалуы керек. Кейде осы құжатты жасақтап, тапсырған адамдар өздері бастайын деп тұрған кәсібінің негізін де түсінбей жатады. Осындай ісінің негізін қалар бұл құжатты өзге адамдарға жаздырып алды-ау деген ой да келеді. Ал бизнестің түп мәнісін түсінбесе, нарықты жеткілікті білмесе, істі жүргізу туралы түсінік қалыптаспаса, қай істің де қиюы қашатыны шүбасыз. Сондықтан биылдан бастап, әрбір үміткердің комиссия мүшелерінің алдында өздерінің бизнес-жоспарын қорғауын жоспарладық. Бұл грант қаражатына бастаған істің әрі қарай нәтижелі жүзеге асуына кепілдік беретіні анық.

  • Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Әсия ШЫРАЙ