1.03.2021, 9:50
Қараулар: 203
Қазақ халқына мың тағзым

Қазақ халқына мың тағзым

Алғыс айту күні  ең алдымен Отанымызда тыныштық, бейбітшіліктің салтанат құруына, барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына себеп болатын айтулы мереке. Осы айтулы мейрам қарсаңында ұлты қазақ бауырларыма, өзім мекен еткен аудан, ауыл халқына ризашылығымды білдіргім келеді. Қай кезде де қай ұлтты болсын алаламай, қолынан келгенін көмектерін аямайтын сондай бауырмал қазақ халқына мың рахмет!

Адамның адамшылығы – бір-біріне жақсылық жасауында. Ал жақсылықтың шегі жоқ және ол адам таңдамайды. Жақсылық жасаған ақ жүректі адам оның өтеуіне ештеңе сұрамайды да, дәметпейді де. Тек оған алғыс айту – құрметтің шыңы! Бұл мерекенің түп мәнісі, маңызы осында!

Қазақ халқының жомарттығы мен мәрттігі, қамқорлығы мен сыпайылығы, қонақжайлылығы мен әділетшілдігі жөнінде Ұлы далаға табаны тиген талай елдің саяхатшылары ерекше сүйсініспен жазып қалдырған. Демек қиналғанға демеу, тарыққанға жебеу болу халқымыздың қанында әу бастан бар қасиет. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» дегенді жадынан шығармаған қазақ халқы қай кезде де тағдыр тәлкегімен ел ауып келгенге құшақ жайып, алдына ас қойып, үйінен дәм татқызған. Бұл қағида қазіргі күнде де дархан пейілді қазағымның бітім-болмысымен түгел астасқан. Қашан көрсең де, ақжарқын ауылдастарым қолда барымен бөлісіп, әманда демеу көрсетуге даяр.

Ұлтым орыс болғанымен, жаны қазақтардың бірі менмін десем, ешкім қате дер қоймас. 1958 жылы Базартөбе ауылында дүниеге келдім. Бала кезімізден қазақы дәстүрлер мен салт-жоралғыларды бойымызға сіңіріп өстік. Кейіннен отбасымызбен бірге Ақбұлақ ауылына көшіп келдік. Сол ауылдан мектепті тәмамдап, колледжге мұғалім мамандығына оқуға түстім. Оқуды аяқтай сала, сол ауылда қазақ балаларына орыс тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Ортам қазақ, әріптестерім қазақ ұлты болған соң, мен де қазақи тәрбие көріп, сол ортаға сіңісіп кеттім. Бала кезімізде әкем Қазақстанның өз атажұртындай болып кеткенін жиі әңгімелейтін. Ұлы Отан соғысы кезінде  қазақ ұлтының қалай қол ұшын созып, қиын-қыстау уақытта нан-суды бөліп жегенін айтып отыратын. Әрбір ұлттың  шын бақыты татулық деген әкеміз бен анамыздың сөзін  санамызға сіңіріп өскесін, бала кезімізден бірге көршілермен қарым-қатынасымыз тамаша болатын. Бір-бірімізге көмектесіп, әрдайым бірлігіміз жарасып жүретін , әлі күнге шейін солай.

Қазақ халқына ризашылығым шексіз, бір туған бауырлар сияқтымыз. Осындай елде тұрып жатқаныма, кең пейілді қазақ жұртының ортасында жүргеніме мың да бір шүкіршілік айтамын. Біз тату көршілігі мен сенім-құрметі үшін жанымыздағы жандарға ризашылық айтуымыз қажет. Бейбіт күнде осындай дәрежеде өмір сүріп, қазақ ауылында тіршілік жасап  жатырғаныма мың шүкір. Осынау Алғыс айту күнінде барша қазақ ұлтына , көмегін аямайтын жанашыр жандарға, туған-туыс, бауырларыма, жерлестеріме өз ризашылығымды білдіргім келеді.

Айтулы күн жақсылықты бағалай білуге, әр іске жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастап тұр. Біз  қашанда әрбір игі іске ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтып отырамыз. Осындай құндылықтардың қадіріне жете білген елдің ғана келешегі кемел болары анық.

Ендеше, көңілді жадырататын жақсылық істеріміз бен айтар алғысымыз көп болсын!

Любовь Ахмадова

зейнеткер,

Ақбұлақ ауылы

АҚСУАТ