1.03.2021, 9:53
Қараулар: 123
Өткенге салауат

Өткенге салауат

Көктем айының беташары іспетті 1-наурыз күні біздің елде Алғыс айту күні болып , белгіленгеніне де биыл 6 жылдың жүзі болыпты. Бұл ағайынның бір-біріне құрмет көрсету күні, қиын да қилы замандарда қазақтың кең байтақ атырабынан пана тапқан сан алуан ұлт өкілдерінің Қазақстанға риясыз сезімін білдіретін, ортақ тарихымызды ұлықтайтын күн. Бейбітшілік, достық пен ауызбіршілік – біздің елдің басты байлығы. Осы мереке қарсаңында тұғырлы Тәуелсіздігі бар байтақ елді мекендеген ұлттар мен ұлыстар қазақ халқына ықылас-пейілімізді көрсете білсек деген тілек айтқым келеді. Себебі әманда дархан көңілімен жер бетіне танылған халыққа қошемет пен құрметімізді, сенімді жолдастығымызды жиі білдіріп тұруымыз керек деп есептеймін.

Қазақстан халқының Ассамблеясының құрылған күніне белгіленген осы күнде бір-бірімізге алғыс айтып, ізеттілік таныта білген де жөн. Елбасының саясатына зор ризашылық білдіре отырып, бейбіт күннің қадірін жете түсінсек абзал.

Ақжайықта дүниеге келіп, қазаққа келін атанған менің айтар алғысым шексіз, бала кезімнен қаракөздермен дос болып, бауырларымдай болып кетті. Менің атам Григорий  Стармоусов Бәйтерек ауданы Үлкен Шаған ауылында дүниеге келіп,  Родник Новый (қазіргі Жаңабұлақ ауылы) агроном,  кейін экономист болып ұзақ жылдар қызмет жасады, ал әжем дүниеге 9 перзент әкелген батыр ана. Ал әкем Андрей құрылысшы болып еңбек етті. Анам Сібірдің Барнаул қаласында дүниеге келген. Жаңабұлақ ауылындағы орта мектепте орыс тілі әдебиеті пәнінен сабақ берді, қазір зейнеткер. Мен үйдің үлкенімін, артымнан ерген екі  інім бар. Ата-анама мың алғыс, мектепте біз оқыған кезде орыс тіліндегі сынып болса да, бізді қазақша оқытып, елді, тілді құрметтеуге бағыттады. Өзім араласқан қазақ достарыма, сыныптас құрбыларыма алғысым зор. Мектепте болсын, ересек өмірде болсын,  шетқақпайлық көргеніміз жоқ. Соның ішінде бала кезден құлын тайдай тебісіп өскен жан құрбым Динаның тіл үйреніп, салт дәстүрді меңгеруде зор септігі тиді.

Мен оқуымды бітіріп, жоғары оқу орнын тәмамдап келгесін аудан әкімшілігіне хатшылық қызметке орналастым. Күні бойы алдыңа түрлі адам келеді, бәрі де бетіме қарап, сұрақтарын орысша қоя бастайтын. Арасында үлкен ата-әжелер де бар, сондайда қазақ тілінде жауап бергенімде барлығы, әсіресе ауылдық ағайындар разы болатын.

Бүгінде жарым Азаматпен бірге екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Алдымда алтын енем бар, үйде үлкендер болса, қазақтың дастарханы жиналмайды. Осындайда салт-дәстүрді мықтап сақтау керек, келген қонақ «келінің орыс екен» деп, кешіріммен қарамайды. Тартатын табағы, өзге де құрметі  бар, бірінен сүрінсең, ұяты ата-енеңе келеді. Қазақтың келіні ретінде ұлттық тағамдарды да  дайындап үйрендім. Айран, көже, бешбармақ, қуырдақ, өзге де жылы жұмсақтар дастарханымыздан үзілмейді.

Көктемнің алғашқы айының алғашқы күнімен тұспа тұс келетін алғыс айту күніне қазақ ұлтына ата-анамның және барлық этнос өкілдері атынан алғысымды білдіргім келеді.

Қала сәнін берсе егер, ауыл – көрік

Бірте –бірте кетеміз тәуірленіп,

Ынтымақ, сыйластықпен күн кешейік

Бір елдегі әр ұлттар бауыр болып, – деп, еліміз мерекелі де берекелі болсын деген тілекті жолдаймын.

Светлана СТАРМАУСОВА,

аудандық  аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы