1.03.2021, 10:04
Қараулар: 130
«Арулар әлеміндегі» бір кеш

«Арулар әлеміндегі» бір кеш

Жазда кешқұрым серуендеуге шыға қалсаңыз, жол бойында жүгіріп, шынығып жүрген жандарды кездестіруіңіз ғажап емес. Спорт алаңындағы көше тренажерлерінде де жаттығып жүрген жандар, соның ішінде қыз-келіншектер аз емес. Және соңғы жылдары осылайша салауатты өмір салтын арулардың қатары аудан орталығында қалыңдап келеді. Бұқаралық спортқа ортақтасқан нәзік жандылар қыстың қытымыр аязында қайда жаттығады екен? Бұл сұрақтың жауабы әзір. Әрине, «Арулар әлемі» финтес орталығында.

Тілші болғаннан кейін көзбен көріп, қызмет орнында бетпе-бет тілдескенді жөн көреміз ғой. Біз де бір кешімізді арнап, жаны мен тәнінің сұлу болғанын қалайтын қыз-келіншектер жаттығатын осы орталыққа бас сұқтық.

«Арулар әлемі» фитнес-орталығы 2017 жылы аудан әкімдігінің қолдауымен ашылғанын біреу білсе, біреу білмес. Аты айтып тұрғандай нәзік жандыларға арналған бұл орталық содан бері келушілерге қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Әйткенмен, былтыр көктем айларында елге келген ауыр індеттің салдары бұл жерді де айналып өтпеді. Төтенше жағдай, карантин уақытында көпшіліктің саулығына қатер төндірмес үшін, жұмысты уақытша тоқтатуға тура келді.

Кесел бәсеңдеген соң, нысан қайта ашылып, жаңа ғимараттан – Абай атындағы мектеп- гимназиясының бұрынғы интернат кешенінен  орын тепті. Біз келгенде біраз адам жиналып та қалыпты. Бәрі қаз-қатар тізіліп, дене жаттығуларын жасап жатыр екен. Орталарында спорт нысаны ашылғаннан бері жаттықтырушы болып қызмет атқаратын Гүлнәр Бабатаева. Қызметі қауырт жанның бес минут аяқ суытуға да уақыты жоқ, жаттығуға келген аруларға нұсқау беріп жүр. Әйтеуір іле шала әңгімелесіп, аз уақыттың ішінде қағазға түртіп алардай мәліметімізді алып үлгердік.

Оның айтуынша, бұрындары келемін деушілерге есік әрдайым ашық болса, бүгінде санитарлық талаптарды сақтау үшін келушілер саны да, жұмыс уақыты да шектеулі:  кешкі 18 30 да басталатын жаттығу жұмыстары екі сағаттан соң аяқталуы керек. Алдын ала жазылыммен бір мезетте бес адамға қызмет көрсетеді. Осы аралықта келушілер  жүгіру жолдарымен өтіп, зілтемірлер көтеріп, велотренажер, секіргіштермен жаттыға алады.

– Менің қыздарым бұл орталыққа үзбей келеді. Әрине, олардың мақсаты – дене бітімін жақсарту. Бірі арықтаймын деп келсе, енді бірінің, керісінше, салмақ жинағысы келеді. Спортпен енді айналыса бастағандарды бірден өз бақылауыма аламын. Себебі өздерінің күштерін дұрыс бағалай алмай, бұлшық еттерін ауыртып алуы мүмкін. Сондықтан бірден барлық тренажерде жаттығып қажеті жоқ, алдымен денені қыздырып алып, соңынан ауырлау техникаларға ауысамыз. Сонымен бірге, аса бір ескере кетер жайт – қыз-келіншектердің денсаулығы. Мысалы, қан қысымы жоғары, жүрегі дімкәс жандарға жүгіруге мүлдем болмайды, көз жанары төмендерге ауыр салмақтармен жаттығуға да кеңес бермес едім. Осындай тиым мен ұсыныстар көп-ақ, осының бәрін елеп-екшеп қана, жаттығуларға кірісеміз, — дейді жаттықтырушы.

Орталықтың ішінде тренажерлердің көптігі соншалық, олардың атын атап, түрін түстеуге газеттің бір парағы көтермейді. Әрқайсысында бір-бір ару жаттығумен айналысып, жеке бағдарлама бойынша денесін шынықтыруда. Солардың қатарында Чапаев ауылының тұрғыны Гүлзада Рысқалиева да бар. «Менің жасым 32-де. Ең бастысы, фитнеспен шұғылдану адамды сергітіп, оған ерекше көңіл-күй сыйлайды екен, соны байқадым. Осында келгелі қабағым ашылып, айналамдағы дүниеге позитивпен қарайтын болдым. Және денсаулыққа да пайдалы. Бұрын тізе-буындарым сырқырап, ауыратын. Мұнда келгелі, біраз басылып, жүріп-тұруым жеңілденді, әрі артық салмақтан да біраз арылдым. Әрине , нәзік иықты болғаннан соң алғашында нұсқаушының көрсеткен жаттығуларын орындап шығу біраз қиын болды. Қолымнан келмей жатқанда, біраз намыстанатынмын. Өйткені, ауыр зілтемір көтеру, велоспортпен айналысу секілді түрлері оңайға соқпады. Әйткенмен алдыңа мақсат қойып, бойдағы күш-жігерді  жұмсаса, тез үйреніп алуға болатынын білдім. Спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға ешқашан кеш емес. Ниеті бар жастарға, сіңлілеріме спортпен шұғылдануға кеңес беремін. Әйел болғасын, сұлулыққа іңкәрміз ғой, жан сұлулығымен қатар тән сұлулығын жетілдіргіміз келеді»,- дейді.

Ал Айман Шанаеваның осы орталықта жаттығып жүргеніне 3 жыл толыпты. Өзін «осы фитнес орталықтың ардагерімін» деп таныстырды әзілдеп. «Бастапқы уақыттарда шаршағанмен, жаттығуға етің үйреніп, бар  ынтамен беріліп кеткеннен кейін жанды жадыратар әсерлер қалыптасады, сергітеді. Барған кезде барлығын мұқияттап түсіндіріп, жаттығудың қыр-сырын ыждағаттылықпен түсіндіретін тәжірибелі жаттықтырушы Гүлнар Сағынбайқызына өз алғысымды арнаймын. Денсаулық жайында айтылған  шағымдарға  байланысты қолдануға болатын немесе болмайтын спорт құралдарын дәл тауып ұсынады. Мысалы, қан қысымы орта нәтижеде  болса, алдымен өзі массаж жасап, қалпына келтіріп береді. Мүлде жоғарылап тұрса ,төмен түскенше әзірге спортпен айналыспауымыз керектігін  ескертеді. Бір сөзбен айтқанда, ол жатығушылардың әрқайсысының көңілін тауып, құлшынысын арттыра алады. Көбінесе  мұнда  жас қыздар барады. Аяқ-қолы сырқыраған егде жастағы апаларымыз да осы  жерден табылып жатады».

Ә дегенше болған жоқ, карантиннің талабымен шектелген 2 сағаттық жұмыс режимі де аяқтала қалды. Байқасақ, мұндағы қыз-келіншектердің өзіндік бір әлемі бардай, бір-бірімен шүйіркелесіп, көріскенше жақсылық тілесіп, тарқап жатыр. Лайым, дүниенің сүйкімін жан мен тәннің сұлулығын үндестіруге тапқан арулардың қатары көбейе берсін!

Л.ӨТЕГЕНОВА