1.03.2021, 10:07
Қараулар: 75
Артық ғылым кітапта

Артық ғылым кітапта

Бүгінгі таңда барлық адамзат алдында тұрған  басты мақсат — білімді ұрпақ тәрбиелеу. Ал, ұрпақ білімді  қайдан алады? Әрине кітаптан. “Кітап – білім бұлағы, білім-өмір шырағы”-деген  ата-бабамыз кітапты  ерекше ақылшы ұстаз  санағаны да сондықтан.  “Кітапхана – білімнің күн шуағы” десек, “ізденсем, білсем” деген балаға рухани орданың есігі әрқашанда ашық.

«2020-2025 жылдарға арналған білім беру ұйымдарының мектеп кітапханаларын дамытудың  Жол картасы» аясында оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру бағытындағы   «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында Базартөбе орта мектебінде ерекше шаралар ұйымдастырылуда. Жуырда мектеп кітапханашысы Р.Тасқалиеваның ұйымдастыруымен бастауыш сынып оқушыларының әжелерінің арасында «Әжемнің ертегілері» атты челленджі өтіп, ауылдағы әрбір ақжаулықты немерелеріне айтып берер халық жауһарларымен бөлісті.

Ерекше айта кетерлігі, бұл шараға қатысқан  әжелердің бәрі белсенді болды. Атап айтсақ, Рысты әже оқушыларға  «Алтын түлкі» ертегісін мәнерлеп оқып бергенде, тыңдағандардың көз алдына айласымен көпті арбаған қу түлкінің бейнесі келгені анық. Бақытжамал әже «Алтын сақа» ертегісін оқып, оқушылардан түсінгендерін сұрады. Райса әже болса, оқушыларымызға жаңа ертегілердің бірі – «Шырша мен тиіннің баласын» айтып, оқушылардан ертегі желісі бойынша қандай ой түйгендеріне тоқталды. «Шалқан» ертегісін айтып берген Алтын әже халық ауыз әдебиетінің осы түріне түсінік берді. Оқушылар ертегілерді қызыға тыңдады. Әжелеріне алғыс ретінде 1 сынып оқушылары «Бауырсақ» ертегісінен көрініс көрсетті.

Мектеп кітапханасы қорын заманауи басылымдармен толықтыру мақсатында ұйымдастырылған «Үздік сыйлық-кітап»  қайырымдылық акциясы да балаларды кітаппен дос болуға, өзінің қиялын, ішкі жан-дүниесін озық шығармаларды оқи отырып, дамытуға шақырды. Акцияға  мектеп ұжымы мен оқушылар  қатысты.  Алдымен мектеп директоры Н.Кенжеұлы кітапхана қорына сыйлық кітабын ұсынып, жақсы істен қалмаған баршаға алғыс білдірді. Ұжым мүшелері сыйлыққа тартқан кітаптарын ұсынып, тілектерін білдірді, акция жалғасын табуда.

Асыл Бактығалиева,

мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Базартөбе