1.03.2021, 10:09
Қараулар: 69
Ауру жануардан аулақ болсақ

Ауру жануардан аулақ болсақ

Көшеде, не біреудің үйіне бара қалғанда, итке қабылып, мысығы тырнап алған оқиғалар басымыздан өткен шығар. Бірақ тіс пен тырнақтан қайсыбір қауіп келер дейсің деп, елемей жатамыз. Әйткенмен, осындай жағдайда ит пен мысық, жалпы сүтқоректілерден жұғатын кесел – құтырудың зардабы туралы бір де біреуіміз ойламаймыз.

Құтырма-вирус арқылы таралатын, қауіпті  жұқпалы ауру. Дүние жүзінде жыл сайын құтырма ауруынан 55 мың адам көз жұмады десек, оның 99 пайызында – жұқтыру көздері ит.

Аурудың қоздырғышы  адамдарға ауырған жануарлардың  сілекейі арқылы  жұғады. Ауруды таратушылар жабайы аңдар: қасқыр, түлкі, қарсақ. Олар ірі қара, жылқы, қой, ешкілерге, ит пен мысықтарға ауру жұқтырады.

Құтырмамен ауырған адамдар суды көрсе, судың сылдырын, тіпті су деген сөзді естісе, оларда қорқыныш пайда болып, артынан жұтыну қабілеті жоғалып, бір тамшы суды жұта алмай, арты өлімге әкеледі. Сондықтан бұл ауруды «гидрофобия», немесе «судан қорқу» деп те атайды.

Егер ауырған ит қарғыдан босап кетсе, ол жолында кездескен жануар мен адамдарды бірден тістейді. Әдетте ит кесел жұқтырған 5-ші немесе 6-шы күні өледі.

Қазіргі кезде көрсетілетін антирабиялық көмектің бұл аурудың алдын алу үшін тигізетін себебі мол. Құтырмамен негізінен антирабиялық көмек алмағандар, болмаса оны толық көлемде алмағандар ғана ауырады.

Егер, жануар немесе ауырған жабайы аңдар қапқан адам немесе жануарлардың сілекейі денесіне тиген адам уақытында медициналық көмек алатын болса, онда құтырмамен ауыратындар болмас еді. Сондықтан ем шараларды, егу жұмыстарын өз бетімен тоқтатуға немесе медицина қызметкерлері белгіленген тәртіпті (арақ ішуге, ащы тағамдарды жеуге) бұзуға болмайды, бұндай жағдай орын алса, жүргізілген емдік шаралардың пайдасы жоқ деуге де болады.

Егер аң немесе жануар  қауып алса, одан пайда болған жараны сабынды жылы сумен мұқият жуып, артынан дәрігерге көріну керек. Құтырманы болдырмауға арналған егу жұмыстары неғұрлым ерте жүргізілсе, мұндай шаралардың нәтижесі соғұрлым жақсы болады.

Үйде ұсталатын иттер мен басқа жануарлар ауыра қалған жағдайда, оларды тез арада мал дәрігерлеріне көрсетіп, тексерту қажет.

Айгуль Буранова,

аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы