1.03.2021, 10:11
Қараулар: 132
Жақсының жақсылығын айт

Жақсының жақсылығын айт

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген, редакцияға жолдаған осы хатымда өмірімде кездескен жақсы адамдар жөнінде жазайын деп шештім.

Мен келер жылы қаңтар айында 90 жасқа толамын. Осы ұзақ жасаған ғұмырымда 4-5 ауданда қызмет атқарып, еңбек еттік. «Адаммен адам біліскенше» демей ме, жұмыс барысында не бір жақсы-жайсаңдармен жұмыстас, жолдас, дос болдық. Өмірде жақсы адамдар көп болады, тек соларға жолықтырудың сәтін айт. Кейін жолдасым екеуміз зейнетке шыққан соң, Ақжайық ауданы Чапаев ауылына көшіп келдік. Мұнда да көңілі кең, көпшіл адамдармен бірге араласып, олардың зор ілтипатын көрдік, өзіміз де айналамыздағыларға сай өзгеге ізет білдіріп, барынша демеуге тырыстық.

Соның бірі де бірегейі аудан әкімінің орынбасары болып көп жылдар жұмыс істеген Мензипа Дүйсенбайқызы Жұматова. Мен жүзі жылы, талдырмаш, құба өңді, өн бойы ибалыққа толы осы азаматшаны 2000 жылдан бастап білемін. Бірде аудандық мәдени-демалыс орталығында (бір кездері «Мерей» кинотеатры) үлкен жиын өтіп, соған жолдасым екеуіміз шақырумен бардық. Бірден бәріне тәртіп беріп, бәрін орынына қойып жүрген жап-жас, әп-әдемі, күлім көз, шашын сәнді етіп түйген, көз тартар келбетті, сөзі, жылы сөзімен алда отырған ардагерлердің іші-бауырына кіре жаздаған қылықты келіншекке көзім түсіп, кім екенін білейін деп, жанымдағы жолдастан сұрадым. «Бұл осы аудан әкімінің орынбасары Мензипа Дүйсенбайқызы Жұматова болады», -деді ол. Содан бастап танымасам да, осы адамды іштартып, өз қызымдай көріп кеттім. Отбасылық араласым болмаса да, есігін қағып көмек сұрап бармасам да, мен жақсы көрдім.

Жалақы, зейнетақыларын ала алмай қиналған кездерде адамдармен жүздесіп, солармен тіл табысып, айқай-шусыз ақылға шақырып, күні ертең жақсы боларына көздерін жеткізіп, адамгершілік танытуының өзі бір төбе. Ауданның ең қиын саласы білім, медицина, мәдениетін тікелей өзі басқарған Меңзипа аудан әкімімен бірлесе  Тайпақтан бірталай өнер адамдарын орталыққа тартып, жұмысқа орналастырып, баспанамен қамтамасыз еткені де өткен күндердің еншісінде. Сол лекпен аудан орталығына келген Сағынтай, Тілес, Мәлік, бүгінде марқұм болған Көшерғали бауырымыз келіп қалған болатын. Сол жылдары мәдениет саласының жоғарғы деңгейге көтерілгеніне ел куә.

Осындай ақындардың келгеніне қуанып, мен де былай дегенім бар-ды:

Тайпақта Сағынғали, Жұбан туған,

Ақын көп ағалардың жолын қуған.

Жырлайды топырағы Тайпағымның,

Ақындық бұл өңірде тұқым қуған.

Осылайша келген азаматтардың шетінен өнерпаз екендіктерін мақтан тұтқаным шығар.

Міне, осындай жұмыстар көп айта берсең. Әрине, бүгінгі жастардың да еңбегі зор, әйтсе де, күні кеше жұмыстас болған, білікті басшының тәрбиесін көрген олар Меңзипаның бұл еңбегін үлгі етсе, бұл да тәрбиенің бір түрі.

Раушан Сілемғалиева,

тыл ардагері.