1.03.2021, 10:12
Қараулар: 117
Обаның алдын алыңыз

Обаның алдын алыңыз

Оба ауруы адамзат тарихында қоғамның дамуына көп кедергі келтірді. Қазіргі уақытта Африканың, Азияның, Оңтүстік Американың бірқатар елдерінде жыл сайын адамдар оба ауруымен ауырып, өмірден озып жатыр. Ғылымның дамуының және оба ауруына қарсы жүргізіліп жатқан шаралардың арқасында ғана оның дүние жүзіне кең таралуына жол берілмей отыр.

Ауырған адамнан сау адамға төнетін қауіптің зор екенін халық ерте заманнан-ақ түсінген. Оба шыққан жерлерде жұрттың үрейі ұшып, үйлерін, тіпті ауырған бала-шағаларын тастап, бастары ауған жаққа қашқан. Сөйтіп, олар ауруды бір жерден екінші жерге таратуға себепкер болған. Бұл адамзат тарихында болған деректер.Сондықтан ата-бабаларымыз жеті жұттың қатарына оба ауруын да жатқызған. Әлі күнге дейін елімізде обаның табиғи ошақтары анықталып жатады, сол себепті аурудың таралмауы үшін барлық амалды жасауымыз керек.

Оба ауруының қоздырғышы адамға әртүрлі жолмен жұғады. Осыған байланысты ауру сипаты да  түрлі болады: без, тері, өкпе және септикалық. Обаның без түрі  адамдарға трансмиссиялық (бүрге, кене) және жанасу жолдары арқылы жұғады. Обаның бұл түрі, әсіресе, індеттің табиғи ошақтарында жиі кездеседі. Әр табиғи ошақта түрліше себептер болуы мүмкін. Мысалы, кеміргіштер ортасындағы оба індетінің қарқынына, сол жердегі тұрғындардың істейтін жұмыстарына, тағы басқа себептерге байланысты. Обаның табиғи ошағында індетті кеміргіштердегі паразит жәндіктер – бүргелер таратады. Міне, сол бүргелер қан сору үшін іннің аузына қарай жылжиды. Егер сол іннің жанында  адам болса, аш  бүргелер оны шағып, оба ауруын  жұқтырады.

Адамға оба қоздырғышы жұққаннан кейін аурудың белгісі екі-алты күннен  соң ғана білінеді. Оған дейін микробтар денеде өсіп-өніп, уын жая береді. Медицинада оны «жасырын кезең» дейді. Бұл кезең өткен  соң ауру кенеттен пайда болады. Адам тоңып, қалтырайды, дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Науқастың денесі ауырлап, әлсіздік пайда болады. Басы қатты ауырып, айналады,  жүрегі айнып, құсуы мүмкін. Кейде ауру адам есінен танып, аласұрып, сандырақтайды. Денесін дерт билеген адам мас кісі сияқты шайқалып, теңселіп, тәлтіректей береді.

Адамда қорқыныш, күйзелу, үмітсіздік сезімдері пайда  болады. Дененің улануының салдарынан жүрек-қан  тамыр жүйесі зақымданады. Жүректі тексерген кезде оның ұлғайғаны байқалады. Аритмия пайда болады (жүрек соғысы бір минутта 120-160 рет). Артериялық қантамырының қысымы төмендейді. Тілінің үстінде ақ түсті өңез пайда болады. Аузы құрғап, жұтқыншағы қызарады, тіпті майда қантамырлары жарылып, қан құйылуы да мүмкін. Көмекей бездері ісінеді, кейде іріңдейді. Бауыр және көкбауыр ісініп, ұлғаяды. Қатты науқас адамның құсығында қан пайда болады. Үлкен дәреті сұйылып, қан мен кілегей бөлінеді. Ақырында адамның жүрегі нашарлап, өліп кетуі мүмкін.

Осы аталған аурудың  сипаттамасы обаның барлық түріне ортақ.  Атап өтерлігі сол, егер обамен науқастанған адам дер кезінде дәрігерлік көмек  алса, оның толық жазылып кетуіне мүмкіндік бар. Оба ауруынан сақтану  үшін дер кезінде обаға қарсы егілу керек. Ауырған түйені мал дәрігерлік тексеруден кейін ғана сойып, қолдануға болады.  Айта кететін жайт, қазіргі күнде обадан өлген түйенің нарықтық құны төленуі қарастырылған. Ауру аңдарды (әлсіз, қозғалысы баяу) ұстап, терісін сыпыруға болмайды. Ауру белгілері пайда болғанда дереу дәрігерге хабарласқан жөн.

«Сақтансаң, сақтармын» дегендей,  біз оба ауруының  қандай  қауіп-қатер, қайғы-қасірет әкеліп, елімізге қаншалықты  экономикалық  зиян шектіретінін еш уақытта  ұмытпағанымыз  дұрыс.

Роллан ДЖУМАГАЗИЕВ

Чапаев обаға қарсы күрес бөлімшесінің зертхана меңгерушісі.