9.03.2021, 11:10
Қараулар: 130
Өмір үшін арпалысқан он сағат

Өмір үшін арпалысқан он сағат

Өткен аптада «Орал – Атырау» тасжолының бойында орын алған апаттар жұртшылықтың жүрегін қайыстырды.  Айдың күні аманында қара жолда жерлестеріміз ажал құшып, ағайын-тума, ауылдастары қара жамылды.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 22 ақпанда осы жолдағы жол-көлік оқиғасынан 6 адам қаза болған еді.  Атамекен ауылының тұсында бетпе-бет соқтығысқан «Тойота королла» мен «Лада приора» көлігінің жолаушыларының арасында жалғыз бір адам ғана аман қалған болатын. Бірақ ауыр жарақат алған жанның өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер жан аямай арпалысты.

Атырау облысының тұрғыны, 42 жасар ер адам бірден оқиға орнына шақырылған «Жедел жәрдем» қызметкерлері жақын орналасқан Тайпақ ауылындағы ауруханаға жеткізеді. Мұнда келгеннен кейін дәрігерлер аяқтарынан тік тұрып, бірден қолдан келген бастапқы көмекті көрсетіп, ауырсынғанын басыпты. Дегенмен жолаушының ішкі құрылысындағы жабық жарақат түнгі сағат 22-ге таман сыр беріп, жағдайы төмендейді. Бұл жағдайды назарында ұстап отырған аудандық аурухананың директоры, жоғары санатты хирург Алмас Жүнісбеков қасына жас хирург Дәурен Құдесов, анестезиолог-реаниматолог Мұрат Социаловты алып, дереу жолға шығады.

Тайпаққа жеткен бойда операция залына кіріп, дереу науқастың ішкі қуысына отаны бастайды. Жоғарыда айтқанымыздай, жарақаты ауыр жанды операциядан өткізуге екеуі бірден кіріскенімен, білікті әріптестерінің қолдауына зәру болатын. Облыс орталығынан мамандар алдыртайын десе, тәулік бойы соққан боранның салдарынан жол қозғалысы тоқтатылған болатын. Көрші аудандағы әріптестерінің адам өмірі үшін арпалысып жатқанын естіген Жаңақала аудандық ауруханасының бас дәрігері, 14 жылдық тәжірибесі бар жоғары санатты хирург Сержан Есенгөбеков жолдың қиындығына қарамастан, көмекке асықты. Жаңақаладан шыққан ол Чапаев ауылына жеткенімен, алда әлі Тайпаққа дейін 150 шақырым жол жүру керек. Ауа райы нашарлап, «Орал-Атырау» жолында қозғалыс мүлдем тоқтатылған еді. Адам өмірін сақтап қалуға асыққан дәрігерге көмек күтпеген жерден келді. Жол полициясының қызметкерлері патрульдік көлікпен С.Есенгөбековты Тайпақ ауылына бір сөзге келместен жеткізіп салады.

Медицинада «алтын уақыт» деген термин бар. Егер науқасқа дер кезінде көмек көрсетілсе, оның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік молынан. Жол апатынан зардап шеккен бір адамның өмірін сақтап қалуға тек медицина мамандары емес, полиция, өзге де қызметтер жұмылып, осылайша алтынмен парапар уақытты текке жібермеді. Соның арқасында адамды ажалдан арашалап қалды.

– Жолаушыны ажал ауызынан алып қалу үшін жасалған ота 10 сағаттан артық уақытқа созылды. Қазір науқастың жағдайы тұрақты ауыр, дер кезінде көрсетілген көмектің арқасында аман алып қалды. Дегенмен ең басты қиындық артта қалды. Оның үстіне 26 ақпан түнде болған апаттан зардап шеккен тағы 6 адам жеткізілді. Жағдайы ауыр екеуі аудан орталығына жөнелтілсе, тасымалдауға келмейтін бір жолаушы біздің ауруханада дәрігерлердің қарауында., – дейді Тайпақ ауылдық ауруханасының меңгерушісі Сәбира Сүндетова.

Басты байлық – өмір үшін санаспай, қол ұшын созған  барша мамандарға мың алғыс.

Ескерте кетейік, өткен аптада болған 3 жол апатынан 11 адам опат болып, 8 адам түрлі жарақат алды. Бұл деректердің өзі жолға шыққан жүргізушіге сақ болуды қаперлейді. Аман болайық!

Әсел САҒЫН