9.03.2021, 11:12
Қараулар: 115
Жауапкершілік пен тиянақтылық қаперге салынды

Жауапкершілік пен тиянақтылық қаперге салынды

Өткен аптаның жұмасында аудан әкімдігінің кеңейтілген кеңесі өтті. Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов төрағалық еткен отырыстың күн тәртібінде бірнеше мәселе қарастырылды.

Алдымен аудан бойынша ағымдағы жылдың 2 айында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай жөнінде аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Қанатбаев баяндады. Оның келтірген деректеріне сүйенсек, ауру жұқтырған 149 жағдай тіркелсе, 8 адамның өміріне дәрігерлер, өкінішке қарай, араша бола алмаған. Олардң 54-інде клиникалық белгілер байқалмаса, коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмониямен ауырғандар саны – 14.

– Осы аралықта аудандық полиция бөлімі және мониторинг топтарынан карантин талаптарын бұзу бойынша 9 іс келіп түсті. Түнгі қозғалыс режимін бұзған 5, сонымен қатар көпшілік орындарда маскасыз жүрген 3 тұлғаға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды, – дейді Ерлан Кенжеғалиұлы.

Төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары туралы баяндаған аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Темірхан Қажғалиевтің сөзінше тұрғын үйдің өртенуінің алдында алу мақсатында қызметкерлер биыл 740 ауланы аралап, ескерту-түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ол сонымен қатар көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат берді.

Кеңесте шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыс істейтін адамдарды ресми тіркету үшін қолға алынатын іс-шаралардың алгоритмімен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Әлібек Бакиров таныстырды. Ол ұсынған деректерге сай, ауданда өткен жылдың 9 айының есебі бойынша 617 жеке кәсіпкерлік нысанда қызметке тұрған 986 адам болса, осы кезеңде 1212 шаруа қожалығында 1359 адам жұмыс істейді екен. Орташа есеппен алғанда, әрбір бизнес нысанында небары 1,3 жұмысшы бар. Бұл көрсеткішті ұсынылған алгоритмге сай сауатты жұмыс жүргізе отырып, 2,2-ге дейін арттырудың мүмкіндігі бар. Бұл мәселені ауылдық округ әкімдері күн тәртібінен түсірмеуі керек, — деді ол.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбек Замеров 2021 жылы аудан көлемінде жүргізілетін абаттандыру жұмыстарының жоспарын ұсынды. Аталмыш жоспарға елдімекенде мал бағымын ұйымдастыру, үй жануарларына арналған айыппұл тұрағын ашу, мал моласын жасақтау, жол бойындағы аялдамалардың тұсына әжетханалар орнату, өзге де маңызды міндеттер енгізілген.

Отырыста аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Ермуханов наурыз айындағы мерекелік шараларды ұйымдастыру барысы жөнінде баяндады.

Аудан әкімі күн тәртібінде көтерілген мәселелердің маңыздылығына баса назар аударып, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдеріне берілген тапсырмаларды орындауда жауапкершілік пен тиянақтылық танытып, бақылауда ұстауын қаперледі.

Ә.СЕРІКҚЫЗЫ