9.03.2021, 11:15
Қараулар: 158
Ынтымақ ырыспен еселенеді

Ынтымақ ырыспен еселенеді

Береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың бастауы болып табылатын мереке – Алғыс айту күніне орай аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов бизнес өкілдері, еңбек ардагерлері, ҮЕҰ мүшелері, сала қызметкерлерімен емен-жарық жүздесу өткізді.

Аудан басшысы жиналғандарды өңірде атқарылған жұмыстармен таныстыра келе, індетпен күресте бір кісідей жұмылып, көмекке асыққан азаматтарға ерекше алғысын білдірді:

– Баршаңызды адамгершілік пен бейбітшілікті сүю, мейірімділік пен рақымдылықтың мерекесі – Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Өткен жыл еліміз үшін қаншалықты қиын болғанымен, індетті жеңеміз деп біріккен ағайынның арқасында қолдауға мұқтаж жандар назардан тыс қалмады, медицина саласына да қолын созған жанашырлардың арқасында науқастардың денсаулығын сақтап қалуға жағдай жасалды. Даладай дархан қазақ ұлтының өз бауырларына, жерлестеріне деген көңілі осыдан-ақ көрінеді. Бүгінгі мейрамның да мәнісі осы – қиын-қыстау уақытта өзгені бауырына тартып, қиындықта жалғыз қалдырмаған халыққа алғыс білдіру. Жұртымыздың өзге этнос өкілдеріне деген кең пейілділігі, мейірімділігі тұғыры мығым берекелі бірліктің қайнары екені анық. Керегедей кең шаңырақтың астына уықтай бекіген ұлттар мен ұлыстар қашанда бірлік танытса ғана, береке-ырысымыз тіпті арта түсері сөзсіз, – деді ол.

Жиналғандарды мерекелік кешке алғысын арқалай келген «Радуга» славян мәдени-ұлттық орталығының мүшелері құттықтады. Бірлік пен ынтымаққа үндеген ән шырқаған өзге ұлт өкілдері қазақ ұлтына деген шексіз құрметін ізгі тілектерімен жеткізді. Солардың ішінде ардагер-ұстаз Борис Хорошкин де бар: «Мен өзімді қазақпын деп мақтана айтамын. Менің құлын-тайдай тебісіп өскен замандастарым, бірге талай жыл білім саласында еңбек еткен әріптестерім, екі үйдің бірі болып сыйласып жүретін көршілерім қазақ болса, мен неліктен қазақ болмаймын. Бәрімізді біріктіретін бір ғана мақсат – Отанымыздың гүлденуі, көркеюі.  Қазақ, орыс, шешен, кәріс – бәріміз біріксек, ортақ шаңырағымыздың мәртебе-беделі артатынына шүбә жоқ», – деді ақжарылқап тілегін ақтарған ақсақал.

Мерекеге қатысты лебізін білдірген еңбек ардагері Дәулетжан Жақсыбаев Тәуелсіздігіміздің 30 жылында атқарылған жұмыстарды еселеп, көпшілікті туған жерді өркендетуге бағытталған істерге жұмылуға шақырды.

Аудан басшысы жантүршігерлік көлік апатында өмір үшін күрескен дәрігерлер Алмас Жүнісбеков пен Дәурен Құдесовқа облыс әкімінің, мейірбике Сандуғаш Қуанышқалиқызына өзінің Алғыс хаттарын тапсырды. Сонымен қатар есенсайлық ардагер-ұстаз Күләш Жұмағазиеваны мерейлі 80 жасымен құттықтап, сый-тартуын табыс етті.

Әсем ЕСБЕК