9.03.2021, 11:16
Қараулар: 162
«Мейірім сөресі»

«Мейірім сөресі»

Қайырым мен ізгілік, шапағат пен мейірім – адамгершіліктің белгісі. Осыны шуақты мереке Алғыс айту күнінде жарыса жақсылық жасаған аудан жұртшылығы тағы бір дәлелдеді. Аудан орталығында осы күні «Қайырымды істер марафоны» жалпы ұлттық жобасы аясында «Мейірім сөресі» атты акциясы өтсе, әрбір ауылдық округте қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Игі шараның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған аудандық іскер әйелдер кеңесі.

«Өркен» коворкинг орталығында өткен бұл шараға аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев қатысты. Ол жиналғандарды алғыс айту күнімен құттықтап, сауапты істі қолға алғандар мен оған үлестерін қосқан жандарға ризашылығын білдірді. «Әманда жақсылықтан қол үзбеген халықпыз. Қандай қиын кезеңде де ата-бабаларымыз бір үзім нанды бөлісіп жеп, өзгенің ауыртпашылығын өзінікіндей көтеріп, небір алмағайыптарды еңсерген. Бүгін де міне, «Қайырымды істер марафоны» дархан пейілді, жомарт жерлестеріміздің басын игі істе тағы біріктірді. Аудан кәсіпкерлері, мекеме-бөлім қызметкерлері, мәслихат депутаттары, өзге де мәрт азаматтарымыздың бұл жақсылықтары үлгі етуге де, мақтауға да тұрарлық», – деді ол.

Ұйымдастырушылар атынан сөз алған Ләззат Сейткереева қайырымы мол шарада бір кісідей жұмылған жерлестеріне алғысын айтты: «Бір қолымен бесікті бір қолымен әлемді тербеткен әйелдер қауымының  қоғамдағы ілкімді істерде үлесі зор. Соның бір дәлелі – бүгінгі ұйымдастырылған шара. Қайырымдылықты ұран етіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созған барша жерлестерім қайырымды қоғамдағы жарқын іске ұйытқы болды. Біз ешкімді мәжбүрлеп, үгіттеген жоқпыз. Жомарт жандардың өз еріктерімен жеткізілген азық-түлік, өзге де тауарларға бүгін сөрелер сіресе лық толды. Көңілдің кеңдігінен бәрі. Бұл тек бастамасы ғана, алдағы уақытта осындай іс-шаралар жалғасын  табады. Көмекке мұқтаж бір отбасыны қуантсақ, біз үшін сол мерей, — деді ол.

Ерекше атап өтерлігі, кең залды қоршай тізілген кең сөрелер азық түліктер мен жеміс жидектерге, тұрмысқа керекті заттарға толған. Орташа есеппен алғанда, жеке кәсіпкерлер, мекемелердің демеушілігімен 2 510 000  теңгенің заттары жиналыпты. Олар осы шараға келген аз қамтылған және көп балалы 65 жанұяға тегін таратылды.

Осындай шара ұйымдастырып, қайырымды істі қолға алғандарға ауыл тұрғындары да дән риза. Алты баланың  анасы Эльмира Ихсанова былай дейді: «Бүгінгі қайырымдылық акциясын ұйымдастырушыларға ризашылығым мол. Шүкір, мемлекеттің көпбалалы отбасыларға қолдауы молынан. Әйтсе де, ағайын бізге әрдайым қарайласып, қолдан келген көмегін аямайды. Аудан мешіті, жастар ұйымы, кәсіпкерлер үнемі қолдау көрсетіп, қолтығымнан демеп жүр. Міне, бүгін де азық-түлікке толы сөрелерді көріп, ағайынның кеңпейілділігіне тағы бір мәрте таң қалдым. Бұл бастама жалғасын таба берсін демекпін. Мүмкіндігі төмен отбасыларға көмек қолын созған жандар кәсібінің нәсібін көрсін.  Бір ғана жақсы істің арқасында қаншама отбасы қуанышқа бөленіп отыр» , – деді ол.

Асыл ҚАЙРАТ