9.03.2021, 11:18
Қараулар: 97
Қайырымдылықтың сауабы мол

Қайырымдылықтың сауабы мол

1 Наурыз — Алғыс айту күні орай ауданымыз бойынша бірнеше игі шаралар ұйымдастырылды. Әр округте қайырымды істер акциясының барысындағы  ауыл азаматтарының пейілін, ниеті мен ықыласын көріп замандастарымыздың бойында осындай қасиеттердің бекемдігіне шынымен қуанасың.

Әр ауылдық округ орталықтарының әкімшілік ғимаратында, азық-түлік дүкендерінде  «Мейірім сөресі» орналастырылды. Ауыл тұрғындары шама-шарқынша сөрелерді күнделікті керек-жарақпен толтырып, оларды жағдай төмен отбасыларға таратты.

Сонымен қатар, Тайпақ ауылында  Алғыс айту күніне арналған «Ұранды елдің — ұрпағы қайсар» атты дөңгелек үстел өтті. Шара барысында пандемия кезінде көмектескен жеке кәсіпкер кәсіпкер Еркебұлан Әжікеновке, ауылдың көркеюіне үлес қосқан азаматтар  Ербол Рысжанұлы және  Әсет Сайынұлына ауыл әкімшілігі тұрғындар атынан өз алғысын білдірді.

Сондай-ақ Алмалы ауылында жеті  отбасыға қаржылай әрі азықпен демеуші болған  жандар Нұрлан Абайұлы, Мүбейін Тоқтарұлы, Рита Рамазанқызы, Лиза Елдосқызы, Мұрат Ізтілеуұлы да халықтың зор ризашылығына бөленді. Бударин ауылындағы «Жайдарман» әжелер ансамбілімен кездесу ұйымдастырлып, дастархан жайылып, алғыс айту күнінің негізгі мақсаты жайында әңгіме өрбіді. Ауданда, қалаберді облыста өтетін шараларға белсене қатысып, ауыл атын шығарып жүрген бұл ұжымға ауылдастары дән риза. Айтулы мереке құрметіне ауыл тұрғыны  Бақытгүл Баянова бір қойдың етін үш отбасыға теңдей бөліп берді.

Есенсай ауылының жеке кәсіпкерлері де қайырымдылықтан құр алақан емес. 9 отбасыға  арнап азық-түлік және киім-кешек таратты. Қарауылтөбе ауылында ауыл әкімшілігі мәдениет үйі қызметкерлерімен бірлесіп, ауылдың қарияларына барып, алғыс жаудырды. Сонымен қатар  6 отбасыға қаржылай қолдау көрсетілді. Ауылда жасалып жатырған ізгі амалдарға тұрғындар дән риза.

Қазақтың қанына сіңген қасиетте сол – жақсылық жасау. Жақсылықтың, қайырымдылықтың сауабы мол. Мұндай акциялар аудан бойынша әрі қарай да жалғасын табатын болады.

Ләззат ӨТЕГЕНОВА