9.03.2021, 11:19
Қараулар: 246
Қыстың қырсық мінезіне шыдамады газ бен су …

Қыстың қырсық мінезіне шыдамады газ бен су …

Жайық бойын жағалаған жұртшылық қыстың көзі қырауда қатты қысылды. Біраз жыл қатарынан болмаған аяз бен боран қос өкпесінен алған инфрақұрылым нысандары табиғаттың тосын мінезіне шыдай алмағай, көпшілікті әбігерге салды. Боранның салдарынан орын алған жол көлік оқиғалары жан түршіктірсе, кей ауылдарда екі-үш күндеп жарық өшіп, жергілікті тұрғындардың бас ауруына айналған газ жүйесі де сыр берді. Өткен аптада орын алған апатты жағдайларға редакция тарапынан шолу жасап, бұл олқылықтарды болдырмаудың жолын іздеп көрдік

Электр желісінің 80 пайызы тозған

Иә, расында да, аудандық электр тораптары желісінің басшысы Асқар Ахмедияровтың сөзіне сүйенсек, аудандағы электр желісіндегі сымдар мен бағаналардың 80 пайызының әбден тозығы жеткен. Сондықтан жел үп етсе, жарық өшіп, электр энергиясына күні түскен тұрғындардан маза қашады. Өткен аптадағы ауа райының қолайсыздығы бұл саланы да біраз сынады. Қатты желдің әсерінен ауданда 493 абонент жарықсыз қалды.

Айталық, электр станциясында орын алған апаттың салдарынан Қабыршақты, Жамбыл, Бітік, Үштөбе ауылдарының тұрғындары электр қуатын пайдалана алмай қалса, боранда ауыл арасындағы сымдар үзіліп, Алғабас ауылдық округінің Жаңажол, Тегісжол, Қарағай, Тоған елдімекендерінде 3 күн бойы электр тораптарын іске қосудың мүмкіндігі болмады.

– Қабыршақтыда орын алған жағдайға келер болсақ, мұнда қосалқы станцияның қызметін қамтамасыз ететін құрылғы істен шығып, ауыстыруға мәжбүр болдық. Орын алған апаттың ауқымдылығы соншалық, қалпына келтіруге аудандық электр тораптары желісінің техника жағынан қауқары жетпей, облыстан көмек шақыртылды. Олар қажет құрылғыны уақытында жеткізіп, техникасымен барлық қолдауды көрсетсе де, жөндеу жұмыстары үш күнге созылды. Ақсуат, Алғабас ауылдарында да сым үзіліп, боранда жалғауға мүмкіндік болмай, ауа райы саябырсыған соң ғана жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір барлық елдімекендерде электр куаты бар, қалыпты жұмыс істеп тұр», – дейді аудан әкімінің орынбасары Ердос Үмітов.

Асқар Ахмедияровтың айтуынша, аудан көлеміндегі электр тарату желілерінің ұзындығы 2312 шақырым болса, 1850 шақырымға тартылған сымдарды ауыстыру қажет. Сонымен қатар 22490 бағананың 18352-сінің құлайтын күні жақын. «Біздің қарамағымыздағы 455 трансформаторлы қосалқы станциялардың 188-ін ауыстыру қажеттілігі туындап отыр. Әрине, бұл салада көптен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, желілердің әбден тозығы жеткені рас. Дегенмен біз де қол қусырып отырған жоқпыз, қолдан келген барлық шараны атқарудамыз. Айталық, былтыр Үштөбе, Бітік ауылдарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аудан орталығындағы Тауқалақов көшесінің сымдары ауыстырылса, биыл Ілбішін, Верхнее Вологино (Алғабас ауылдық округі) желілерінің бойындағы сымдарды жаңартамыз. Сонымен бірге Чапаевтағы Ақжайық тұйық көшесі, Қарасай шағын ауданы, Меңдалиев көшелерінде де осындай жұмыстар жүргізілмек», – дейді ол.

Аязда қатқан су

Апат айтып келмейді деген, өткен аптада ауыз су мәселесі бір емес, бірнеше ауылда өткір тұрды. 23 ақпанда Жаңабұлақ ауылында суды мұнараға жеткізетін тұрба қатып қалып, аудандағы «Жайықтехсервис» кәсіпорнының жігіттері 1 сағат ішінде жөндеп, бұл жағдайды қалпына келтірген.

Тап осы күні Қабыршақты ауылында сөнген жарықтың салдарынан ауылға су берілмей қалған. Оқиға жөнінде хабардар болған мекеме қызметкерлері бірден ауылға жетіп, үш бірдей нысанды бар құрылғылармен жылытыпты. «Әрине, біздің сала үшін өткен апта оңай болған жоқ. Қабыршақтыдағы электр энергиясымен жұмыс істейтін  екі су көтерме станциясы мен су сүзгілері орналасқан ғимаратты 3 күн қатарынан жылытып отыруға тура келді. Өйтпесек, сол нысандардағы бүкіл құрылғылар істен шығып қалатын еді. Жарық қосылған бойда ауылға су берілді», — дейді кәсіпорын директорының орынбасары Тимур Мырзағалиев.

Ертеңгі күн де ауыз судың жеткізілуін қамтамасыз ететін мекеме үшін оңайға соққан жоқ. Бір емес үш ауылдың су жүйесінде ақаулықтар орын алды. Атап айтсақ, Көнеккеткен мен Жанама ауылдарында су құбырлары қатып қалып, абырой болғанда, 2 сағаттың ішінде барлығы қалпына келтірілсе, Базаршоландағы жағдай күрделірек. Мұнда ауыл ішінде бірнеше жерден құбыр жарылып, тұрғындар ауыз сусыз қалды. Жолдың қиындығына қарамастан, аудан орталығынан арнайы бригада шығып, жөндеу жұмыстарына кірісті. Аптаның дүйсенбісі мен сейсенбісінде де осы жағдай қайталанып, бригада тағы да жолға шығуға мәжбүр болды. Қазір ауыз сумен қамту жүйесіндегі кемшіліктердің бәрі реттелген.

«Сулы газдың» әбігері бітпей тұр

Жайық бойын жағалаған жұртшылықтың көп жылдан бері көкейінде жүрген мәселе – газдың жиі өшіп қалуы аяз қысқанда тағы мазалады. Қара суық басталып, күн күрт суытқанда аудандағы көпшілік «тек үйімізді жылудан айырмасын» деп тілейді. Ауа райы мың құбылған өткен аптада да осындай жағдай тағы бірнеше мәрте қайталанып, қытымыр аязда қатқан конденсаттың кесірінен жылусыз қалды.

«Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, газдың айырылу оқиғаларын тізбектемей, бірден бұл мәселенің қашан шешілерін білейік деп аудан әкімінің орынбасары Ердос Үмітовқа сауал жолдадық. «Ауданның Алғабас ауылдық округіндегі елдімекендерінен өзгелеріне көгілдір отын «Ростоши-Тайпақ» магистралды газ құбырлары арқылы жеткізіледі. Алдымен мұнай тасымалданып, кейін су айдалған бұл құбырлардың жайы – аудандағы ең күрделі мәселе. Құбырда конденсаттың жиналуынан күн суытып, қайта жылынған кезде газдың саябыр тартып, кей жағдайда мүлдем өшіп қалатындығы жөнінде облыс, республикада хабардар. «Казтрансгазаймақ» акционерлік қоғамының басшылығына жыл сайын хат жазып, жағдайды түзетуін талап етіп отырмыз. 2017 жылы олардың тарапынан қозғалыс байқалған болатын, нақтырақ айтсақ, аталмыш магистралды жөндеудің І кезеңі басталып, 5,69 шақырымы сол жылы ауыстырылды. Ал 2018 жылы 11,02 шақырым құбыр жаңартылды. Осымен жұмыс тоқтап қалды», — дейді ол.

Қолымыздағы бар ақпаратқа сүйене отырып, оқырманнан сүйінші сұрағымыз келіп тұр. Мәселенің өзектілігін ескере отырып, «Ростоши-Тайпақ» магистралын жөндеу жұмыстары «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізілді. Бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жасақталған Жол картасында 52,29 шақырымға созылған құбырларды жөндеудің жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтап, толық ауыстыру қарастырылған. Расында да, аудан елдімекендерінің барлығы биылдан қалмай газбен қамтылады деп жоспарлап отырғанымызда, көгілдір отынның басты арнасының жөнделгенін тілейтін жұрт та көбеймек. Облыс, республикада мақұлданған жобаның тезірек жүзеге асқанын тілейік, ағайын.

Ал электр энергиясына келер болсақ, аудан әкімінің есепті кездесуінде бұл мәселе тұрғындар тарапынан көтеріліп, жиынға онлайн қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев осы саланы коммуналдық меншікке аударып, жергілікті әкімдік тарапынан жаңғырту жұмыстары биыл басталатынын атап өтті. Расымен, тозығы жеткен электр желілерін қайта қалпына келтірудің бірден-бір жолы осы. Қазір облыс, аудан әкімдігі құлаған бағананы ауыстырып, үзілген сымды жалғайын десе, заң жүзінде қаражат бөлуге еш құқы жоқ. Себебі, барлығы жекеменшіктің қолындағы табиғи монополияларға қарасты.

P.S. Қылышын сүйреген қыстың соңғы күндерін өткізіп, көктемге де аяқ басқандаймыз. Десе де осы мақаланы баспаға дайындап жатқан күні, яғни 3 наурызда сағат 14.00-де аяқ астынан газ өшті де, қалды. Әрине, аудандағы тиісті мекеменің қызметкерлері уақытпен санаспай, күннің райына қарамастан, әр үйдің жылу мен жарықтан, судан тарықпауы үшін атқарған еңбегін кемітуге болмайды. Десе де, мәселенің жуық арада шешіліп, әр баспананың тұрбасынан түтіні бұрқырап, шырағы сөнбегенін қалай жұрт.  «Отын олжа, су нұрлық» болатын күнге аман жетейік!

Әлия ШАРАПИЕВА