9.03.2021, 11:28
Қараулар: 313
Білегімен мыңды жыққан Кенжеқыз

Білегімен мыңды жыққан Кенжеқыз

Құтты Ақжайық мекенінен  небір спорт  майталмандары шығып, ауданның абыройын асқақтатты. Кезіндегі Сайлау Мұқашев, Асқар Шораев , Дәулет Мұнайтпашов, Екатерина Пальгова сынды майталмандарымызыдң артынан ерген Ринат Қалмен, Даниял Сәбитов, Жанна Қазтуғанова, Жанәділ Ғазизов сияқты белгілі спортшылармыз баршылық. Ал бүгінгі санымызда нәзік жанды болса да, спортқа жаны жақын,қол күресінен біраз деңгейге көтерілген базаршоландық чемпион  Кенжеқыз Қаупенова туралы болмақ.

Кенжеқыз  осы күнге дейін спорт саласында осындай дәрежеге жетемін деп те ойламаған. Ата-анасы, үш ағасы, бір әпкесі бар отбасының кенжетайы. Ол  Ғ.Махамбетов атындағы орта мектепте білім ала жүріп, волейбол ойнаумен айналысты. Сол кезден бастап оның спортқа деген назары ауып, қызығушылығы күн сайын басымдық береді. 9 -сыныпқа дейін білім алып шыққан бойда Кенжеқыз еш ойланбастан 2013 жылы облыс орталығындағы  Орал гуманитарлық-техникалық колледжге дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түседі. Сол студенттік шағы басталғаннан бері Кенжеқыз қол күресімен айналыса бастайды. Өзінің бапкерлерімен бірге  күн сайын жаттығулар жасап, қолын шынықтырады. Уақыт та көп өтпей Кенжеқыз ең бірінші жарысқа қатысып бағын сынайды. Алайда ол жарыстан жеңіліске ұшырайды. Бірақ ол бұл жеңілісінен үлкен сабақ алады. Қай жерде, қандай күш қолдануды үйреніп, өз қателіктерінен сабақ алады. Кенжеқыздың алға қарай ұмтылуына мүмкіндік береді. Талмай еңбектенудің арқасында ол одан сайын шындалып, өз саласына төселе бастайды. Әр жарыстан сабақ алып, қай жерде жеңісті де жеңілісті де қабылдауды үйренеді. Аз уақыттың ішінде біршама жетістіктерге жетіп,  әлем чемпионы деген титулға ие болады.

Осы уақытқа дейін түрлі ел мен жер аралап, толағай табысқа жеткен чемпион қыздың жеткен жетістіктері бір төбе. ҚР қол күресінен спорт шебері атағына ие болу жолында ол біршама қиындықтарды басынан өткерді. Сол  нәрсесі ақталып,.бүгінгі таңда аудан мақтанатындай дәрежеге жетіп отыр.

2015 жылы Семей қаласында өткен сайыста ҚР Кубогының иегері, сол жылы Тараз қаласында өткен Азия ашық кубогында қола жүлдегер атанды. Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында күміс медалді қанжығасына байлады. 2016 жылы Өскемен қаласында өткен ҚР Чемпионатында күміс, сол жылы Болгария елінің Благоевград қаласында өткен Әлем чемпионатында қола жүлдегерге ие болды.  2017 жылы Қырғызстан мемлекетінің Ыстықкөл қаласында ұйымдастырылған Азия чемионатында қола медальға ие болды.  Венгрия астанасы Будапештте өткен қол күресінен Әлем чемпионатында бақ сынып, 1 орынға табан тіреді. 2018 жылы Павлодар қаласында өткен әйелдер арасындағы ҚР чемпионатының күміс медальдың иесәі атанып, сол жылы Талдықорған қаласындағы  жастар арасындағы ҚР Чемпионатында топ жарып бірінші орынға табан түйреді. Алматыда өткен әйелдер арасындағы ҚР чемпионатта тағы да біріншілікті қанжығасына байлап, еңіспен оралды.  Бурабайда өткен жастар арасындағы Азия  Чемпионатында 1 орын және сол мекенде өткен әйелдер арасындағы Азия  Чемпионатында үштікті еншіледі. Сондай-ақ 2018 жылы Түркия елінің  Анталия қаласында өткен Әлем чемпионатында күміс жүлде иегері атағына ие болды. Жас болса да, өз алғырлығымен талай белесті бағындырған оның шәкірт тәрбиелеу жолында да жетістіктері аз емес.

2017 жылы колледжді тәмадаған соң, білімін шыңдау үшін жоғары оқу орнына  түседі. Оқумен қатар, жұмысты қатар алып жүрген чемпион қыз Орал қаласындағы №4, одан соң  №5 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде қол күресінен жаттықтырушы болып қызмет атқарады. Аз уақыттың ішінде спортқа баулып, тәрбиелеген шәкірттері биік шындардан көрініп, додаларда жеңіспен оралып жүр. Соның бірі Ажар Уағап сынды оқушысы  Алматы қаласында өткен ашық Азия чемпионатында  қол күресінен 3 орын алса, 2020 жылы Алматыда өткен Қазақстан Кубогында  2 орын және тағы бір шәкірті Көркем Сырым  үштікке ілікті. Кенжеқыздың айтуынша, спортпен айналысу үшін ең алдымен ниет, содан кейін бар талант керек. Қол күресі үшін жеңіске жетудің өзіне 1 секунд жетіп артылады. Ең бастысы мойымай, жеңіске ұмтылу керек»,- дейді. Жеңістің төріне шығуына да осы қасиеттер қажет-ақ. Қазіргі таңда 42 баланы жатттықтырып, спортқа баулып отырған ол шәкірттерінің бойындағы шынайы қасиетті бағалайды.Және өз жаттығушыларына ешқашан мойымай, үнемі алға ұмтылып, ерінбей жаттығу қажет екенін талап етіп отырады.

Жарқын жетістіктерге толы спортшы қыздың басты мақсаты Ақжайық ауданынан әлемдік деңгейге шығып, өнер көрсететін болашақ чемпион ұл-қыздарды тәрбиелеу. Осы жолда ең алдымен тынып таппай еңбектену керектігін айтады Кенжегүл. Қазірігі таңда Чапаев ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша өткен жылдың қыркүйек айында жұмысқа орналасқан. Үкіметтен біржолғы қаржылай көмекті де алған. Аз уақыттың ішінде өз жұмысы мен ортасына тез сіңіп кеткен оны әріптестері  мақтан тұтып, болашақта өзі сынды спортқа жаны құмар балаларды тәрбиелеу жолында аянбайтынына мол сенім артады.

Ләззат САМАТҚЫЗЫ