9.03.2021, 11:39
Қараулар: 166
Кіндік жұрт — Қазақстаным

Кіндік жұрт — Қазақстаным

Сағат Әбдуғалиев. Егер тірі болғанда ақпанның соңғы күндерінде қаламынан жауһар жыр тамған ақын 73 жасқа толар еді. Алла нәсіп еткен аз ғана ғұмырында қазақ поэзиясынан өзіндік орнын тапқан ол небары 36 жасында мына өмірмен қоштасып кете барды. Ендігі жерде бізге қалғаны – ақынның мұрасын ұлықтап, рухына тағзым ету. «Жүрегіне түскен жаһанның жүгін» ешкімге артпай, бір өзі көтерген арда азаматымыздың шығармашылығынан өлеңдерді газет оқырманына ұсындық. Есімін ел ардақтаған ақынның рухы пейіште шалқысын.

 

Сағат Әбдуғалиев

КІНДІК ЖҰРТ – ҚАЗАҚСТАНЫМ

Тудырып пікір таласын,

Жайым жоқ елді екшемек,

Бөлмеймін қазақ даласын:

Жетісу,

Жайық,

Көкше – деп.

Даңқтан дарқан дәулетім,

Шабыттың шоғын шат үстеп,

Бөлмеймін баба әулетін:

Оңтүстік,

Шығыс,

Батыс – деп.

Оятып түнде үш рет,

Інжуін тапсын ізгі өлең.

Ұлы деп,

Орта,

Кіші – деп,

бөлмеймін және «жүзге» мен.

Шапағат шағым шашты ірең,

Көңілді билеп құт кенен.

Жаудан да бетер қаскүнем

Жұртымды,

Жерді жіктеген.

Жойылсын адам аласы,

Кеппеген күншіл ұрты удан.

Қарқара қазақ даласы,

Теңізі,

Тауы бір туған!

Жаңбырлы жаздың жалты игі,

Шалғынға түсіп шық-теңге.

Қазақтың жаны аңқиды:

Жусаннан,

Қардан,

Сүттен де!

Арғымақ шалып қырларға,

Сүйемін күнді,

Ай төсін.

Рухымды көріп тұрғанда,

Руымды сұрап қайтесің?!

Бөлмеймін түрге түндікті еш,

Тұғырда тұрам тас түйін.

Қаңтарды бірге кіндіктес:

Қарт Арал,

Ертіс,

Касипийім.

Төсеулі көрпе, төрі кең,

Табатын туыс,

Дос талай.

Жанымның бірге көгімен:

Гурьев,

Шымкент,

Қостанай…

Сарыарқа жері – сом алтын,

Бұрымы бидай,

Сәнді иық.

Маңқыстау – донор,

Жомартым

Ғасырға жатқан қан құйып.

Қаратау жері -қазынам,

Толағай істен тапты ырыс.

Сылыңғыр Сырдың жазынан,

Сырғасын қақты ақ күріш.

Бұлбұлға толы көгалы,

Жетісу жері – жыршы әлем.

Жайықтың бегей бораны,

Серілігің үшін бір сәлем!

Балға мен Орақ – бас таңба,

Тұрпатын елдің танисың.

Тоғайдан,

Көлден,

Тастан да

Жұтамын жұпар нан исін!

Қияннан мені тартады,

Ошақтың әрбір оты ұнап.

Не деген едің арқалы,

Қазаққа біткен топарық!

Сандуғаш таңда саз құйып,

Жаңбырға жастай жудым бет.

Аспан да менен аз биік,

Алдияр жерде тудың деп!

…Сайраттың құмбыл құс тілде,

Жанымның жаз ағыстарын.

Тілегім сенің үстінде,

Кіндік жұрт – Қазақстаным!

 

ИДИЛЛИЯ

Қиындықта күйзелген мен бе сынып,

Көрейік көрпемізге жөн көсіліп.

Пірәдар боп қайтемін пақырсыған,

Менде де бар, әрине, пендешілік.

Көкіректе кісінеп барша құлын,

Жалғыздықта сақтадым жан сабырын.

Қуартпады күн нұры көктеменің,

Қар астынан қылтиған қарша гүлін.

Қателіктен қызарып бетім-бесін,

Есігінде тірліктің жетілді есім.

Серіліктің сыйқы да соқыр тиын

Басыңнан бақа-шаян секіргесін.

Шексіздерге жататын шеті ұласып,

Шапағатқа арманның оты ғашық.

Кристалдай кіршіксіз дегенді де,

Пенделіктің жүреді тоты басып.

Естеліктер түсіріп еске нені,

Сан алуан сұрақтар сес береді.

Тағдырдың азды-көпті таяғы ма…

Ер жігіт кектемейді ештеңені.

Тіршілікке ынтазар табан-сүлік,

Торабымды сапардан табам шығып.

Жамандықтың жағасы жыртылмайды,

Алты алашқа ағайын – адамшылық!

Тепсінетін табанда темірді үзіп,

Шындықты мойындар небір бұзық.

Ірі қылып жаратып әлдекімді,

Ірілікті сүймейтін өмір қызық!

Құдайшылар күткенде көктен шырақ,

Өмір деген – ағытып өткен сұр ат.

Қасық қаны қазақтың болса менде

Шенділерден жүрмеспін шекпен сұрап.

Қасиетін танытқан қаспақ беттің,

Балалықтан басталар бастапқы екпін.

Қулықтар мен сұмдыққа кіжінгенде,

Тіршілікті келеді тастап кеткім.

Төзімдердің тоздырып көк тағасын,

Жөнсіздіктен айтамыз жоққа да сын.

Адам да бір мәдіғұн көбелек қой,

Өзі тығып жүреді отқа басын!

ЖАҢҒЫРЫҚ

Тектілерге түспейтұғын күні түк,

Мұндар болсам, мәртебемнің міні тұт.

Жаным маған жасыл түсті дейсің бе,

Сенің дилы дидарыңды ұмытып.

Сәуірлерде тасымайды сай тегін,

Жалқы жүрек жұбаныштың айт емін.

Бір ақынға жар болудың бақытын,

Болмыс саған бұйыртпады, қайтемін.

Нүктелерді ноқталайтын үтір ғып,

Сақал сатқан сайтандарға түкірдік.

Солармен де саратанда су ішіп,

Тірі жүрген тірлігіме – шүкірлік!

Өмір кейде көрсеткенде өгей сын,

Шыңыраудан бұлдырайды бегей шың.

Жалғыздарға жан беретін керексе,

Жақсылардың жұтар демі көбейсін!

Жанарымның жоғалтам деп нұр шығын,

Талпынғанның көрдік талай қырсығын.

Тап өзіңдей бір адам да ұқпайды,

Менің машқар жүрегімнің дүрсілін.

Сағыныштан сусап келем қаталап,

Бәдәуиге болмайды екен бата қат.

Егіз бақыт еншісінде есті ұлдың:

Бірі – Отан, екіншісі – Махаббат!

Сол баяғы он сегіздей таранып,

Менің жүдеу жанарыма қара нық.

Бір бақыттың босағасы берік қой,

Бір бақыттың жетпейтіні дәл анық.

Парасаттың пернесінен күй аңдып,

Қасиеттер қоймасына жиям құт.

Нақ осыдан он сегіз жыл бұрынғы,

Жүзіңдегі жымиып тұр ұяңдық.

Алмағайып жоғалғанда абат таң,

Бозторғайым бес құрлыққа таратты ән.

Шәркездікпен шаттық іздеп шырмалдық,

Шайханада шірей жұтқан шараптан.

Бұл шындықтан құтылмақшы кім бұғып,

Мәрте-мәрте мазалайды мұңды үміт.

Бәз-баяғы бозбала мұрт қалпында,

Өзіңе арнап жыр жазатын жындылық.

Туған дала бөбегіне бесік – төр,

Төскейінен тере берсін несіпті ел.

Қызықтармай қойды мені қашанда,

Шен-шекпені шегеленген есіктер.

Пақырлыққа пәтерлес қой пенделік,

Тұнжырайды  төсіңдегі тоңды еріт.

Жыр жазатын жындылығым үшін де,

Өнер-ата алды атына өңгеріп.

Тәжікемді жеткізбейді от тіл кем,

Өтті, кетті қателіктер бет тілген.

Әкім ұлы болмай жалғыз әкенің,

Ақын ұлы болып елдің кеттім мен!

ЖАНЫМНЫҢ ЖАЛҒЫЗ БҰЛБҰЛЫ

Жайқалып жонда қыр гүлі,

Жарықтан табар тоят кім?

Жанымның жалғыз бұлбұлы

Жазира таңда ояттың.

Ояттың мені нәзігім,

Жүзіңде жүзіп науша күн.

Жайықтың жалпақ жазығын,

Сипады шаштан саусағың.

Кәзине қуып кеңдіктен,

Жұлқына тартты жарау ат.

Өзендер менен көл біткен,

Тіледі тұнық салауат.

Шанақтан шаттық шертемін,

Жаңбырлар жанды жуады ақ.

Жардан да бұрын өртедің,

Қаршадай кезден дуалап.

Мәртебе тұтып мақсұтты ең,

Сиқырлы сезім шашты өрнек.

Анамнан сіңген ақ сүтпен,

Келемін бірге қастерлеп.

Шобырлар шошып шашаңнан,

Шеруің артқа шаң үйсін.

Өзің деп ұқтым қашаннан,

Тіршілік нарқы нан исін.

Маңдайға қонған бақ құсым,

Бауырыңа көктен бұл енсін.

Үш баламнан да тәттісің,

Үш баламнан да үлкенсің!

Соқпағым сенің аз ба әурең,

Болмыстан татпай балмұздақ.

Жоғалды қанша қаз дәурен,

Жағалауларда жалғыз қап.

Інжулер іздеп тереңнен

Желіден қудым жыр көшін.

Жетімдік көрмей келем мен,

Туғаным сен боп жүргесін.

Бейнеттің кешіп батпанын,

Төсімде қалған көп таңба.

Сауыт боп мені сақтадың,

Сатқындар атқан оқтан да!

Санамда сексен сән ашып,

Баураған бойды күйпаз үн.

Көзімде тұрған қарашық,

Жүрекке біткен жиһазым.

Дәрігер сенен дәрі ішіп,

Денеден қудым дерт табын.

Пристандарменен жарысып,

Қонбаған аэропорттарым.

Амандық деген дәстүрге,

Сертінің айтпас сырт әнін.

Жәлелдер жатқан тас түрме,

Сындыра алмаған сұңқарым!

Лебіңнен еріп ілезде,

Құрлықтың кетер қар-мұзы.

Анамдай дарқан мінезге,

Ақиқат шалдың жалғызы.

Көңілдің құты – берік тін,

Тілегім сені тапты айқын.

Хор қызынан да көріктім,

Қызыл алтынға сатпаймын!

Жолыңда сенің жүргенге,

Татымас түккен тәж құны.

Бағаңды бекзат білгенге,

Мазасыз тірлік мазмұны.

Магеллан таппас бекетін,

Жұмбағы жеті жас ендік.

Жындылығы да жететін,

Фараон фәни-әсемдік!

Түңілісті де үміт қып,

Тажалдан тәуір төзім-кен.

Жетпістен тауып жігіттік,

Ботасы сансыз боз інген.

Тамашаң туып терістен,

Езулей алмас еш ірің.

Қасымды сүйген періштем,

Абайдан қалған жесірім.

Түспейді қолға тау ұшы…

Таппадым теңеу – сый атын.

Даламның ұшан дауысы,

Дарынға біткен ұятым!

Бағамды біліп бір күні,

Талқыға түсер төл еңбек.

Жанымның жалғыз бұлбұлы –

Өлемін,

Сен деп –

Өлең деп!

ҚАРОЙДАҒЫ ТОЛҒАНЫС

Аяулы анаң – ақиқат та,

Атаң – кек!

Төрелердің тәтті қанын татам деп,

Бөрілермен бөрілерше белдескен,

Сен менен де бақыттысың,

Махамбет!

Төс етіңді майыстырып тас тірлік,

Қуаныш па? –

Көжектейін қашты ырғып.

Садақада сапырылысқан жұртыңа,

Жаугерлікте бұйырмаған бас бірлік.

Заман деген

Заман емес – қари түн,

Бытырадай бөлініпті жан ұйқың.

Басың кетті,

Мына мылқау даланың,

Адамдыққа жеткізем деп «әр итін» …

О, Махамбет!

ЖАЙЫҚҚА

Маздатсаң махаббаттың отын егер,

Жайықтың шуақтағы шетіне кел.

Сені де суға бірден секіртеді,

Ватерпол ойнап жүрген бекірелер.

Жататын ағыстармен қаттас өніп,

Толқындар таптырмайды атқа солық.

Бұл жердің бүргедей-ақ бүлдіргені,

Тұрады Махамбетті жатқа соғып.

Шабыттың тарлан бозын қамшылатып,

Тілейді әуеніне әнші бақыт.

Бұл жердің бармақтай-ақ бүлдіршіні,

Тұрады саусақтан күй тамшылатып.

Аумаған бабалардан батыр әулет,

Тасытып ырыздықты жатыр-ау кеп.

Каспийден төркіндейді шағалалар,

Ағайын – Ақ Жайыққа Атырау деп.

Садаға, санамдағы сиқыр алап,

Тілеймін таңға тыныс, ұйқыға бақ.

Европа мен Азияны біріктірген,

Даланың дариясы – дипломат!