15.03.2021, 9:54
Қараулар: 204
Жиhаздар дүкені ашылды

Жиhаздар дүкені ашылды

Мереке қарсаңында Чапаевта  жаңа жиhаз дүкені ашылды. Бір ерекшелігі, көздің жауын алатын үй жиhаздарының орын тепкен жері – аудан орталығындағы «Гүлназ» тойханасы. Көпшілікке белгілі, былтыр көктемнен бері елді жайлаған ауыр індеттің салдарынан көпшілікті жинап аста-төк той жасауға тиым салынды. Сондықтан тойхана иелері жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Соңғы уақыттарда  ірі қалалар мен аудандардағы мейрамханалар мен тойханаларға «жан біте» бастады. Жооқ, мұнда енді бұрынғыдай той-думан тойланбайды. «Гүлнәз» тойханасы да жұмысын өзге арнаға бұрып, халыққа қызмет көрсетудің өзге саласын қамтуда.

Сауда орталығының ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиев сөз сөйлеп, жаңа кәсіпкерлік нысанның жұмысына сәттілік тіледі. Одан соң аталмыш сауда орталығының бас менеджері А.Тілешов жиналған ауыл тұрғындары мен құттықтап келген аудан әкімшілігіне алғысын жеткізді. «Елдегі жағдайға байланысты бос тұрған тойхананың иесі Құрманғазы Жақсыбаев ағама жолығып, өзара келісіммен жалға алып отырмын. Үйге қажет жиhаздардың түр-түрінен тұтынушыларға ұсынуға тырыстық. Бағасы қаладағыдан арзан демесеңіз, қымбат емес. Біздің мақсатымыз – өз ауылдастарымызға сапалы қызмет көрсету, сіздердің талғамдарыңыздан шығу», — деді ол.

Бұдан соңсауда кешенінің лентасын А.Тілешов мен еңбек ардагері Бақтығали Қоспаев қиды.

Осыдан он жыл бұрын тойхананы ашқан иесі қазіргі таңда жалға беруші Қ.Жақсыбаев былай дейді: «Тойхананың сауда орнына айналғанына қуанбасам, еш өкінбеймін.Бостан бос тұрғанша, халыққа қызмет көрсетіп, ашық тұрғаны әлде қалай тиімдірек, әрине. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейді дана хақымыз. Біздің бизнес те заманның ағымына, қоғамдағы жайттарға  байланысты өзгеруде. Тек сол құбылмалы көшке ілесе білу керек дер едім. Ал бүгінгі ауылдас інімнің жасап жатырған игілікті ісіне ағайын сүйсіне қарауда.  Жақсы жұмыстары жалғасын таба берсін деген тілек арнаймын»

Мұнда заманауи үлгідегі дивандардан бастап, әдемі кресло-шкаф, ас үй жиһазы қаз-қатарымен тізіліп тұр.  Аламын деген затты көп алысқа шаппай –ақ, «Хоум кредит» «Альфа банк» «Еуразия» «Халық» банктерінен несие немесе бөліп төлеу арқылы рәсімдеп алуға да болады. Дүкен иелері әр тауарға 1 жыл, кейбіреуіне 3-5 жыл аралығында тегін кепілдік беріледі. Қолма-қол ғана емес, кез келген банктің картасымен есеп айырысудың да мүмкіндігі қарастырылған. Ауданның қай елдімекені болмасын, сатып алған жиһазды үйге тегін жеткізіп беретіні де – тұтынушылардың көңілінен шығар ұсыныс.

Дүкендегі жиһаздың барлығы дерлік сапалы өнімдерден жасалған, облыс орталығында өндіріліп, құрастырылады.

Асыл ҚАЙРАТ