15.03.2021, 10:01
Қараулар: 138
Ілтипат. Сый. Қошемет

Ілтипат. Сый. Қошемет

Әйел-ананың қоғамда алатын ерек орны, отбасы құндылықтарын сақтаудағы шексіз еңбегін нұрлы наурызбен бірге келген мереке тағы бір жарқыратып әйгіледі. Жылдағыдай, ауданда мереке қарсаңында нәзік жандыларға ерекше қошемет көрсетіліп, құрмет төріне шығарылды.

Алдымен әртүрлі саладағы белсенді әйелдер мен батыр аналармен аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов жүздесті. Мұнда құрметті меймандардың назарына «Бөбек» балабақшасының бүлдіршіндері дайындаған көрме ұсынылып, шұғылалы мерекемен құттықтаған ұл-қыздар өлең оқыды.

Бас қосуда аудан басшысы жиналғандарға көктем мерекесіне орай жылы тілегін арнап, олардың еңбектегі, қоғамдық өмірдегі жетістіктері елдігімізді нығайтуға үлес болып қосылып отырғанын ерекше атап өтті. Қ.Ш.Айтмұхамбетов сондай-ақ ауданның бүгіндегі тыныс-тірлігі, ертеңгі межелер жайында баяндап берді.

– Баршаңызға белгілі өткен жыл бүкіл әлем үшін қиын жыл болды. Мен бүгінгі басқосуды пайдаланып, пандемия кезінде аянбай еңбек етіп, індетті қарсы тойтарыс беруде өз үлестерін қосқан медицина саласындағы және төтенше жағдай кезінде әлеуметтік осал топтарға, жұқпамен ауырған адамдарға қол ұшын созған қыз-келіншектерге өз ризашылығымды білдіремін», — деген аудан әкімі барлық ару-аналарға мерекелік сый-сияпат табыстады.

Қабылдауда Абай атындағы мектеп-гимназиясының химия пәнінің мұғалімі, жас маман Альбина Иманғазиева көрсетілген сый-құрметке ризашылығын білдіріп,

Сонымен қатар аудан әкімі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен марапатталғандарға қошемет көрсетілді. Тайпақтық Әйгерім Қапиева «Алтын алқа», будариндик Балболсын Мұханбердиярова, есенсайлық Светлана Өтегенова,  базартөбелік Амангүл Көпжасароваға «Күміс алқаны» табыстады. Х.Доспанова атындағы мектептің директоры, математика пәнінің мұғалімі, облыстық «Ең үздік панорамалық сырттай сабақ» байқауының жүлдегері Бекзат Ғылмановаға ҚР  Білім және Ғылым министрлігінің алғыс хаты тапсырылды. Бірқатар сала үздіктері аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Осы күні шуақты мерекенің құрметіне  аудандық мәдени демалыс орталығының өнерпаздары  әннен шашу шашып, күй күмбірлетіп, онлайн-концерт таратты.

Ал «Жұбан» орталығынында  аудандағы іскер әйелдер кеңесінің әр ауылдық округтегі мүшелері бас қосып, болашақта атқарар жұмыстарын пысықтады.

Асқар САҒЫНДЫҚ