15.03.2021, 10:02
Қараулар: 55
Шуақ шашып әлемге

Шуақ шашып әлемге

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастыруымен  «Мейірімді ана алақаны» тақырыбында мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналардың бір тобымен кездесу өтті.  Нәзік жандылар үшін дастарқан жайылып,  бейресми жағдайда  бас қосқан шара еркін форматта өтті.

Жиналғандарды құттықтап, сөз алған осы бөлімнің сектор меңгерушісі Мәншүк Байқарақова аяулы аналарға зор денсаулық,  отбасы амандығын тіледі: «Әйелдер қауымы – әрдайым отбасының ұйытқысы, қоғамдағы алатын орны бөлек. Ерекше жанды баланы тәрбиелеп, өсірген сіздер әрқашан құрметке лайықсыздар. Мемлекетімізде жыл сайын түрлі бағдарламалар арқылы әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Соның бірі –биылдан бастап мүгедек балаларды емдеуге 43755 теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі,-деді ол.

Шара барысында аналар қазіргі әлемді жайлаған пандемия жағдайында бүкіл сақтықты сақтай отырып, ілтипат көрсетіп жатқан ұжымға өз алғыстарын жаудырды. Сондай-ақ кездесуге «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева, «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Маншүк Мәмбешова қатысып, игі лебіздерін жеткізді.

Осы отырысқа арнайы шақыртумен келген аудандық мәдени-демалыс орталығының қызметкері Дәурен Ораш қара домбыраны күмбірлете ән орындап, жиналған аруларды бір серпілтіп тастады.

Кездесу соңында барлық қатысушыларға гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Азамат ҚАНАПИЯ