15.03.2021, 10:04
Қараулар: 120
«Ақынның аңсағаны – арлы қоғам»

«Ақынның аңсағаны – арлы қоғам»

Осындай тақырыппен  Ақсуат ауылында ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтардың иегері, халықаралық «Алаш әдеби сыйлығының иегері, Ақжайық ауданының «Құрметті азаматы» Ақұштап Бақтыгереевамен емен-жарқын кездесу өтті. «Жайықтың шағаласы» әйелдер мерекесі қарсаңында ауыл  тұрғындарымен, ұстаздар мен оқушылармен жүздесіп, ұлағатқа толы әңгіме өрбіді. Бұл кеш ұлттық мәдениет пен руханият құндылығын қоғамда одан әрі дамытуға бағытталған «Парасат жолы» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Ақсуаттағы С Ошанов атындағы орта мектепте өткен шарада алдымен ақынды ауылға кіреберістен аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев, мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев, ақын Сағынтай Бисенғалиев, аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Сейткереева, ауылдық округ әкімі Ақан Ғұбайдуллин  және аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері ақ ұсынып, ән мен жырдан шашу шашып, қарсы алды. Мектепке келген мәртебелі мейман алдымен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі дайындаған кітап көрмесімен және балалар шығармашылығы орталығының үйірме мүшелерінің қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын тамашалады. Кездесуде бұрынғыдай адам қарасы көп болмағанымен, барлығы санитарлық талаптарға сай ұйымдастырылды.

Кеш жүргізушісі Гүлбану Құлмұханова бүгінгі кеш иесі ардақты ардақты ақын апамызды сахна төріне шақырды. Ақжайық жұртшылығының ниетіне риясыз пейілмен алғыс айтудан бастаған А Бақтыгереева барша аналар қауымын, қыз-келіншек, сіңілілерін  көктем мерекесі, Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады: «Менің жерлестерім, қадірлі Жұбан елінің жұртшылығы, бүгін  сіздермен қауышып отырғаныма өте қуаныштымын. «Парасат жолы» жобасы туралы айтқан бір сөзімде парасаттың бәрі кітапта деген болатынмын. Жобаның да мақсаты осы – өскелең ұрпақты ұл-мен қызымызды парасаттылыққа, имандылыққа бағыттау. Ал бүгінгідей телефон мен компьютерге шұқшиған баладан қандай парасатты күтуге болады. Қазағымда «Кең болсаң кем болмайсың» деген тағы бір жақсы сөз бар, ал парасаттылық – кеңдіктің, дархандықтың белгісі.

Ақжайық — қашанда ақынын ардақтаған, даналарын, дараларын ұмытпаған ел. Сондықтан осы елдің түлектері, ұл-қыздары жігерлі, елін сүйген азамат пен азаматшалар болып өседі деп сенемін мен», – осылай деп ақжарма тілек пен жастарға айтқан парасат пайымы мол сөздерден соң ақын апамыз өз өлеңдерін оқып берді.

Мектеп оқушылары Милана Нұрсайын, Ақерке Шүкірғали, Зарина Темір, Зәмзагүл Кенжеғалиевалар  Ақұштап Бақтыгерееваның әйел-ана, қыз бала тақырыбындағы өлеңдерін оқыды, аудан көркемөнерпаздары өнерлерін ортаға салды. Ақын апамыздың шашбауын көтеріп келген, Атырау облыстық ат спорты федерациясының төрағасы, күйші домбырашы Өнербек Жанбала жиналғандарды күймен бір серпілтті.

Осындай әсерлі кештің соңында аудандық мәслихат хатшысы С Сиражев аудан жұртшылығы атынан ақын апаға камзол кигізді.

Ақынға ризашылығын өз өнімін сыйға тарта отырып білдірген ауыл кәсіпкері Қарлыға Молдашева былай дейді:  «Біздің ауылға Ақұштап Бақтыгереева келеді дегеннен бері үлкен дайындықта болдық. Ел таныған әйгілі ақынмен сөйлесіп, өнегелі әңгімелерін тыңдау осында отырған әрбір жан үшін үлкен мәртебе екені де аян. Мен елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ақын апамыздың шығармашылығына бұрыннан да тәнті едім. Бірақ ешқашан осында құрметті адаммен жүзбе-жүз көрісіп, сөйлесемін деген ой келмепті. Өнердің қай түріне болмасын жаны құмар ақын апа мені өзі тауып хабарласып еді. Біз қызымыз екеуміз Ақбұлақ ауылында жүн түтіп, көрпелер дайындаймыз, маталардан құрақ көрпе тігеміз. Апамыз қолқа салған соң, сый-құрметім ретінде өзі қызыққан көрпелерді ұсындым. Бүгін көрермен ретінде де алған әсерім  шексіз».

Меймандардың қатарында қоғам қайраткері, энергетика саласының ардагері, ақынның жары Ғабдрахым Миралұлы болды.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ