15.03.2021, 10:07
Қараулар: 164
Бөліссе-жеңілдейді батпан қайғы…

Бөліссе-жеңілдейді батпан қайғы…

Қара жол – қасірет жолына айналғалы қашан! Тақтайдай тегіс жол салынғанда қуанған халық бүгінде сол жолға шыққан жолаушыларын үрейлене күтетін жағдайға жетті.

Асыра жылдамдықпен жұлдыздай аққан жүйрік көліктер ажалына асығып бара жатқандай көрінетін болғаны жасырын емес. Әлеуметтік желіде жазғанымыздай, ақпанның аяқ шенінде Базартөбе ауылы бұрын-соңды болмаған батпан қайғы арқалап, аңырап қалды. Бес бірдей жас өмір қиылып, жиырма бала жетім қалды?!  Бұл енді, дұшпаныңа да тілемейтін сұмдық еді!!!

Осы оқиға құлағына тиген  «Ақ шағала» апамыз Ақұштап Бақтыгереева жол бұрыс, ауа райы қолайсыз (боран соғып тұрды) болса да, саулығының кінәратына қарамастан, бұрынғы «базарлы ел», бүгінгі назалы ел – Базартөбеге арнайы ат басын бұрып, Жайықты «көктей өтіп» келді. Әрине, сол ауылдың перзенті болғандықтан, бұл менің жүрегімді тебірентті, ризашылық сезімге бөледі. Ақұштап апа екі бірдей ана-қыздарынан қапыда айырылып қалған Төлеуғали Әленовтің, төрт немересін құшақтап қалған Серік-Бақытжамал Исаевтардың қаралы шаңырақтарына бас сұғып, құран бағыштады. Қазалардың ақыры қайырлы болсын айтып, соңындағы елге басу айтты. Әрине, осы бас сүйеу ниеттің, пейілдің өзіне риза болған, аңырап отырған ата-аналар да ел анасына айналған ақын апаларына ризашылығын айтып, ақ жол, амандық тілеп қалды. Ауа райының қолайсыздығы мен уақыттың тарлығынан және қазалы үйлердің кейбірі жабық болуына байланысты түгел көрініп шығу мүмкін болмады. Бірақ, ауыл әкімі Боранбай Қыдырқожин жол бастап, еңбек ардагері Маруся Қабдеш ел атынан келушілерге рахмет айтып, «Ақжайық ауданының құрметті азаматы», ҚР Мемлекеттік, халықаралық «Алаш» сыйлықтарының иегері Ақұштап апа Бақтыгерееваның сәлемін барлық тұрғындарға жеткізетінін айтты. Ақын-ананың елге көңіл айту сапарын Ақжайық ауданы әкімнің орынбасары Тілек Ғабдушев ұйымдастырып, бірге жүргенін айта кету парыз. Көктем мерекесі қарсаңында сәл де болса, қайғысы жеңілдеп, көңілдерінің жыртығын жамаған елмен бірге біз де көргенділік, көсемдік танытқан азамат-ақынға алғысымызды білдіруді жөн санадық. Жат түгіл, жақынға мейірім-шапағат бөлу бәсеңдеген мына заманда, келер ұрпақтың ұмытыла бастаған халықтық қасиеттерге көңіл аударуының бір белгісі осы деп білдік.

Көлденеңнен аман болайықшы, халқым! Әр күніміз «Ана мен бала аман болсын»-деген тілекпен басталып, еліміз әлем жайлаған індеттен ада-күде арылса деп тілейік!

Сағынтай БИСЕНҒАЛИЕВ,

Қазақстан Ақын-жыршылар одағының мүшесі.