15.03.2021, 10:09
Қараулар: 57
«Жол картасы» ерекше жауапкершілік жүктейді

«Жол картасы» ерекше жауапкершілік жүктейді

Апта сәрсенбісінде аудан орталығында «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының активі өткізілді. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаевтың қатысуымен өткен жиынға саяси кеңес және бюро мүшелері, ардагерлер, округ әкімдері, бөлім басшылары, жастар қатысты. Күн тәртібінде сайлауалды бағдарламаны іске асыру, сол бағдарлама негізінде жасақталған «Жол картасының» негізгі көрсеткіштері кеңінен талқыланды

Жиын тізгінін қолға алған аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов партияның бағдарламасы халықтың көкейінде жүрген мәселелермен астасып, үйлесім тапқанына баса көңіл аударды.

Облыс көлемінде жасақталған сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру бойынша іс-шаралар, межеленген міндеттері туралы баяндаған М.Мұқаев партия қызметіндегі стратегиялық басымдықтарға ерекше тоқталды. «Қаңтарда өткен сайлау халықтың партияға сенімін тағы бір айшықтап көрсетті. Бұған себеп, саяси қоғамдық ұйымда орын алған бірқатар өзгерістер. Партия жұмысын жаңаша жаңғырту мақсатында «7 серпін» бағдарламасы қабылданып, праймериз өткізілді. Осындай жұмыстардың арқасында жалпылама жоспардан нақты міндеттерге көштік. Сайлау қарсаңында 17 аумақтық, 202 аудандық бағдарлама қабылданды. Әрбір бағдарламада сол жердің мұқтаждықтарын еңсеру жолдары тиянақты көрсетілген. Сіздің аудан тұрғындарынан түскен 130 аманат-тілектің 80 пайызы сайлауалды бағдарламаға енгізілді. Ал мұндағы әрбір тармақ, әрбір бөлім міндетті түрде орындалуы тиіс. Біз мұны жергілікті билікпен бірлесе отырып, бақылауға аламыз», – деді ол.

Активте бағдарлама негізінде құрылған «Жол картасымен», міндет-межелермен аудан әкімінің орынбасары Ердос Үмітов таныстырды. Аталмыш картаға аудандағы жұмыстардың басымдығын айқындаған 114 шара енгізілген. Оларды орындау үшін 57,5 млрд теңге бөлу жоспарланған. Сонымен қатар 5 жылда кәсіпкерліктің өрісін кеңейтудің нәтижесінде 4595 жаңа жұмыс орындарын ашу қарастырылса, шағын бизнесті қолға алған 400 адамға шағын несие, 195 адамға мемлекеттік грант беріледі деп күтілуде. 5 жылда атқарылатын істердің қатарында «Ащы-Азнабай-Тайпақ» суландыру жүйесін қалпына келтіру, ауылдардың кіре беріс жолдарын жөндеу, сапалы ауыз сумен қамту, тұрғын үй құрылысы, медициналық нысандарды жөндеу, өзге де көрсеткіштер бар.

Аудандық мәслихаттағы партияның депутаттық фракциясының қызметі туралы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева баяндады. «Депутаттық фракцияның жұмысын ұйымдастыру мақсатында алдағы бес жыл ішінде іске асырылуы тиіс міндеттерді орындау бойынша арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Осы жоспарға сай фракция мүшелері Жол картасының орындалуына бақылау жасап, мүдделі мекеме, ұйымдармен бірлесе отырып, осы жұмыстардың іске асырылуына атсалысатын болады», – деді ол.

Актив мінберінен аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев сөз алып, бағдарламаны жүзеге асыру бойынша ойымен бөлісті.

Әлия СЕРІКҚЫЗЫ.