15.03.2021, 10:18
Қараулар: 160
Бір жаңасы көктемнің

Бір жаңасы көктемнің

Бүгін, достар, «бір жаңасы» Қамалдың,

Алаулаған арман оты жанардың.

«Қамал болмай – амал болмас» — деген бар,

Бүгін, достар, басталуы амалдың.

 

Бүгін, достар, «бір жаңасы» Көктемнің,

Нұр шуағын шырайлана төккен күн.

Ертеңіме ертіп барар асылым,

Көріс-айтым – куәгері өткеннің.

 

Көріс – айттың тарихы бар хатталған,

Жылдан-жылға аман жету – басты арман.

Найзасына намыс ілген өлкеде,

Осынау бір ғажап дәстүр сақталған.

 

Атасалттың асылдығын ұққасын,

Ұғымды ұрпақ ұстап қалған тұтқасын.

Қос қолымен көріседі қалың ел,

«Айдан – аман, жылдан – есен» шыққасын!

 

Мәртебесің ұстап ұлы ел үстем,

Дос құшақтар айқасады сеніскен.

«Бір жеңнен қол шығарғандай» шаттықпен,

Қандай жақсы, аман-есен көріскен!

 

Ақ бұлағы дария іздеп алқынған,

Жастық – көктем, жақсылыққа талпынған.

Шақыратын татулықтың төріне,

Айналайын, ата дәстүр-салтымнан!