15.03.2021, 10:21
Қараулар: 138
Көнеден бастау алған мереке

Көнеден бастау алған мереке

Екі күннен соң көрісу айт мерекесі келеді. Жыл сайын наурыздың 14-інен бастап жазылмаған заң бойынша жасы кішілер үлкендерге көрісе барып, батасын алады. Бұл әркімнің өз үйінен басталады. Таңертең тұра салып, әке-шешеңе, үйдегі өзіңнен үлкен адамдарға қол беріп амандасасың. Олар: «Жас қайырлы болсын, өмірің ұзақ болсын, әлі талай көрісуге жазсын!» — деп бата береді. Бұл дәстүрлі көрісу, яғни жыл жаңарғандағы бірінші кездесу, адамдардың былтырдан бергі бірінші көріскен күні.

Көрісу күнінің тамыры да тереңде, көнеден бастау алады. Кейбіреулер Көрісу мерекесі монғолдардың Золгох, екіншілері буряттар мен тувалықтардың Чолукшуур мейрамдарының ұлттық дәстүрлеріміздегі көрінісі десе, өзгелері ежелгі мереке көне түркі дәуірінен бастау алған деп зерделейді. Қалай десек те, Тәңірге сиынған халқымыздың дәстүрінде үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету бұрыннан қалыптасқан ізгі қасиеттердің бірі. Жерлесіміз, тарих ғылымдарының кандидаты  Саялбек Ғиззатовтың пайымдауынша, Көрісу мерекесі нақты табиғи-географиялық жағдайларға, шаруашылық өмірге байланысты да дүниеге келген.

– Біріншіден, қазақ халқы, оның арғы ата-бабалары көшпелі мал шаруашылығымен айналысып, ен далада көшіп жүруге мәжбүр болды. Олардың көші-қон маршруты жүздеген, мыңдаған шақырымдарға жетіп отырды. Бүгінде мұрағат құжаттарында Батыс Қазақстан облысын мекендеген рулардың мекендеріне байланысты көптеген деректер кездеседі. Мысалы, бір ғана байбақты руының ХVІІ-ХІХ ғасырларда жазда Шідерті, Өлеңті, үш Аңқаты өзендерінің бойын (қазіргі Сырым, Теректі аудандары), қыста Кожехаров, Бударин, Лбішін форпостарының (қазіргі Ақжайық ауданы) бойын мекендегендігі туралы нақты тарихи деректер бар. Демек, ата-бабаларымыз қыс жеткенде өзара ақылдаса отырып төрт түлік малымен бірге қыстауларға кетіп, жаз шыға жайлауда бас қосатын болған. Екіншіден, қазақтардың арасында өзен-көл жағаларында отырықшы шаруашылықпен айналысқан, қалаларда мекендеп, қолөнершілікпен, сауда-саттықпен айналысқан адамдар да болды. Сондықтан наурыз айы келгенде жазғы қонысына оралған ағайындар мен отырықшы өмір салтын ұстанған қазақтар да өзара қауқылдасып, көрісетін болған. Қыстауларға кеткен қазақ руларын көптеген қиындықтар күтіп тұратын. Әсіресе, Батыс Қазақстан аймағын мекендеген қазақтар табиғи жұтқа жиі ұрынып отырған. Мысалы, 1816 жылдың қысында Бөкей Ордасында сұлтан Шығай Нұралыұлының мәліметінше 56 750 бас жылқы аштық пен суықтан өлген. Сонымен қатар Батыс Қазақстан аймағы отарлаушы Ресей империясының құрсауында қалып, жергілікті қазақтар Орал казактарымен, орыс шаруалары және өзге де ұлт өкілдерімен қыстау үшін күрестер жүргізіп отырды. Мұндай қақтығыстар қантөгіске ұласып, адам өліміне әкеліп отырды. Сондықтан қыстан аман шыққан қазақтар «Үй-ішің, мал-жан аман ба?!» деп көрісетін болған. Көрісу мерекесі кезінде жасы үлкен адам өзінен кішіге «Бір жасыңмен!», «Жасыңа жас қосылсын!» деп айтады. Бұл өз кезегінде Көрісудің жаңа жыл мерекесімен астарлас екендігін көрсетеді, – дейді Саялбек Ғиззатов.

Көрісу мерекесінің неліктен 14 наурызда тойланатынына қатысты бірнеше пікір бар. Бір тарихшылар  мұны монғол халқының Шаған атты жаңа жыл мерекесімен байланыстырады. Бұл халық қыс 81 күннен тұрады, яғни 23 желтоқсаннан 14 наурыз аралығында деп топшылаған. Сондықтан олар 14 наурызды жаңа жыл ретінде тойлайды. Екінші болжам бойынша Кеңес үкіметі кезінде юлиан күнтізбесінің орнына григориандық жыл санау енгізіліп, жыл бастауы бірден 14 күнге ығыстырылыпты. Сондықтан осы жаңа өзгерістерге байланысты 14 наурыз көктемнің алғашқы күніне айналды.

Өкінішке қарай, халқымыздың көне дәстүрін ұмыттыру үшін отар­шыл үкімет бар күш-қуаты мен әдіс-тәсілдерін аяған жоқ. Десе де, қайсар қазақ өзінің көрісу күнін бәрібір түбегейлі ұмытпады. Ұлық дәстүр шежірелі Кіші жүзде мықты сақталды.

Иә, бұл мереке жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен көрісудің нышанындай. Қыстың ызғары кетіп, шуақты көктем басталған осы кезеңде адамдар үй ішін реттеп, тазалап, айналасын жинақтайды. Таңның алғашқы шапағымен әр отбасы ерте оянып, ертемен есіктерін ашып қойып, қонақ күткендей даярланады. Онысы да дұрыс. Үйіңде үлкен болса, келетін адам да көп. Осылай көрісе келген адамды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып, үйіндегі мол дастарханға шақырып, дәмнен ауыз татырады.

Ең бастысы, көрісу — адамдардың бір-бірінен хал сұрасып, жақсылық тілейтін мерекесі, әрі жасы кішілердің үлкендерге ізет білдіріп, құрмет  көрсететін күні. Адамдар осы күні бір-біріне «Бір жасың құтты болсын!», «Ғұмырың ұзақ болсын!» деген ақжарма тілектерін ақтарады.

Көрісу күнінің түп мәнісінде жатқан құндылығы барша мұсылмандарға да жат емес. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде бір-біріне сәлем берген екі адамға да сауап жазылатыны, соның ішінде, бірінші сәлем берген адамға көбірек сауап тиетіні айтылады. Яғнм, осынау зор шарапатқа толы күнде ескі реніш-кикілжіңді кешіріп, татуласу керек. Қарызы бар кісі осы күнге дейін борышынан құтылса, нұр.

Қазақтың ғасырдан ғасырға сақталған дәстүрі бойынша, бұл мерекеде тек келіндерге аталарымен және қайын ағаларымен көрісуге болмайды. Ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-құрбы сыйлы адамдарына шапан, көйлек-орамал сыйға тартатын керемет дәстүр де болған.

Сүбе қабырғасымен тұтас ішекке тығылған қазы, сонау күздің басында шыжғырып, қыс бойы сақтаған сары май – Көрісуге келгендерге  ұсынылатын дәмнің атасы. Осы күні жеті түрлі дәм қосып, наурыз көже пісіреді. Әрбір отбасының қазанында жеті шелпек пісіп, иіс шығарылады.

…Қасат қар еріп, көктемнің лебі сезіліп, тіршілік атаулы ұйқыларынан оянған сәтте 6 ай қыс  ұйқыға кеткен балпақ оянып, інінен басын шығарып жан-жағына  қарайды екен. Осыған қарап-ақ бұрынғылар көктемнің келгенін болжапты.

Қазақта «Пенденің аузы — аққа, малдың аузы — көкке жетсін» деген жақсы тілек бар. Адамдардың бір-бірімен қуана көрісіп, қауышқаны да – қыз жұлдызы бітіп, жаз жұлдызына аман жеткеніне шүкіршілік еткені. Сондықтан, үлкендерден бата алып, адамдар арасындағы сыйластық пен құрметті дәріптейтін мереке кейінгі ұрпаққа ұлағат болып қалуы тиіс.

Дәл осы күні Наурыздың жұмсақ ақшақары жауса, ата-бабаларымыз жақсылыққа жорып, «Жаңа жылда молшылық болады» деп сенген екен. Жаңа жылда жақсылықтарымыз көп болсын! Бір жасыңызбен!

Әсел САҒЫН