15.03.2021, 10:23
Қараулар: 96
Тайпақтың тірлігі түлей түседі

Тайпақтың тірлігі түлей түседі

Ауданның ғана емес, облысымыздың Атыраумен шектесер тұсында орналасқан Тайпақ ауылдық округінде іргелі істер аз емес. Қыстан аман шыққан ауыл-ел көктемнің шуақты күндерімен қауышып, бастамаларының аясын кеңейтуге талпынуда. Осы орайда өзіне қарасты Тайпақ, Шабдаржап,Томпақ елді мекендері бар округте атқарылған жұмыстармен қатар алда тұрған жоспарлары жайында түйін тарқатып көрсек.

Толайым табыс, қарымды жұмыс

Ауылдық округ әкімі Болат Шәленовтың айтуынша, іргелі аулдың тұрғындары мал басын көбейтіп, бау бақша салып, ауылдың дамуына  өз үлестерін айтарлықтай қосуда. Былтырмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 15 пайызға, жылқының саны 32 пайызға өскен. Нақтырақ айтқанда, ірі қара 6874, қой-ешкі 18862, жылқы 3081, түйе 85 басқа жеткен. «Қыстың көзі қырауда, жеткілікті жем-шөп қорының болуы үнемі бақылауда. Бүгінде жеке тұрғын, шаруа қожалықтарының жазда орған, ойдан-қырдан жиған шөбі жетіп жатыр.  Мал ұстағасын, оларды сырғалап, құжаттандыру мәселесі орындалуға тиіс жұмыстардың қатарында екені де белгілі. Бүгінгі күнге 10000 қой-ешкі, 1400 ірі қара сырғаланып, 517 жылқы таңбаланды», — дейді округ басшысы.

«Мал баққанға бітеді» деген қағиданы берік ұстанған шаруалар оның өнімінен де пайда көруде. Назар аударар болсақ, былтыр 701 тонна ет өндіріліп, алдыңғы  жылмен салыстырғанда, 6 пайызға өсім байқалған.

Тайпақтың атын атасақ, дәмі тіл үйіретін қарбыздар бірден көзге елестейді. Мұнда бау-бақша егу жұмыстары да жылдағыдай қарқынмен жүргізілді. Өткен жылы 66 га алқапқа картоп,көкөніс пен бақша дақылдары егіліп, игерілсе, биыл бақша басын кеңейтіп, бағбандыққа күш салмақшы. Сол өнімнің жемісін жергілікті халықтың көріп отырғаны да жан жадыратады.

Кәсіпкерлік өріс алған ауылда тек өткен жылдың өзінде 18 кәсіпкерлік субьектісі, соның ішінде 7 шаруа қожалығы тіркелген. Олар бұрыннан жұмыс істейтін нысандардан қалыспай, өркендеуде. Заман ағысы шаруашылықты цифрландыруға жетелегені сөзсіз. Округтегі 27 қыстақтың 23 інде желмен және күнмен жұмыс жасайтын электр энергиялы қондырғылар  орнатылса, төртеуі электр қуатын желі арқылы пайдаланып отыр.

Індетке қарсы жұмылып

Былтыр көктемде елімізге келіп, ылаңын салған ауыр індет жаз уақытында күшейіп, ағайынды әбігерге салғанда барын  жоқ-жітікке беріп, дәрі –дәрмекпен, азық-түлікпен көмектескен осындағы жаны жомарт жандар. Сондай жандардың бірі – туған жеріне туын тігіп, кәсібін дөңгелетіп отырған ауыл азаматы, жомарттығыменде ауылы өз алдына, аудан, облыс көлеміне есімі жақсы таныс кәсіпкер Болат Хисин. Ол  Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің  Жарлығымен халыққа көрсеткен қайырымды істері үшін «Шапағат» медалімен марапатталды. Осындай игі жақсыдан үлгі алып, қайырымдылықты әр қадамына негіз еткен кәсіп иелері Тайпақта көп. Тоқтала кетпесек болмас, ауруханаға керек жабдықтар мен көмекке зәру жеке тұлғаларға көмек ретінде ауыл түлектері, жерлестерден жиналған қаражаттың көлемі 2 млн.тенгеден асты. Мысалы, кәсіпкер Еркебұлан Әжікенов 500 000  теңгеге оттегі концентраторын ауруханаға алып бергенде, сүйсінбеген жан болмады. Салтанат Сатыбаева Орал қаласынан туған ауылына өкпені жасанды желдету аппаратын жөнелтті. Ауыл ішінде азық-түлік, тұрмысқа қажет заттарды көп балалы жанұяларға алып берген атымтайлар да жетерлік.

Сол кездері дертке шипа саумалды науқас жандарға тегін ұсынғандардың қатарында «Дария» шаруа қожалығының жетекшісі Кенған Шененов ағамыздың есімін ерекше атайды тайпақтықтар.

Шененовтар және цифрландыру

Көршілес Атырау облысы, Индер ауданының тумасы Кенған Шененов ұлдары Рүстем, Ерлан және Бақытжанмен кеңесе отырып, Тайпақтың жерінен жер алып, шаруашылықты қолға алуды жөн көріпті. Олар ауылдық округ орталығынан 35 шақырым қашықтағы қыстаққа қоныс аударып, қос бірдей, яғни «Дария» және «Заңғар» атты қожалықтар құрған. Алғашында олар 70 бас жылқы сатып алады. Бұрыннан қораларына ұстаған 15 бас ірі қара мен аздаған уақ жандық та қосылып, жұмыс басталып кетеді. Оған да, міне, 7 жылдың жүзі болды. Осы жылдар өз жемісін берді де.

«Менің бір қыз, ұш ұлым бар. Қызым теңін тапты, ұлдарым жанұялы, жолдасым екеуімізгі немере-жиен сыйлады.  Алғашында ұлдың үлкені Рүстем қолға алып, ашқан қожалығымыздың тірлігі бүгінде жаман емес. Мұнда көбіне жұмыс істейтін өз ұлдарым. Қырға кезекпен келіп, бір-біріне көмектесіп жатады. Мен тек бағытын айтып, жол көрсетіп отырамын.  Бүгінде жеті жыл уақыттың ішінде жылқымыз 500 басқа жетті.300 бас сиыр бар, оның 222-сі қазақтың асыл тұқымды аналық сиырлары. «Электронды бақташы» құрылғысын алғашқылардың бірі болып орнаттық. Жақындаса, әлсіз тоқ ұрып, қоршаудың ішіндегі малды шашыратпай, сырттан келетін бөтен малды азығына  «ортақтастырмауға» өте қажет құрылғы. Қырдағы үйімізде қажет тұрмыстық жиһаздың бәрі бар. Күн көзінен қуат алатын батареялармен жұмыс істейді. Сол баламалы энергия арқылы құдықтан су тартып отырмыз. Мақтанғаным емес, тұрмысымыздың қаладан еш кемі жоқ. Енді ұлдарым қымызхана салып бастады. Бие байлап , саумал сауып, қымыз ашытып, соның саудасын жолға қоймақпыз. Бөтелкелерге құйып нарыққа шығаратын цех жасақтау ойда бар. Болашаққа межелеген жоспар көп, мал бордақылау алаңын салып, асыл тұқымды ірі қара мен жылқы санын көбейтсек дейміз. Сол мақсатта өткен жылы 11 бас «көшім» асыл тұқымды айғырын, 100 бастай асыл тұқымды ақ бас аналық сиыр сатып алдық. Саумалға аса мән бергеніміз – мына індетке қарсы таптырмас шипа», — дейді зейнеткер шаруа.

Жаңғырған ауыл

Айтып айтпай не керек, ауызбіршілік, ауылға жанашырлық жағына келгенде, тайпақтықтардың алдына түсер жан кемде-кем. Бұрыннан ауылға жүрегі бұрып тұратын азаматтардың ісіне Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қанат бітіргендей болды. Елді мекендерді қоспағанда  тек орталықтың өзінде «мінсіз біткен» жұмыстар баршылық. Кіре беріс жол бойына  арка орнатылып, тартылған электр желілерінен жол бойы самаладай жарқырады. «Менің жүрегім Тайпақ» кіші архитектуралық нысаны алыстан менмұндалап тұр. Ауылдың орталық алаңына орнатылған ашық сахна да – түлектердің туған жерге тартуы. «Орал – Атырау» тасжолымен сапарлай қалсаңыз, ауылдың тұсына келе бергенде, «Тайпақ қарбыздары» сауда орынына көзіңіз түспеуі мүмкін емес. Одан сәл асып, келесі ауылға жете бергенде, «Менің жүрегім Шабдаржап» деп сол жердің атауын айшықтап тұрған келісті нысанды көресіз. Томпақ ауылы тұрғындары, қазір басқа қалаларда тұратын түлектердің арқасында мұнда  Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне арналған ескерткіш тақта, спорт пен ойын алаңы ашылып, көше бойы электр шамдары орнатылды.

Осы істердің әрқайсысынан бұл топыраққа деген ыстық ықыласты, ерекше сезімді байқаймыз әсте. Өз қолы өз аузына жеткен әрбір азамат атамекеніне деген перзенттік парызын қолдан келгенше түгендеп жүрсе, қандай ғанибет!

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ