15.03.2021, 10:25
Қараулар: 103
Біле тұрып, бұра тарта беретініміз-ай…

Біле тұрып, бұра тарта беретініміз-ай…

«Қазақтың білетіні аз емес, істей білетіні аз». Сөз зергері Ғабит Мүсірепов осылай дәл түйіндеген, мың шындықтың бір ақиқатын айтқан. Әр нәрсенің өз орны, қисыны, жөні барын ұғынамыз, сеземіз, бағамдаймыз-ау, бірақ бұра тарта береміз. Шектен шығып кетеміз.

Білгенімізді бойға дарытып, ойға қондырып, жастарға үйретуді, меңзеуді айтсаңшы. Өкінішке қарай, мимыртпыз, селқоспыз, немқұрайлымыз, салақпыз, бейқамбыз.

Міне, бақилық болған кісіні соңғы сапарына жөнелту кезіндегі мүлдем артық әдеттеріміз, дағдыларымыз содан сөзсіз хабар береді. Тиылар десең, керісінше, ушыға түсуде. Шариғат талабына қайшылық бастан асады.

Тап «теміржол вокзалы» дерсің

Оң жақта жатқан мәйіттің күзетінде бұрында әрі кетсе он-он бес адам отыратын. Бүгінде (алыстан жеткен туысқандары жайында сөзім жоқ) ауылдың өзінен, таяудағы елдімекендерден қыруар тұрғын жиналады. Содан көпшілігі осы үйдегілердің сабырына қайрат қосу орнына бөстекі әңгімеге ерік береді. «Қауырт» шаруамен телефондарына жармасып, қайда отырғандарын ұмытады. Саясаттағы әлдебір мәселелер төңірегінде өзінің «болжамын» ортаға тастап білгішсінгендер де жетіп жатады. Гөй-гөй, бір-бірінің сөзін бөліп, лағып кете барады.

Бұл сайып келгенде, қабырғасы қайысқандарға одан әрі салмақ, олардың ауыртпалығын молайту, отын-сумен көмектесіп, шауып жүрген жігіттерге, көрші-көлемге кесел келтіру емес пе?  Мұндайда төбе көрсет, топырақ сал, болды. Біле-білген жан сөйтіп қаралы үйге салмақ салмайды. Опырым-ой, бізде ауылда да, қалада да марқұмның жетісіне, қырқына тағы топтанып, үйіліп келуді «айнымас» дағдысына айналдырғандар көп-ақ, тіпті көп. Тап бір жолаушылар легі ағылған «теміржол вокзалы» дерсің. Қынжыласың, жүрегің шаншиды. Әлгіндей сапырылыс дінімізге, ниетке, салтқа әбден қайшы екенін неге бір мезет болса да ойламаймыз.

«Шайтанның бауыры» атанбайық

Марқұмдардың жетісі, қырқы, жылдық асы, дұғасы деген шариғатта жоқ екенін біле тұра, баяғы жалған намыспен жүріп келеміз, босқа шаршап келеміз. «Жұрттан қалмайық», «…жұрт не дейді, ойбай-ау» деп, біреуге есеп беретіндей, шашыламыз. Одан да шағын ғана жиналып, талбесігіндегі кісінің рухына ысырапсыз бас қосу өткізілсе немесе оның атынан жарлы-жақыбайға барынша қаражатпен, ас-сумен жәрдем көрсетілсе, міне, тіріге ақ жол, ана дүниедегіге сауап сол.

Құдірет Иеміз үнемшіл үйге береке ұялайтынын ескертеді, ысырапты қош көрмейді. Оның жек көретін ісін жасап тұрып, дұға оқыту еш қисынға симайды. Мықтап ескеріп, ақылға келетін жайттың бірі осы. Ниеттің бұзылуынан сақтанайық. Құранда ысырап етушілерді «шайтанның бауыры» деп атаған.

Ендеше, қай жолмен жүреміз? Таңдау айқын емес пе?!

Қара аспанды төндіріп қайтейін?!

Өтірік деңізші, ауру-сырқаудан абайлауға қатысты қарапайым міндетімізді орындауға да қырсызбыз-ақ. Жаназа рәсімдерінде ағыл-тегіл жұрттың арасында небір бактерия, микроб ойнақ салатынын айтып жату артық. Содан келіп «осы күні ауру көбейіп кетті» дейміз. «Емханаларда өрген қалың кісі» дейміз. Ал мұның себебіне үңілмейміз.

Әлгіндей азалы күндері аузы-мұрнынан шыға үй толы жұртқа дастарқан қамымен қыз-келіншектер тәулік бойы тыным таппайды. Аяқ басар жер жоқ бөлмелерге үсті-үстіне келіп жатқандарды сидыра алмай, шақшадай бастары шарадай болады. Аяқтан тозып, сағаттап тағам дайындаудың денсаулыққа соққы екенін де егжей-тегжей айтудың қажеті жоқ.

Басқасын айтпағанда, сенек толы аяқкиім, қыс мезгілінде бұрыш-бұрышқа үйілген күрте, тондардың өзінен қанша әбігер дейсің. Осындай жай-күйдің кесірінен  тазалықтан берекет кетеді. «Тазалық – иманның жартысы», «Тазалық – саулық, саулық – байлық» екенін мына ғасырда  да қаперден шығарып, құлаққа ілмегеніміз бе?

Қара аспанды төндіріп қайтейін, мынау пандемия біздің сақтық иммунитетіміз қонақшылдықтың, тойшылдықтың, бір еріккендер ойлап тапқан жасанды әдет, салттардың тасасында құмыққанын көрсетіп берді. Қарасы батқыр вирустың, жұқпаның тап өзінің жаназасын шығарудың орнына, керісінше, санитарлық талаптарға әлі күнге пысқырмайтындар мыңдап саналады.

Ақ пен қараның, жақсы мен жаманның аражігін ап-айқын ажыратып беру үшін Жасаған Иемізден келген соңғы ескерту – Исламда, айталық, денсаулықты сақтау парыз, ал ас беру парыз емес.

Рухани мүгедектіктен арылмасақ…

…Көп нәрсені білеміз, сеземіз, аңғарамыз. Алайда түптеп келгенде, селқостығымыздан, жайбасарлығымыздан тежеліп қаламыз. Шынайы салт-дәстүр мен шариғат қағидаларына емес, кейін пайда болған әлдебір әдеттерге құштармыз.

Облысымызда 169 ақсақалдар алқасы бар екен. Басқа да қоғамдық ұйымдар бар, жастарымыз өз алдына. Ауыл-елге айбарлы, аузы дуалы қарияларымыз, ойлы, отты қыз-жігіттеріміз сондай-сондай рухани мүгедектікке қарсы майдан ашып, насихатты күшейтсе. Имамдар тоқетер сөзін айтса.

Яғни, өліге шын мәніндегі құрмет қалай болуға тиіс? Кісісі қайтқан үйге қайткенде жеңілдік жасаймыз? Осы орайда асыл дініміз не дейді?

Текке ысырап атаулыны тыю үшін не істемек ләзім?

Аранын ашып, ақырған ауруларға қарсы ше?

Жер-жерде осы тақырыптағы әңгіме қаузалса. Қазалы үйлердегі жандармен дидарласып, марқұмды соңғы сапарына шығарып салудың жөн-жосығын шариғат реттілігімен атқарысып, мұны басқалардың құлағына жеткізу қолға алынса.

Байыпты сөз, мәйекті мысал болса, сең көбесі сөгілері сөзсіз. Әйтеуір сілкініс керек, қарымды қимыл қажет. Онсыз бұйығып, бұғып, бейқам жүре береміз. Дүниетанымдық дағдарыстың құрсауында, рухани сауатсыздықта тауқымет кешеміз. Мына қатал, ызғарлы дүниеде біз құдайға еш керегі жоқ қылықтарымыздан, салттарымыздан арылмасақ, сөйтіп, өз тірлігімізді өзіміз қолдан қиындата берсек, талай күрмеу алдымызға көлденеңдеп жатып алады.

Есеп күнінің, ақырет күнінің жалғыз Иесі, бәрін Естуші һәм бәрін Білуші Аллаһтың әміріне құлақ асайық.

Бұл тақырыпта Сіздің ауылда мүмкін, бір ғанибет іс болар, оқырман? Қане, үн қосыңыз.

Бекем БЕКҰЛЫ,

Чапаев ауылының тұрғыны