15.03.2021, 10:28
Қараулар: 110
Жолдағы қауіпке тосқауыл болған

Жолдағы қауіпке тосқауыл болған

Майқы бабамыз осыдан үш ғасыр бұрын «Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» айтып кеткен. Атақты бидің сөзін ешкім қатеге шығара қоймас. Соңғы кездегі жиілеген жол апатынан «мұнша адам көз жұмыпты» деген сөзге етіміз үйренгендей. Бейбіт күнде арыстай азаматымыздан, бейкүнә періште сәбилерімізден айырыла береміз бе? Мұндай апаттың алдын қалай аламыз? Міне, мәселе қайда жатыр.

Жақында  еліміздің шығысында ақпанның арқыраған, көз көрсетпес ақ түтек боранында жол полицейі екі шақырым жолды жүгіріп отырып, көліктер нөпірін тоқтатып, апаттың алдын алыпты деген ақпаратты құлақ естіді. Міне ерлік. Мұны неге дәріптемеске? Жол жүру мәдениетін осы бір іс арқылы жеткізсек, көпшілік ой түйіп, ойлануы керек-ақ.

Ютуб бейнехостингіндегі мына бір клип желіні біраз шулатты. Дәу қара «Lexus» тізгіндеген жігіт тоқтауға белгі берген жол полициясы қызметкерлерінен қашып бара жатыр. Биік жолдан түсіп қашпақ болған ол қалың қарға оңбай да батты. Осы роликті көрген 1 миллионнан астам көрерменнің пікірі қақ жарылды. Басым бөлігі полицейлердің қырағылығына ризашылық білдірсе, енді біреулері бар кінәны полицейлерге аударып, жол көлік оқиғасын өздері туғызды деп шулай жөнелген. Шындығы қайсы, анығын кім біледі?

Бұл істің тікелей куәгері, апаттың алдын алған азамат өз арамызда жүрген  Құрман Бисеғалиев ағамыз.

– Осы жылдың 21 ақпаны, — деп еске алады ол, – бұрқасынды өткір желімен денеңді тоңдырып, бет қаритын аязды, қыстың ұзақ күні болатын. Мен сол күні Орал қаласынан немерелеріме қонақтап қайтып келе жатқанмын. Үлкен Шаған ауылының тұсынан өтіп бара жатып, қарлы қырдың жолымен жүйіткіген қара Джипді қуған екі «МАИ» көлігін көзім шалды. Жақындай бергенде «қашқын» көліктің капотына жабысқан күйі ілініп келе жатқан полицейді байқап қалдым. Аяқ асты келген шешім ғой, көлігімді жылдамдатқан күйі ауылдан шыға берістегі көпірге келіп, жолын жаптым. Тапап өте шықса, нем қалады деген ой да жоқ емес. Дегенмен, алдымда келе жатқан нөпір көлікке белгі беріп тоқтай қалдым. Үлкен жүк көлігін жанынан жанай келгенде, полиция да жетіп келді. Осылай үш жақты қыспаққа алып, қоршағанымызда жүргізуші тікелей терең жардан ырғи өтіп, қалың қарға батып, іс бітті. «Қашқын» көлік құрықталады. Кабинаның ішінен шыққан еңгезердей екі жігіттің біріне кісенді көзімше салды. Екіншісі басын ұстап, міз бақпай, серейіп тұрған күйі тұрып қалды.

Елім деген, ерім деген осындай азаматтар болып, жүргізушілер жол мәдениетін сақтаса, апат азаяр ма еді? Ажал айтып келмейді десек те, соған ара- тұра себепші болатын өзіміз екенін ұмытпайық.

Әсия ШЫРАЙ